АБАЙ АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

16
0

Шымкент қаласының әкімдігі үшінші мегаполиске қарасты аудандардың жан-жақты дамуына барынша көңіл бөліп келе жатыр. Бүгінде шағынаудандар мен елді мекендерде инженерлік инфрақұрылымды жетілдіруге, жол сапасын арттыруға, әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізуге барынша көңіл бөлінуде. Атқарылып жатқан жұмыстар да аудандар мен қалалық әкімдіктің басты бақылауында десек, артық айтпаған болар едік. Бұл ғана емес, қазіргі уақытта жүзеге асқан жұмыстар жайы бұқараға таныстырылып келе жатыр. Мәселен, жуырда қалаға қарасты Абай ауданының әкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін жинап, маңызды кездесу өткізген болатын. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты кеңірек тарқатпақпыз…

Ашып айтсақ, Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Абай ауданының әкімі Сұлтанхан Шәкір Асылханұлы аудандағы инфрақұрылымдық даму туралы баяндады. Әкімнің мәліметінше, қазіргі таңда аудан аумағындағы 27 елді мекенде 257,7 мың халық тұрады, олар 55 159 жеке үй және 220 көпқабатты тұрғын үйлерді қамтиды. Сонымен қатар, ауданда 1274 көше мен 230 әлеуметтік нысан бар. Ауыз су және электр қуатымен қамтамасыз ету деңгейі толықтай 100 пайызға жеткен. Аудандағы 23 елді мекен табиғи газбен қамтылған, бұл 85,2 пайызды құрайды. Тағы 4 елді мекенде газ жүйесінің құрылысы жүргізілуде, олардың ішінде Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайы, Ынтымақ-2 шағын ауданы, және Тәуелсіздікке-20 жыл тұрғын алабы бар. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. 27 елді мекеннің 7-еуі ғана кәріз жүйесімен қамтылған. 2023 жылдан бері 5 ірі жобада кәріз жүйесінің құрылысы жүріп жатыр, оның ішінде Достық және Бозарық шағын аудандарында жұмыстар аяқталды. Құрылыс қарқыны жалғасуда: 2024 жылдың соңына дейін Тұран-А-2 тас жолы коллекторының құрылысы аяқталып, 2025 жылға қарай Шымсити-Төлеметов коллекторының құрылысы жалғасады. 2025-2026 жылдары тағы 8 елді мекенде кәріз жүйесінің құрылысын бастау жоспарланған. Нәтижесінде 2026 жылға қарай ауданның кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 55,5 пайызға дейін ұлғаймақ. Бұл көрсеткіштер ауданның инфрақұрылымдық дамуын айқын көрсетеді және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. 2024 жылы Абай ауданында инфрақұрылымдық жобалар аясында жолдарды асфальттау, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Ауданда 1274 көше бар, олардың жалпы ұзындығы 1080,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде асфальт жолдар – 573 шақырым немесе 48,5 пайыз, тас жолдар – 450,2 шақырым немесе 25,7 пайыз, топырақ жолдар – 57 шақырым немесе 2,8 пайыз. Абай ауданының 2024 жылы абаттандыруына ерекше көңіл бөлінді. Ауданның әкімдік аппаратына жалпы 3,88 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы мерекелік іс-шаралар, елді мекендерді абаттандыру, балалар және спорт алаңдарын салу, көшелерді жарықтандыру сияқты түрлі жобаларға бағытталған.  Халық қатысатын бюджет жобасы аясында 22 жоба жүзеге асырылды, оның ішінде 18 балалар алаңы және 2 спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. Бұл жобаларға 491,2 миллион теңге қарастырылды. Абай ауданының инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы бұл жұмыстар аудан халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.

Абай ауданының аумағында тазалық жұмыстарын жүргізу және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында ауқымды жобалар қолға алынды. Бұл шаралар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. «Таза Өлке», «Киелі Мекен», «Өнегелі Ұрпақ», «Жасыл Аймақ» және «Мөлдір Бұлақ» акциялары аясында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Тазаланған аймақтар: Асар, Шымсити, А.Асқаров атындағы Дендросаябақ, Қызылжар, Игілік, Көкбұлақ, Алтынтөбе, Бәйдібек би даңғылы, А-2 тас жолы, Қошқар ата өзені және жалғызілікті қариялардың үй аулалары. Тазалық жұмыстарының қатарында аудан тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету де назардан тыс қалмады. Аз қамтылған отбасылар, мүгедек күтушілері, қолайсыз отбасылар, тыл ардагерлері және пробация есебінде тұрған азаматтарға демеушілер есебінен 659-дан астам отбасыға азық-түлік түрінде көмек көрсетілді. Абай ауданында атқарылған осы шаралар тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Тазалық пен әлеуметтік көмектің осы ауқымды жобалары аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеруге мүмкіндік беруде. Айта кету керек, бүгінде аудандағы 34 елді мекеннің 31-і немесе 96 пайызы мемлекеттік электр жарығымен қамтылып отыр. Ал қалған 3 елді мекен немесе 4 пайызы жекеменшік трансформаторларды пайдаланады. 2021 жылға дейін ауданындағы 71 көше жарықтандырылған болатын. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аудандағы 111 көшеге жарықшам орнатылды. 2023-2025 жылдары  жарықтандырлған көше саны 259-ға жетеді. Айта кетейік, 2022 жылы 56 шақырым жол пайдалануға берледі. Жалпы 39 жобаға құны 2,4 млрд теңге қаралған. Басты ерекшелігі, ағымдағы жылы қала орталығындағы емес, шалғайда жатқан шағынаудандар мен елді мекендердің ішкі орамдық көшелерін жөндеуге баса мән беріліп отыр. Жұмыстар басталып та кеткен. Ал құрылысы біткен нысандардың сапасын қала әкімінің өзі барып бақылап, тексеріп, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр. Жалпы үшінші мегаполистің даму қарқыны соңғы жылдары артып келеді. Бүгінде қалада кәсіпкерлік салада ірі бастамалар қолға алынуда. Бірнеше индустриалды аймақтардың құрылысы жүріп жатыр. Білім саласындағы күрделі мәселелер шешімін табуда. Медициналық орталықтардың да мүмкіндігі артып, материалдық-техникалық база нығая түсуде. Аталған бағыттардағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек.