ОТБАСЫ – ҚОҒАМНЫҢ МАҢЫЗДЫ БІР БӨЛШЕГІ
Отбасы институтының қоғамның дамуындағы маңызы айрықша. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта көптеген теріс әдет пен жат қылықтар белең алып барады. Бұл, өз кезегінде, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мен насихаттаудың маңызы айрықша екенін аңғарта түсуде. Жалпы бұл бағыт мемлекет басшысының тікелей бақылауында десек, артық айтпаған болар едік. Бұған дейін ел Президенті «Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады. Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады. Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді. Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі» деп атап өткен болатын. Сәйкесінше, соңғы жылдары Шымкентте отбасы институтын сақтау мен дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Осы орайда, жуырда аталған тақырыпты арқау еткен ауқымды шара өткен еді. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының “Жастар ресурстық орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Ұлт тірегі – Отбасы» тақырыбы аясында Ө.Жәнібеков атындағы педагогикалық университеттің жастарымен кездесу өтті. Кездесуге Шымкент қаласының әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері қатысты. Отбасы қоғамның тірегі. Бүгінгі ұрпақ ол – еліміздің болашағы. Біздің алға қойған мақсатымыз – қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты, жарасымды тұлға тәрбиелеп өсіру. Өтіп жатқан іс-шараның мақсаты да жас буынға отбасы институтының қоғамдағы маңыздылығын түсіндіру, жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау. Соңғы жылдары елімізде отбасы тәрбиесі, құндылықтары мәселесіне мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлінуде. Бұл қызметте әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның алатын орны ерекше. Жиында Назарбаев университетінің профессоры, «InterPress Ih» халықаралық тілдер орталығының директоры, комиссия төрағасының орынбасары Ардақжан Жакенова, Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева, Әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Айғаным Мұхтарқызы сөз сөйлеп, қоғамдағы орын алып жатқан келеңсіздіктер мен зорлық-зомбылық жайлы, әйелдердің құқығы, әдеп-инабат өлшемдері жайлы айтты. «Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ, ұрпақтарына құтты қоныс, жайлы болашақ қамтамасыз етілмек» деген пікір айтқан спикерлер жастардың сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында қатысушылар отбасылық мәселелердің түрлі аспектілерін талқылап, жастарға қажетті кеңестер берді. Жастар өздерінің қызықтырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты жауаптар алды. Спикерлер отбасының қоғамдағы рөліне тоқталып, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Іс-шараның қорытындысында Жастар ресурстық орталығының басшы орынбасары Аружан Әлжан отбасы құндылықтарының нығаюы мен болашақ ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие берудің маңызын айта келе, мұндай кездесулердің тұрақты түрде өткізіп тұратындықтарын жеткізді.
Жалпы отбасы — тәрбиенің қайнар көзі. Отбасылық құндылықтарды дәріптеу — қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Осы орайда, биыл Қаратау ауданы әкімдігі ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып жүрген отбасыларды арнайы құттықтады. Оның ішінде, “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының 2023 жылғы аудандық кезеңі жеңімпаздары мен соңғы үш жыл көлемінде аталған байқауға белсенді қатысқан үлгілі 11 отбасы марапатталды. Олардың қатарында ұлттық спорт жанашыры Ахметбаевтар отбасы, ережесіз жекпе-жектен, самбодан әлем чемпионы Оспановтар отбасы, бокстан әлем чемпионы Жақыповтар отбасы, театр актерлары Кемелбековтер отбасы, паралимпиаданың бірнеше дүркін чемпионы Ешимовтар отбасы, ауған соғысы ардагері Қуатбековтер отбасы, әскери саладағы үздіктер Нарымбаевтар отбасы, көп балалы Оразовтар отбасы, үлгілі ұстаздар Есентаевтар отбасы мен белгілі қаламгерлер Орынбаевтар отбасы қала және аудан әкімі атынан арнайы марапатталды. Іс-шара барысында аудан әкімі мен қалалық мәслихат депутаты А.Молдабек барша отбасыларды құттықтап, өз алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ, аудан әкімі бұл іс-шара дәстүрге айналатынын жеткізді. Еске сала кетейік, Қаратау ауданының үлгілі отбасылары “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының қалалық деңгейінің 3 жыл қатарынан тұрақты жеңімпаздары атанып келеді. Айта кету керек, отбасы күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы лауреаттарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Жыл сайын өткізу игі дәстүрге айналған үлгілі отбасылар байқауы – елімізде жанұя құндылықтарының рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейтін ауқымды да маңызды оқиғалардың бірі. Конкурсқа 10 жыл ішінде Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева салтанатты шараның ашылу барысында байқау жеңімпаздарына Мемлекет басшысының құттықтауын оқыды. Онда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын! Бұл — төл құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатын маңызды жоба. Әр аймақтары өнегелі отбасылардың байқауға белсене қатысуынан елімізде береке-бірлігі жарасқан құтты шаңырақ иелері аз емес екеніне көз жеткіздік. Олардың арасында белгілі бір мамандықты ата касіпке айналдырған азаматтардың көп болуы — қуантарлық жайт. Осындай үлгілі әулеттер қоғамда ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал етеді. Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар. Отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, үнемшілдік, жанашырлық, әділдік сияқты «Адал азаматқа» тән қасиеттер, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Әділетті Қазақстанды осындай жандар құрады. Мемлекет отбасы институтын дамытуға, ана мен баланы қорғау мәселесіне әрдайым айрықша назар аударады. Осы бағытта ауқымды істер атқарылып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әр шаңырақтың ырысы артып, мерейі таси берсін! Баршаңызга зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!» делінген.