ШЫМКЕНТТЕ АУҚЫМДЫ ШАРА ӨТТІ

26
0

Елдің дамуына әрбір азамат жауапты. Еліміздің әр тұрғыны өз ісіне асқан жауапкершілікпен жандасса, ісі тыңғылықты тындырса, демек патриот ретінде өзін дәлелдей алды деген сөз. Жалпы патриотизм деген ұғымның астарында ауқымды ойлар жатыр. Бұл туралы Президент Қасым­Жомарт Тоқаев «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек» деген еді. Дегенмен қазіргі уақытта жаһандану сынды жойқын күш әлем елдерінің мәдениетіне, ұлттық болмысына айрықша әсер етіп келеді. Бұл өз кезегінде патриотизмнің қаншалықты маңызды екенін айшықтай түсуде. Оны насихаттау ісінің маңызды екенін ұғындыруда. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып келе жатқан жұмыстардың қатары қалың. Бүгінде қалалық әкімдік тарапынан ұлттық болмысты паш етіп, патриот жастарды тәрбиелеуге ықпал ететін тың бастамалар көтерілуде. Бүгінгі материалымызда осындай маңызды да өзекті шаралардың бірі турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз…

Республика күні қарсаңында еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласында мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге арналған «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы ұйымдастырылды. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, жастар және қала тұрғындары қатысып, мемлекеттік рәміздер ұлықталды.  Форумның ашылуында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек рәміздерге деген құрмет егемендіктің белгісі екенін атап өтті. Ол өз сөзінде: «Қасиетті Отанға, туған жерге деген құрмет пен сүйіспеншілік оның рәміздеріне деген құрметтен басталады. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін қасиетті нышандар. Оларды қадірлеу – біздің азаматтық борышымыз»,  – деді. Шараны Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасы мен «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Мемлекеттік Әнұранмен басталған форумда мемлекеттік рәміздерге арналған көрме өткізілді. Қала әкімінің орынбасары мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын атап өтіп, олардың ел тарихының, мәдениетінің және руханиятының көрінісі екенін жеткізді. Қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Алтеев те сөз сөйлеп, жастарға мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиеті туралы ой қозғады. Ол: «Еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігінің символы – Республика күні баршамыз үшін маңызды. Әрбір қазақстандық Отанымыздың өркендеуі үшін өз үлесін қосуы керек. Бұл мерекеде жастардың патриоттық сезімдерінің артқаны көрініп тұр», – деп, патриоттық тәрбиенің маңызды екенін айтты. Форум барысында мемлекеттік рәміздерге арналған шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. «Үздік іс-шара» номинациясы бойынша бас жүлдені — Төлеген Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы жеңіп алды. Мектеп оқушылары әлеуметтік желіде көп қаралым жинаған бейнеролик дайындап, жобаға зор үлес қосты. Форумның соңында Шымкент опера және балет театры мен «Шымкент концерт» ұйымының өнерпаздары мерекелік концерт қойып, форумды ерекше көңіл-күймен аяқтады. Республика күніне арналған бұл шара жастардың патриоттық сезімдерін нығайтып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат етті. Айта кетейік, жалпы, патриотизм – Отанға, туған жерге, өзінің мəдени ортасына деген сүйіспеншілік. Адамның бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің əдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриоттық құндылықтар тал бесіктен бойымызға сіңе бастайды. Патриотизмнің бастау негіздері – сенім, үміт, адалдық. Бала болашағына, еліне сеніп өсуі маңызды. Бүгінгі жастар арасындағы патриотизмнің деңгейін білу үшін олардың қай тілде сөйлеп жүргеніне қарау жеткілікті. Бала 10 тіл білсе де бір ғана ана тілін жетік білудің орнын толтыра алмайды. Патриоттықтың іргетасы тілмен қалыптасады. Тіл арқылы діл, дәстүр, мәдениетке деген сүйіспеншілік оянып, оның негізінде патриоттық сезім оянады. Сонымен қатар жастардың патриоттық сезімі елдің ұлттық идеологиясына тікелей байланысты.