ҚАЛА ӘКІМІ ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖҰМЫС ЖАЙЫН БАҚЫЛАДЫ
Шымкент – еліміздегі үш мегаполистің бірі. Халық саны миллионнан асып жығылады. Қала берді, халық саны жылдан-жылға өсіп келеді. Сәйкесінше, шаһарды дамыту шаралары өзекті болып отыр. Сондықтан қалалық әкімдік тарапынан бірқатар тың бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатыр. Оның ішінде көлік инфрақұрылымын дамыту ісіне басымдық берілген. Оның ішінде қоғамдық көлік қатынасы жақсарып келеді. Төлем жүйесі де жетілдірілуде. Сонымен қатар қаладағы көлік қозғалысын реттеу мақсатында бірқатар батыл бастамалар жүзеге асып келе жатыр. Бұған дейін бірқатар көшелерде жүргізіліп жатқан жол құрылысы турасында жазған едік. Енді міне тағы бір ауқымды бастама сәтті жүзеге асты. Бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында толығырақ баяндамақпыз…
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында №65 жалпы орта мектебіне барып, жаңартылатын энергия көздерін қолдану бойынша пилоттық жобаның іске асырылуымен танысты. Бұл – жаңартылатын энергия көздері орнатылған алғашқы мемлекеттік нысан. Өндірілген электр энергиясының артығы тарату желісіне сатылып, жеткізіліп отырады. Мұндай бастамаларды жүзеге асыру бюджет қаражатын үнемдеуге ғана емес, жасыл энергетиканы дамытуға да айтарлықтай серпін береді. Сонымен бірге қаланың әкімшілік-іскерлік орталығындағы Қаратау ауданы әкімдігі ғимараты құрылысының барысын тексерді. Нысанды келесі жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыс барысын тексерген қала әкімі құрылыс басқарма басшысына жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Шаһар басшысы әуежайдағы жаңа терминал құрылысы мен Абай және Тұран ауданындағы А-2 автожол құрылысын да бақылады. Ондағы қайта құрудың сегізінші және бесінші кезеңдерін тексерді. «Осы аптада «Бозарық» шағынауданы бағытындағы айналма жолды көлік қозғалысына ашамыз. Аралау барысында құрылыс жұмыстарының мерзімі мен сапасына қатысты бірқатар ескертулер айттым. Транспорт және автомобиль жолдары басқарма басшысына және мердігер ұйымға анықталған кемшіліктерді жедел түрде жоюды және айналма жол бойындағы, оның айналасындағы аумақты абаттандыруға назар аударуды тапсырдым»-деді қала әкімі. Бұдан бөлек, Тұран ауданы, А-2 айналма жолы бойындағы «Қазығұрт» автостанциясының құрылыс жұмыстарымен танысты. Станция аумағында қалааралық автобустар мен көліктерге арналған автотұрақ салынатын болады. Осыған орай қала басшысы инвестормен кездесу барысында нысанды халықаралық стандартқа сай салу және іргелес аумақты көгалдандыруға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Ал жаңа автостанцияның ашылуы көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайтуға, жолаушылар мен жақын маңдағы шағынаудан тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұған дейін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жол құрылысы нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысқан болатын. Бүгінде бас жоспарға сай салынып жатқан Қонаев даңғылының жалғасында құрылыс қарқынды жүргізілуде. Бұл құрылыс Бадам көпірінен оңтүстік бағытқа қарай 4,7 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда 2,8-4,7 шақырымдар аралығында жол негіздері салынып, асфальтобетон жабындысының төменгі қабаты жүргізілген. Сонымен қатар, мұнда инженерлік желілер жобаға сәйкес қайта орнатылды. Құрылыс жұмыстары Бадам өзені арқылы өтетін көпірден Саттарханов көшесіне дейінгі аралықта жалғасуда. Аталған жол бөлігін көлік қозғалысына 5 қарашаға дейін ашу жоспарланып отыр. Бүгінде Жансүгіров, Анаров көшелерінен Рашидов көшесіне дейінгі аралықта көлік нөпірі көп. Жүріс бөлігі төмен түсіп, шұңқырлар пайда болғандықтан, көлік қозғалысына қауіптілігі ескеріліп, орташа жөндеу жүргізілуде. Қала басшысы осы аумақта атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын қадағалады. Жобада жол жамылғысын жаңарту, құдықшаларды ауыстыру қарастырылған. Айта кету керек, еліміздің Көлік министрлігінің жоспарына сәйкес, 2026 жылы қаланың оңтүстік-шығысында жалпы ұзындығы 48 шақырымды құрайтын 1- санаттағы айналма жолының құрылысы жүргізіледі. Жол Ташкент қаласы мен Алматы, Қызылорда бағыттарындағы көлік қозғалысын байланыстыратын болады. Бұл туралы Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында ведомство басшысы Марат Қарабаевтың төрағалығымен өткен республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды дамыту мәселелері талқыланған жиында айтылды. Келелі жиынға Шымкент тарапынан жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов пен жол саласындағы жауапты мердігер мекемелердің өкілдері қатысты. Басқосуда республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды дамыту мәселелері мен құрылыс және жөндеу жұмыстарының жобалары таныстырылды. Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген болатын «Елімізге ауқымды инвестиция тартудың тағы бір маңызды шарты – Ұлттық инфрақұрылым жоспары. Бұл құжат сапалы әзірленуге тиіс. Ойға келгеннің бәрін бір құжатқа жинақтап, сосын бюджеттен қаржы бөлінбеді деп сылтау айту – қолыңнан түк келмейтінін мойындау деген сөз. Үкіметке Инфрақұрылым жоспарын қайта қарауды тапсырамын. Негізгі басымдықтарды айқындап, стратегиялық маңызы бар жобаларға жеке инвестиция тарту мәселесін мұқият ойластыру керек. Тек аса қажет болған жағдайда ғана қаржылай қолдау шараларын қарастырған жөн. Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс. Мен бұл шаруаның бағыт-бағдары туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Бизнес өкілдерімен кездесулерде де осы мәселеге тоқталдым. Уәкілетті құрылымдар жұмысты жандандыруы керек. Түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет. Алайда, өзге де құқық қорғау органдары жүгенсіздікке жол бермеуге тиіс. Тағы да ескертемін, «шаш ал десе, бас алып», асыра сілтемеу керек. Мен мұндай жөнсіз әрекеттің қай-қайсысын да қатаң айыптаймын. Біздің басты міндетіміз – кәсіпкерлердің еркіндігін шектеу емес, керісінше, елімізде бизнеске және инвестицияға жайлы орта қалыптастыру. Бұл жұмыстың әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша мәні бар. Маңызды экономикалық міндетті орындауды көздейтін осы бастаманы ешкімнің жоққа шығаруына жол берілмейді». Қазіргі уақытта ел Президентінің тапсырмасы негізінде облыстар мен қалаларда ауқымды шаралар атқарылып келеді.