ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
2 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жариялады. Еліміздің алдағы даму бағдары айқындалған маңызды құжатта өзекті мәселелер мен нақты тапсырмалар айтылған. Жалпы кемел келешекті қалыптастыру бағытында қолға алынатын шаралардың қатары қалың. Міне, дәл осы бағыттарды таныстыру барысында ел Президенті сыбайлас жемқорлық мәселесін де сөз етті. Тарқатар болсақ, мемлекет басшысы бұл туралы Жолдауында «Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электронды форматқа көшірген абзал» деп атап өтті. Бұл өз кезегінде салаларды цифрландыруға тікелей қатысты екенін ұмытпауымыз керек. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде ел Президенті ұсынған бастамалар мен жүктеген тапсырмалар жайын халыққа түсіндіру мақсатында кездесулер мен жиындар өткізіліп келеді. Күні бүгін дәл осы тақырыпты арқау еткен жиналыс Түркістан қаласында да ұйымдастырылды. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…
Сегізінші шақырылымдағы Түркістан қалалық мәслихатында «AMANAT» партиясының фракция мүшелерінің отырысының жиыны болып өтті. Отырысты «AMANAT» партиясының Түркістан қалалық филиалының төрағасы Ғаппар Амантайұлы ашып, жүргізіп отырды. Аталған мәжіліске Түркістан қалалық мәслихатының депутаттары қатысты. Басқосудың күн тәртібінде «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалында VIII-шақырылымдағы Түркістан қалалық мәслихатындағы партияның депутаттық фракциясы мүшелерінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауынан туындайтын міндеттерді белгілеп, оларды жұртшылықпен бірлесе іске асырудың жолдарын айқындау мәселесін талқылады. «Кеше, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Президент «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» тақырыбындағы Жолдауында Парламенттің екінші сессиясында қоғамдық бақылау, адам саудасына қарсы күрес, ғылым және технология саясаты, жылу энергетикасы, салаларды цифрландыру арқылы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу және басқа да мәселелерді реттейтін жалпы 102 заң қабылданғанын айтты. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынғанын айтып, бұл бағытта жүзеге асатын жобалар барысына тоқтала кетті» деді халық қалаулысы. Бұдан кейін сөз алған мәслихат депутаттары маңызды құжат жүктеп отырған тапсырмалар мен міндеттер турасындағы ойларын ортаға салып, пікірлерін айтты. Айта кету керек, жуырда «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында VIIІ – шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатындағы партияның депутаттық фракциясы мүшелерінің кезекті жұмыс жиыны өтті. Мәжілістің күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді белгілеп, оларды жұртшылықпен бірлесе іске асырудың жолдарын айқындау мәселесі қаралды. Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі, партияның өңірлік филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің төрағалығымен өткен жиынға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Әбішов, партиялық фракция депутаттары, партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты. Жиынның жұмысын бастаған Алтынсары Дүйсенбекұлы, Мемлекет басшысының Жолдауы алға деген қарқынды ұмтылыс екенін айтты. «Президент лауазымына кіріскен күннен бастап, Мемлекет Басшысы ауқымды стратегиялық реформаларды қолға алған болатын. Кешегі Жолдау – сол реформалардың заңды жалғасы. Осылайша, Мемлекет басшысының экономика, саясат пен идеология саласын қатар реформалауға бағытталған стратегиялық бағдары үздіксіз іске асуда», — деп атап өтті. Президент Жолдауында қамтылған 9 негізгі бағыт жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының аға оқытушысы, тренер Нұрбай Досанов баяндама жасады. Мемлекет басшысы халыққа арнаған басты саяси құжатта ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті арттыру, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру және қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру мәселелері стратегиялық басымдыққа ие міндеттер болып айқындалғанын атап өтті. Мәжілісте қаралған тақырып шеңберінде жарыссөзге шығып, пікір білдірген Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, партияның облыстық филиалы жанындағы отбасы және әлеуметтік қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Ғалымжан Елшібай Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы сайлау жүйесіне қатысты өзекті мәселелерді сөз етті. «Былтыр Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет аудан, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланды. Тәжірибе ретінде. Президент халыққа арнаған Жолдауында осынау тәжірибе ретінде өткен сайлауларды жан-жақты зерделей келе түбегейлі шешім қабылдағанын айтты. Яғни, келесі жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келетін болды»,- деп атап өтті Ғалымжан Қамытбекұлы. 2021 жылдан бері ауыл әкімдерінің 90 пайызы сайланған, оның 60 пайызы бұрын соңды мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар екен. Бұл жүйе елімізде өткен жылдан бері тәжірибе ретінде енгізіліп, 45 аудан қала әкімдері сайланған. Фракция отырысында сөз алған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева Адал азамат ұғымы Жолдаулардың қазығы екенін көрсетіп тұрғанын атап өтті. Биылғы Жолдаудағы айқындалған 9 бағыт бірінен-бірі өткен маңызды екеніне тоқталып, еңбек адамын құрмет тұту, бағасын беру қарапайым еңбек адамын қанаттандыратынын сөз етті. Мемлекет басшысының Жолдауындағы АЭС салу бойынша жалпыхалықтық референдумның өтуіне байланысты пікірін білдіріп, болашақ үшін маңызды шешім қабылдауда әрқайсымыз жауапкершілікті жете сезінуіміз керектігін айтты. «Шынында да біз неден қорқамыз?. Атом электр станциясы бізге энергия импортына тәуелділікті жояды,кәсіпорындар үздіксіз жұмыс істейді, жаңа өндірісте жаңа жұмыс орындары ашылады, тариф төмендеп, өнімнің өзіндік құны төмендейді, бәсекеге қабілеттілік жоғарылайды, ең тиімдісі халықтың табысы артады. Көздеген мақсат та осы емес пе?!»,-деп нақтысын айтты, Қалыйма Жантөреқызы. Облыстық мәслихаттың депутаты Нұржан Әшіров биылғы Жолдау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейінгі жылдардағы барлық жүйелі мәлімдемелері сияқты ауқымы кең, әрі көп салалы болғанын атап өтті. Жолдауда айқындалған 100-ге жуық нақты тапсырмалардың барлығын жемісті іске асыруға қызмет ету баршамыз атқаруымыз керек абыройлы міндетіміз деп мәлімдеді. Жиынды қорытындылаған Алтынсары Дүйсенбекұлы Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыруда партияның өңірлік филиалының, депутаттық корпустың, бірлесе атқарылуы керек мәселелері бойынша нақтылы тапсырмаларды айтты. Соның ішінде, Президенттік реформаларға халықты жұмылдыру, азаматтардың әртүрлі әлеуметтік санаттары мен мақсатты жұмыстар жүргізу алдағы жалпыхалықтық референдумда бірлескен іс –қимылдар жүргізу сынды мәселелер бойынша атқарылуы керек жұмыстар белгіленді.