ҚАЛА ӘКІМІ МЕН ФИДЕ ПРЕЗИДЕНТІ ШАХМАТТЫ ДАМЫТУ ШАРАЛАРЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

122
0

Елімізде түрлі әлеуметтік кеселдер бар. Оның қатарына лудомания, нашақорлық, ащы суға әуестік сынды өзекті түйткілдер кіреді. Сондықтан мемлекеттің алдында олардың алдын алу сынды ауқымды міндет тұр. Өз кезегінде, оларды заңмен тыю арқылы түбегейлі жою мүмкін емес. Әйтпегенде осы күнге дейін қаншама заң жобасы қаралды. Одан шыққан қорытындының қандай екенін жақсы білеміз. Жалпы мұндай қадамдарға өскелең ұрпақ қалай барады? Неліктен жат қылыққа әуес келеді? Мұның артында, астарында бос уақытты тиімді ұйымдастыра алмау жатыр. Өйткені жастардың дені бос уақытта не істерін білмейді. Сондықтан жарнамасы жер жарған жат қылықтарға әуес келеді. Бұл тұрғыдан келгенде, бос уақытты тиімді өткізу тетіктерін кеңінен насихаттау қажет-ақ. Бүгінде адамның тұлғалық дамуына ықпал ететін, креативті, бәсекеге қабілетті, сыни ойлай алатын азаматтарды қалыптастыруда шахмат ойынының маңызы айрықша.

Бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев рапид және блиц бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы шахматтан әлем чемпионатына қатысушыларды құттықтау барысында «Қазақстанда осы турнирді өткізуге септігін тигізгені үшін Халықаралық шахмат федерациясының басшылығына ризашылығымды білдіремін. Мұндай беделді жарыстар елімізде шахматтың танымалдылығын арттыруға тың серпін берері сөзсіз. Бүгінде қазақстандық шахматшылар балалар арасындағы және ересектер арасындағы Азия және әлем чемпионаттарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Олардың жетістігі өскелең ұрпақты интеллектуалды спорт түрлерімен шұғылдануға, алдына зор мақсаттар қойып, оған қол жеткізуге  жігерлендіреді. Біз Қазақстанда шахматты жүйелі түрде дамытуды жалғастырамыз және Халықаралық шахмат федерациясымен ынтымақтастықта табысты жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл біздің адам әлеуетін арттыру және зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетімізге толық сай келеді» деген болатын. Қазірде еліміздің барлық аумағында аталған интеллектуалды ойын түрін кеңінен насихаттау бойынша кешенді шаралар жүзеге асып келе жатыр. Ол қатарда Шымкент қаласы да бар. Бұл ғана емес, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Халықаралық шахмат ұйымының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворковичпен маңызды кездесу өткізді. Кездесудің басты тақырыбы – Шымкентте шахмат спортын дамыту болды. Тараптар шахматты оқыту әдістемелерін жетілдіру, қалада турнирлер ұйымдастыру, жаттықтырушылар мен педагогтардың біліктілігін арттыру мәселелерін талқылады. Қазақстанда шахмат спортына ерекше көңіл бөлінеді, әсіресе, балалар мен жастар арасында шахматтың танымалдығы артып келеді. Қазіргі таңда қазақстандық шахматшылар халықаралық деңгейде ел намысын абыроймен қорғап, әлемдік аренада табысқа қол жеткізіп жүр. Шымкент қаласында да шахматқа қызығушылық артып келеді. Жыл сайын қалада шахмат секцияларының саны көбейіп, бұл спортты насихаттау бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Шахматты дамыту шаралары интеллектуалды ұлт қалыптастыруға, жас буынның ойлау қабілетін арттыруға үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Кездесу соңында Ғабит Сыздықбеков ФИДЕ президентіне Қазақстанда шахматты қолдау мен дамытуға қосқан үлесі мен ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.

Айта кету керек, үшінші мегаполистің атынан байрақты бәсекелерге қатысып жүрген жас шахматшылардың қоржыны жыл өткен сайын ауырлап келеді. Мәселен, былтыр 2 тамыз бен 7 тамыз аралығында Ақтау қаласында мектеп командалары арасында шахматтан әлем чемпионаты өтті. Турнирге әлемнің 53 елінен барлығы 400-ге жуық мектеп оқушылары қатысты. Қазақстан атынан 10 мектептің, атап айтқанда Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау, Павлодар қалаларының жас шахматшылары үздік бәсекелестермен үзеңгі қағыстырған болатын, Соның ішінде біздің Шымкент қаласынан №9 Ө.Жолдасбеков атындағы мектеп лицейінің оқушылары әлем чемпионатында 5-орынға ие болды. Шартараптың шахматшылары арасынан суырылып үздік бестік қатарынан көрінген ойы зерек, көңілі жүйрік балалардың алдағы жетістіктері одан да зор болмақ. Бүгінде ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміздегі білім ұйымдарында қазір шахматқа ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы Шымкент қаласы биыл төртінші жыл бастауыш сыныптарда 100 пайыз оқушыларға шахмат пәні үйірме ретінде енді. Яғни, шахмат оқыту жаппай мектеп пәніне үйірме ретінде енгізілгеннің арқасында лицей командасы әлемдік чемпионатта өз білімдерін дәлелдеп шықты.