ТЫҢ БАСТАМА ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫҢ АРТУЫНА СЕПТІГІН ТИГІЗУДЕ

8
0

Сыбайлас жемқорлықты түпкілікті жою үшін халықтың құқықтық сауатын арттыру керек. Сонымен қатар қаржылық сауат негіздерін де үйретудің маңызы айрықша. Өйткені соңғы уақыттарда мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, мемлекеттік грант алу, жеңілдетілген пайызбен берілетін несиелерге қол жеткізу үшін пара сұрайтын деректер кездесіп жатыр. Өз кезегінде, мұның алдын алудың маңызы айрықша. Оның бірден бір жолы – мемлекеттік гранттар алу мен қаржыны басқару негіздерін бұқараға кеңінен үйрету. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы іске асып келеді. Бұл бастама әлеуметтің қаржылық сауатын арттыруға ықпал етеді. Сәйкесінше, мемлекеттік қызметтерді парасыз, заң жүзінде алу жолдарын түсінген, ұққан азаматтар пара беріп, сыбайлас жемқорлыққа барудан тартынады. Жуырда дәл осындай маңызды шара Түркістан қаласында өткен болатын. Бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында кеңірек тарқатпақпыз…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырудың маңыздылығына тоқталып, «АMANAT» партиясына үкіметпен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасын кеңейтуді тапсырғаны белгілі. Өткен жылдан бері қаржылық сауаттылықты арттыру сабақтары барлық өңірде өтіп жатыр. «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасы қаржы сарапшыларының қатысуымен Түркістан қаласында да іске асырылуда. Қала тұрғындарына дәріс оқып жүрген сарапшы Жандос Әзімбай өз отбасының бюджетін оңтайландыру бойынша бірқатар тақырыптарға тоқталды. «Тиімді несие алу мен депозиттер ашуды үйрену», «Банкроттыққа тапсырудың критерилері» және «Қайтарымсыз мемлекеттік грант», «жеңілдетілген несие бағдарламасы туралы» сынды қала тұрғындары үшін маңызды, қажетті тақырыптар бойынша мағлұмат берді. Сондай-ақ, сабақ барысында қала тұрғындарына алаяқтарға алданбау және  қаржы пирамидаларының құрсауына түспеу жолдарын  кеңінен түсіндіріп, ақпараттар берді. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көру мен шағын несиелерді алу, бизнес жоспар құру тетіктері үйретілді. Жобаға қатысушы қала тұрғыны Әзімбай Егембердінің айтуынша, дәрістерде көптеген тың ақпараттар берілген. «Бұған дейін қайтарымсыз несие алып, кәсіп бастағым келген. Міне, сонда таныстарым пара беру арқылы ғана алуға болатынын айтты. Әрине, жолын білмегендер пара беруге тырысады. Бірақ мен одан бас тартып, осы жобаға жазылдым. Қазір барлығын тегін үйрендім. Енді кәсіп ашсам деп мақсат қойып отырмын» дейді. Қарап отырсақ, жоба қаржылық сауатты арттыру арқылы құқықтық сауаттың да жоғарылауына себеп болып отыр.  Айта кетейік, елімізде, оның ішінде Түркістан қаласында біз сөз еткен сыбайлас жемқорлық түйткілдерін болдырмау мен оның алдын алу бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық қозғалысқа барлық мүдделі топтар — оқушылар, студенттер, оқытушылар, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, инвесторлар, тәуелсіз сарапшылар, еріктілер және басқалар тартылған. Бакалавриаттың барлық мамандықтары бойынша білім беру бағдарламалары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» элективті пәнімен толықтырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары стандарттары бар қазақстандық бірқатар жоғары оқу орындары Академиялық адалдық лигасына бірікті. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілді. Енді сыйақылар бұрынғыдай белгіленген мөлшерде емес, параның немесе келтірілген залалдың мөлшеріне қарай төленеді. Ең жоғары төлем төрт мың айлық есептік көрсеткішті құрауы мүмкін. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданды. «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қорының «2020 жылы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі» атты зерттеуінің деректері бойынша қазақстандықтардың 60 пайызы сыбайлас жемқорлықпен күресте көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Бұл ғана емес, жаңа технологияларды қолдану мемлекеттік органдардың клиентке бағдарлануының басым міндетін көрсете отырып, азаматтарға электрондық және мобильдік форматтарда қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан «электрондық үкіметтің» даму деңгейі бойынша рейтингте БҰҰ-ға мүше 193 елдің арасында 29-орынды, ТМД елдері арасында 1-орынды, Азия елдері арасында 6-орынды иеленді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі кешенді және дәйекті жұмыстың нәтижесінде Қазақстанның позициясы жақсарды. Трансформациялық процестер көптеген әлеуметтік-сезімтал салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға ықпал етті. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру әкімшілік кедергілерді және сыбайлас жемқорлықтың басқа да алғышарттарын азайтуға мүмкіндік берді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары, регламенттері мен қағидалары бірыңғай құжатқа жинақталды. Халыққа және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілуде, проактивті қызметтер дамытылуда. 2020 жылы электрондық көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесі – 90 пайыз, көрсетілетін қызметті алушылардың олардың сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі 75,1 пайыз болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді құру заңнамалық тұрғыдан бекітілді. «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Заң қабылданды, ол «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қорының, өзге де ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, олардың еншілес ұйымдарының сатып алуын біріздендірді. Камералдық бақылаумен сатып алудың электрондық тетігі, жосықсыз қатысушылар тізілімі енгізілді, конкурстан тыс рәсімдер үшін талаптар жоғарылатылды. 2021 жылдан бастап есеп беруді күшейту мақсатында квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құрылуда. Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық кұқықбұзушылықтардың әлеуетті субъектілерінің ауқымы кеңейтілді. Оларға сатып алуды ұйымдастыру және өткізу жөнінде шешімдер қабылдауға уәкілетті не мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты адамдар жатқызылды. Бизнес-қоғамдастық Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі хартиясын қабылдады, ол отандық бизнесті озық халықаралық тәжірибеге негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қосымша тетіктерін енгізуге шақырады. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдар үшін мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуға өмір бойына тыйым салу қолданылады.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, судьяларға, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін санкциялар қатаңдатылды. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін сотталғандарға мерзімінен бұрын шартты түрде босату мүмкіндігі алып тасталды. Парақорлық үшін жазаны бірден қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеуге тыйым салынды. Мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін дербес жауапкершілігі институты енгізілді. Ол енгізілген сәттен бастап 8 саяси қызметшінің отставкасы қабылданып, 13 саяси қызметші, басшылық деңгейдегі 98 мемлекеттік әкімшілік қызметші, күштік блоктың 109 басшысы және квазимемлекеттік сектордың 21 топ-менеджері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, 2018-2020 жылдары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін 3 мыңнан астам адам сотталды, олардың ішінде 1 министр, 3 вице-министр, 8 облыс әкімі және олардың орынбасарлары, 31 қала, аудан әкімі және олардың орынбасарлары, ұлттық компаниялардың 8 басшысы бар. Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа және кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі халықаралық конвенцияларға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстамбұл іс-қимыл жоспарына (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) желісі шеңберінде) қосылды және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына (ГРЕКО) кірді. Халықаралық ұйымдармен және шетелдік сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдармен сындарлы өзара іс-қимыл жолға қойылды. 2019 жылы ЭЫДҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісінің пленарлық отырысында мониторингтік топ Ыстамбұл жоспарының 4-раунды ұсынымдарының орындалуы туралы Қазақстанның аралық есебіне оң баға берді (29 ұсынымның 20-сы бойынша ілгерілеушілік байқалды). Қабылданған шаралар қоғамдағы сыбайлас жемқорлық көріністерін одан әрі жоюдың берік іргетасын қалады, бұл 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Transparency International Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде алғаш рет 38 балл жинап, 180 елдің арасында 94-орынға ауысуына мүмкіндік берді.