ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМҒА ҚАДАМ

199
0

Сыбайлас жемқорлық – елдің дамуын тежейтін басты факторлардың бірі. Өкінішке қарай, соңғы уақытта бұл түйткілдің тамыры тереңдеп, мемлекетке ауқымды ауыртпалық әкеліп отыр. Сондықтан онымен күрес қарқынды жүріп келе жатыр. Жүргізілетін іс-шараларды тиімді ету мақсатында мемлекеттік органдарында сыбайлас жемқорлыққа көріністерін шектеуге бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленеді және жүзеге асырылады. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру қылмыстық шабуылдан азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік органдар мен қоғамның белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлық — заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де айналып өткен жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде.

Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде қолға алынып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, Түркістан қаласында жыл басынан бері ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Оның ішінде білім мекемелерінде жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Өйткені мектеп оқушылары ертең-ақ белгілі бір саланың тізгінін ұстайды. Сондықтан олардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытудың маңызы айрықша. Жуырда дәл осындай жиындар Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты мекемелерде ұйымдастырылған болатын. Оның ішінде Ғани Мұратбаев атындағы №5 жалпы білім беретін мектебінде «Ашық Түркістан», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес», «Тоғыз айға 9 іс-шара» жобалары аясында атқарылатын іс-шаралардың жоспарына сәйкес, мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Серік Есенбаевтың ұйымдастыруымен «Жемқорлықсыз қоғамға қадам» атты тақырыпта сұхбат өтті. Бұл шараның мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдарды негізге ала отырып,құқықтық мағлұмат беру, білімдерін қалыптастыру, ар-намыс пен адалдықтың, беделдің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қажеттілігі сияқты ұғымдардың маңыздылығын сезіндіру, сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс- қимылға  қатысуы және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлау жөнінде пікір алмасу. Ұйымдастырылған шара барысында мектеп педагогы тақырып турасында толымды ақпараттарды жеткізді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жайлы әңгімеледі. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта азаматтар мен кәсіпкерлердің күнделікті өмірде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерімен өзара іс-қимыл жасауына байланысты «тұрмыстық» сыбайлас жемқорлық іс жүзінде көптеген салаларда сақталып отыр. «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры жүргізген «2020 жылғы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі» әлеуметтанушылық зерттеуінің нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық тұрғысынан сезімтал органдар мен мекемелердің тізбесі жылдан-жылға іс жүзінде өзгермейді: мемлекеттік емханалар мен ауруханалар, полиция, жер қатынастары басқармалары, ХҚКО-лар, мемлекеттік балабақшалар мен жоғары оқу орындары. Соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық қылмыскерлік құрылымының едәуір бөлігін 50 пайыздан астамын парақорлық фактілері алып отыр. Негізгі себептер қатарында сақталып отырған әкімшілік кедергілер, екіұдай мағыналы және дискрециялық нормалар, мемлекеттік органдардың жеткіліксіз ашықтығы, баламалы негізде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер үлесінің жоғары болуы бар.Нақты жағдайларға, өңірлік, салалық және өзге де ерекшеліктерге сүйене отырып, әртүрлі әлеуметтік топтарға олардың құқықтарын, міндеттері мен рәсімдерін қолжетімді және түсінікті етіп түсіндіру стандарттары болмай отыр. Мұның өзі мемлекеттік басқарудың бизнес-процестерін автоматтандырудағы кемшіліктер мен олқылықтарға да байланысты. Цифрлық шешімдердің бір бөлігінің сапасыз және жартылай іске асырылуына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындауда. Көбінесе лауазымды адамдар «жалған» цифрландыруды пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттер жасауды жалғастыруда, ал азаматтар мен кәсіпкерлер «цифрландырылған» мемлекеттік функциялардағы техникалық іркілістер, артық процестер және ақпараттық жүйелердің жұмысындағы басқа да кемшіліктер себебінен, өз мәселелерін шешудің заңсыз жолдарын іздеуге мәжбүр болуда. Сонымен қатар дерекқорлардың әлсіз интеграциясы мемлекеттің проактивті сервистік моделін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Мемлекеттік және жекеше секторлардагы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган сыртқы талдау шеңберінде айқындайтын сыбайлас жемқорлық алғышарттарын жоюға мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың мүдделілігі әлсіз екені байқалады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау институты әлі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар үшін «өзін-өзі тазартудың» пәрменді құралына айналмады. Сонымен қатар, мемлекеттік басқарудың салалық жүйесі ішінде анықталған тәуекелдерге «өңір орталық» қағидаты бойынша ден қоюдың тиімді тетігі жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің пассивтілігі сыбайлас жемқорлық деңгейінің нақты төмендеуіне сенуге мүмкіндік бермейді. Корпоративтік сектормен салыстырғанда мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік ұйымдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу жеткілікті түрде  бәсекеге қабілетті болмай отыр. Мемлекеттік функцияларды орындау кезінде мүдделер қақтығысының алдын алудың тиімді тетігі жоқ. Қолданыстағы декларациялау жүйесі шығыстар мен алынатын кірістердің айтарлықтай алшақ болу фактілеріне ден қоюдың тиімді құралдарымен тиісті түрде бекітілмеген. Жымқырылған активтерді іздестіру, оларды бюджетке қайтару мүліктің қылмыстық шығу тегін дәлелдеудің күрделілігіне байланысты екінші орында қалуда. Алдын алу шаралары, негізінен, мемлекеттік қызметшілер арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған. Бұл мұндай қызметшілер болып табылмайтын, бірақ азаматтардың сыбайлас жемқорлық деңгейін түйсінуіне үлкен әсер ететін адамдар тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу тиімділігін төмендетеді. Осы тұрғыда мемлекеттік емес сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және адал бизнесті қолдау қажеттігі ерекше маңызға ие болады. Бұдан бөлек, бюджет қаражатын қалыптастыру және жұмсау туралы ақпараттың жеткілікті түрде айқын болмауы мемлекеттік қаржыны басқаруда сыбайлас жемкорлық тәуекелін арттыратын жүйелі факторларға жатады. Теріс практиканың негізгі себебі жоспарлау жүйесі мен бюджет каражатын игеру арасындағы өзара байланыстың жеткіліксіздігі болып табылады. Көп жағдайда бюджеттік өтінімдер жауапты адамдармен жиі үлестес болатын компаниялардың негізсіз жоғары баға ұсыныстары негізінде қалыптастырылады. Тиімсіз жоспарлау экономикалық ысырап және қолдан шығарылған пайда сияқты ауыр зардаптарға алып келеді, сондай-ақ бюджетті игеру кезінде жымқыруға қолайлы жағдай жасайды. Республикалық және жергілікті бюджеттердің жұмсалуы туралы деректер қамтылатын бірыңғай ақпараттық жүйенің жоқтығы тиісті мәліметтердің жабық және бытыраңқы болуына ықпал етеді. Жұртшылықты бюджеттің техникалық бөлшектерсіз және тиісінше, азаматтық бақылауды шектемей, тек негізгі мәліметтер көрсетілген «жеңілдетілген» нұсқасымен таныстыруға жағдай жасалмаған. Бюджеттеу туралы шешімдер қабылдау рәсімдерінің транспарентті болмауы есеп беруді қамтамасыз ету мүмкіндіктерін азайтады және сыбайлас жемқорлыққа ықпал етеді. Пандемия және ковидтен кейінгі кезең бөлінетін қаражат пен әлеуметтік- экономикалық нәтижелер арасында байланыстың болмау проблемасын ашып берді. Кәсіпкерлік субъектілеріне арналған мемлекеттік қолдауды (субсидиялар, гранттар, кепілдік, жеңілдікті кредиттеу) бөлу тетіктері оның тиімсіз және мақсатсыз пайдаланылуына мүмкіндік береді. Бұл уәкілетті органдардың бюджеттік қолдау нәтижелілігін бағалаудың түпкілікті көрсеткіштерін айқындамайтынына байланысты. Дұрыс емес, оның ішінде сыбайлас жемқорлық мінез-құлыққа ықпал ететін триггерлер бар. Кәсіпкерлік субъектілерін субсидиялаудың орындылығы туралы шешім тиісті маманданудың ғылыми қоғамдастығының қатысуынсыз қабылданады. Дискрециялық қаржыландырудың болуы ресурстарды бұруға және бюджеттік тәртіпті сақтау тетіктерін айналып өтуге мүмкіндік береді. Мұндай жағдай бюджеттік қолдау алудың тең, бәсекелі және әділ жағдайларын жасау жөніндегі шаралардың тиімділігін төмендетеді. Квазимемлекеттік сектордың заңды тұлғаларының жарғылық капиталын ұлғайту арқылы бюджет қаражатын мемлекеттік бақылау аясынан шығару үрдісі байқалады. Бюджеттік бағдарлама әкімшісі мен ведомстволық бағынысты ұйым арасында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін және азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасуды айналып өтіп, қаражатты саланың дамуына байланысты емес мақсаттарға аудару жүргізіледі. Соның салдарынан бұлыңғыр шарттық міндеттемелер, бюджетті ұтымсыз жұмсау, жымқыру орын алады. Бір-бірін едәуір дәрежеде қайталайтын мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының төрт буынды жүйесі бюджет процесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.