ШАҺАР БАСШЫСЫ БІРҚАТАР НЫСАНДАРДАҒЫ ЖҰМЫС БАРЫСЫН БАҚЫЛАДЫ
Еліміздің логистикалық әлеуеті айрықша жоғары. Өйткені Қазақстан батыс пен шығыстың, оңтүстік пен солтүстіктің түйіскен тұсында жатыр. Сондықтан да аталған саланы дамытуға бағытталған шаралар елімізде қарқынды түрде жүзеге асып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та логистиканы дамытудың айрықша маңызы барын айтып келе жатыр. Мәселен, биылдың қыркүйегінде жариялаған «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн» деп атап өтті.
Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Әсіресе, соңғы жылдар ішінде қаладағы жол инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді шаралар жүзеге асты. Ал атқарылған жұмыстардың сапасы мен жай-жапсарын шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков арнайы бақылап, тиісті тапсырмаларды беріп келеді. Осы орайда, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында қаладағы бірқатар нысандарда болып, жұмыс барысын бақылады. Ең алдымен, “Шымкент Сити” шағынауданындағы жол құрылысын, А-2 автомобиль жолын қайта құру және Изенді көшесіндегі күрделі жөндеу жұмысын, сондай-ақ Жандосов көшесінің Сасбуқаев пен Адырбеков көшесі аралығында атқарылып жатқан жұмыстарын тексерді. Әңгіме барысында мердігер мекеме өкілдеріне жөндеу жұмыстарын қатаң құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Барлық бағыттағы жұмысты жеделдетуді және жөндеу жұмыстары жол қозғалысына кедергі келтірмеуі үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Автомобиль кептелісін азайту мақсатында, транспорт және автомобиль жолдары басқармасының басшысына Изенді көшесін Төлеметов көшесіне дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыруды жүктеді. Сонымен қатар, жол құрылысы саласын цифрландыру барысымен танысып, жылжымалы жол зертханасының жұмысын көрді. Қазіргі таңда қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қалада автомобиль жолдарын кешенді тексеру, техникалық есепке алу, температура мен ылғалдылық мониторингін жүргізу арқылы жолды басқару жүйесін жетілдіру және сапасын арттыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жаңа зерттеу түрі жол мен нысандардың техникалық жай-күйін талдауға, олардың паспорттауын жүргізуге және электронды жол базасына енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, “Жаңаталап” шағынауданындағы жаңа көпір құрылысы мен Бадам өзенінің жағасын бекіту жұмыстарының да барысын пысықтады. Әрі қарай Абай атындағы саябақ, “Аналар аллеясы”, Рысқұлбеков, Мәделі қожа, Жандосов, Шаяхметов, Ерімбетов және Жәнібеков көшелеріндегі жаяу жүргінші жолының, көше жарығының жай-күйін және тазалығын тексерді. Сондай-ақ, Жібек жолы мен Жандосов көшелерінің қиылысындағы және 17-шағынаудандағы скверлер құрылысын бақылады. Жаяу аралау қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Жауаптыларға қоқысты жинау мен шығару бойынша бақылауды күшейту және шымкенттік арнаның уақытылы сумен толтырылуын қамтамасыз ету міндеттері жүктелді.
Айта кету керек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтің төрағалығымен өткен мәжілісте жол қауіпсіздігі мәселесі қаралды. Құқық қорғау органы өкілдерімен қатар, тиісті басқарма басшыларының қатысуымен өткен жиында қала аумағында көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасау, жол-көлік оқиғаларын алдын алу шаралары пысықталып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтуда маңызды шешімдер қабылданды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі хабарлады. Өкінішке қарай, былтыр қалада жалпы 650 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2022 жылмен салыстырғанда көрсеткіштің өскені байқалған. Бұл жағдай жол қауіпсіздігі қамту шараларын күшейтуді қажет етуде. Халықтың қауіпсіздігін қамту үшін көлік қозғалысын оңтайландыру арқылы апатты жағдайларға тосқауыл қою мәселесі – бүгінде қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің жеке бақылауында. Әкім тапырмасына сәйкес, кешенді жоспар аясында өзекті мәселелер жойылып, нәтижелі жұмыстар атқарылады. «Бізге қалада жол-көлік оқиғасына қатысты статистиканы түбегейлі төмендету мақсатында жұмыла жұмыс жүргізу міндеті жүктеліп отыр. Себебі әрбір цифрда адамның денсаулығы, өмірі тұр. Сондықтан, халқымыздың қауіпсіздігін қамту үшін тиімділігін көрсеткен әлемдік тәжірибелерді енгізу мәселесін қарастырайық. Бұл ретте, ең алдымен, бөлінген қомақты қаражатты тиімді жұмсау, мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану маңызды. Нәтиже шығару біздің жүйелі жұмысымызға тікелей байланысты, әріптестер. Ай сайын осы бағытта атқарылған нақты шараларды пысықтап, бекітілген жоспар аясында жұмыс істейміз» – деді қала әкімінің орынбасары. Биыл қала аумағына 3 мың бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда. Айдын Мейрамбекұлы сала басшыларына камераларды ұтымды орнатуда, көшелерді жарықтандыруда, жол белгілерін талапқа сай қоюда нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ ақпараттандыру шараларын күшейту қажеттігін ескертіп, құзырлы органмен бірлесе қауіпті учаскелерде жұмысты жандандыру үшін нақты ұсыныстар негізінде жоспар әзірлеуді тапсырды.