ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖЕТІЛДІРУ БОЙЫНША ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСЫ ОРЫНДАЛДЫ

42
0

Шымкент қаласының тұрғындарымен ашық диалог орнатып, нақты ұсыныстар мен өтініштерді назарға алу – қалалық әкімдіктің басты ұстанымдарының бірі. Соның жарқын дәлелі ретінде Қаратау ауданына қарасты Тұран шағынауданының инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстарды атап өтуге болады. Бұл шаралар қала әкімі мен тұрғындар арасындағы кездесулер барысында айтылған ұсыныстар негізінде жүзеге асырылуда.

Қала әкімдігі тарапынан Тұран шағынауданында жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында нақты жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, тұрғындардың жиі көтеретін мәселелерінің бірі – жаяу жүргіншілер өткелдерінің болмауы немесе ескіруі еді. Осыған байланысты шағынауданда жаңа жаяу жүргіншілер өткелдері сызылып, тиісті жол белгілері орнатылды. Бұл шаралар тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға да сеп болмақ. Инфрақұрылымды жетілдіру бағытында тағы бір маңызды қадам – қоғамдық көлік аялдамаларын ретке келтіру болды. Тұран шағынауданындағы тұрғындардың күнделікті қоғамдық көлікпен қатынауы үшін ыңғайлы жағдай жасау мақсатында қала әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгеріміне берілген 8 көшенің бойындағы аялдамалар қалпына келтіріліп, жаңартылды. Ескі әрі тозған аялдамаларға заманауи павильондар орнатылып, қала келбетіне көрік қосты.

Шымкент қаласының әкімдігі тұрғындардың ұсыныстары мен талап-тілектерін ескеріп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруда. Бұл бастама жергілікті деңгейде де өз жемісін беруде. Қала тұрғындарының талаптары әкімдік жұмысының негізгі бағытына айналып, әрбір түскен ұсыныс пен өтініш жіті зерделеніп, жүйелі түрде шешімін табуда. Қала әкімдігі қаланың барлық аумағында қауіпсіз, ыңғайлы және заманауи қалалық орта қалыптастыруды басты мақсат ретінде белгілеп отыр. Бұл бағытта тек жол қозғалысы қауіпсіздігі емес, сонымен бірге жарықтандыру, абаттандыру, көгалдандыру, әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер де біртіндеп шешілуде. Тұран шағынауданында қолға алынған бұл нақты шаралар – тұрғындар мен билік арасындағы сенімді байланыстың көрінісі. Қала басшылығы халықпен тікелей байланыс орнату арқылы әлеуметтік мәселелерді дер кезінде анықтап, шешу жолдарын бірлесе қарастыруда. Мұндай тәжірибе Шымкенттің әрбір ауданында жүйелі түрде жалғасады деп сенеміз. Ең бастысы – қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруі әрдайым басты назарда.