ШЫМКЕНТТЕ АУҚЫМДЫ МӘДЕНИ ШАРА ӨТТІ

30
0

Мәдениет пен өнер – елдің руханиятына айрықша әсер ететін сала. Сондықтан бұл салалардың дамуына елімізде айрықша көңіл бөлініп отыр. Атап айтар болсақ, мәдениет саласының мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қажетті материалдық-техникалық база да заман талабына сай жаңғырып отыр. Осының арқасында отандық мәдениет пен өнер әлемдік деңгейде таныла түсуде десек, артық айтпаған болар едік. Қала берді, біз сөз етіп отырған салалардың дамуы турасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әр сөзіне тұздық етіп, айтып келеді. Мәселен, бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деген. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады» деп атап өткен болатын. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Осы орайда, бүгінгі материалымызда жоғарыда сөз еткен тақырып турасында кеңірек тарқатуды жөн санап отырмыз.

ЮНЕСКО-ның Халықаралық музыка кеңесінің шешімімен жыл сайын қазанның 1-ші жұлдызында Халықаралық музыка күні атап өтіледі. Осыған орай, алғаш рет Шымкент қаласына  «Астана Опера» труппасы келді. Елімізге танымал өнер жұлдыздары да қатысқан концерт Шымкент қалалық опера және балет театрында өтті. Концерттің ашылуына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Ілиясова қатысты. «Астана Опера» опера труппасының директоры Мейір Байнеш «Қалаларды біріктірген музыка» атты жоба аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл музыкалық шарада елордалық труппа қазақстандық композиторлардың туындыларымен қатар, әлемдік опера жауһарларына толы жарқын бағдарламаны көрерменге ұсынды. «Бұл гастроль Қазақстан бойынша турлар географиясын кеңейтіп, қаладан қалаға ауысқан классикалық өнердің өзіндік бір сипатына ие болмақ. Театр сахнасының шағын болуына байланысты, біз кейбір қойылымдарды ұсына алмадық. Сол үшін, оркестр құрамынан 35 адам, хор орындаушыларынан 38 адам және солистерді әкелдік» деді өз сөзінде Мейір Байнеш. Сондай-ақ, ол кеште қазақстандық композиторлардың туындыларын орындауға ерекше басымдық берілгенін де атап өтті.  Соның бірі және бірегейі Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің термесі» мен М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан «Айтыс» сахнасы сынды ұмытылмас сәттер, тыңдармандарға зор әсер қалдырды. Ал Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнінің орындалуы әртістерге де, көрерменге де отансүйгіштік сезімін шыңға шығарды. Барлық  шабытқа толы өнер туындылары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрінің және хорының сүйемелдеуімен болды. Бұл жөнінде «Астана Опера» опера труппасының директоры Мейір Байнеш «Шығармалардың барлығы ұлттық музыкалық мәдениетті көрсетті. Қазақ тарихына терең үңілетін оңтүстік жұртшылығының әсте көңілінен шықты деген ойдамыз. Оларды орындау  түп тамырымызға оралу дегенді білдіреді» деді. Айта кету керек, бұған дейін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәдениет саласы өкілдерімен кездесті. Олардың арасында саланың үздіктері мен ардагерлері, ақын-жазушылар, суретшілер, қолөнер шеберлері, кітапхана, театр, музей, мәдениет орталықтарының басшылары бар. Жиында саладағы маңызды мәселелер талқыланып, мегаполистің мәдени өмірін жақсартуға бағытталған ұсыныс-пікірлер талқыланды. Зиялы қауым және мәдениет өкілдері қала әкіміне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, саланы дамытуда маңызды бастамаларын жеткізді. “Қай кезде де мәдениет – халықтың рухани келбеті, ұлт айнасы. Ұлт руханиятының бір бөлшегі саналатын мәдениет саласының жұмысын жандандыру, туындаған мәселелердің дер кезінде шешімін табу — ортақ міндет. Осы орайда, өздеріңізбен арнайы кездесуді жөн санадым. Алдағы уақытта қала мәдениеті мен өркениетін дамыту бағытындағы жұмыстарды бірге жалғастырамыз” – деді қала әкімі. Мәдениет саласының өкілдері жатақхана, ғимарат, қала мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге озық ойлы жас мамандарды жұмылдыру сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Сондай-ақ қалада “Наурыз айтысын” қайта жандандыру бастамасы айтылды. Қала басшысы жиында көтерілген барлық мәселенің оңтайлы шешілетінін жеткізіп, мегаполис мәдениетін көтеруге атсалысуға шақырды.