ҚР ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚҰРАМАСЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ЖОЛДАМА АЛДЫ

41
0

Шымкент қаласының Ұлттық теннис орталығында жастар арасындағы әлем чемпионатына іріктеу бойынша Дэвис кубогы кезеңінің финалдық ойындары өтті. Junior Davis Cup және Juniors Billie Jean King Cup Азия/Океания аймағының жасөспірім қыздар арасында іріктеу сайысының жеңімпаздары анықталды.

Теннистен Қазақстан қыздар құрамасы 16 жасқа дейінгілер арасында алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Шымкент қаласында Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша өтіп жатқан іріктеу турнирінің жартылай финалында Ярослава Шведованың шәкірттері әлемдегі үздік құрамалардың бірі, жасөспірімдер арасында Билли Джин Кинг кубогінің бес дүркін чемпионы Аустралияны 2:0 есебімен тізе бүктірді. Бірінші ойында Ариана Гогулина қарсыласын тартысты матчта 7:5, 3:6, 7:5 есебімен ұтты. Ол бірінші партияда 2:5 есебімен жеңіліп жатып, қатарынан бес геймді алды. Полина Слепцова Аустралия көшбасшысы Тахлия Коккинисті жеңді — 7:5, 6:4.ҚР Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттап, барша ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Қыздар бәсекесінде Жапония құрамасы топ жарса, ҚР жасөспірімдер командасы екінші орынға иелік етті. Аустралия командасы үздік үшінші орынды жеңіп алды. Осылайша аталған үш команда әлем чемпионатына жолдама алды.Теннистен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына іріктеу елімізде алғаш рет өтіп жатыр. Енді 8 мамыр күні жасөспірім ұлдар бәсекесі басталады. Отандастарымызға сәттілік тілейміз! Естеріңізге сала кетейік, былтыр  Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия/Тынық мұхит аймағы іріктеу турнирінде қазақстандықтар үшінші орынға ие болған еді.  Ол кезде  Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үшінші орын үшін бәсекеде Таиландпен сынға түскен болатын.