ТҮРКІСТАН: ҚАЛА КҮНІ МЕРЕКЕЛІК ШАРАСЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Түркістан қаласы өзінің атаулы мерекесін – Қала күнін ұлықтап, түрлі мәдени шаралармен атап өтті. Биылғы жылы Түркістанның тарихи және рухани маңызы айрықша атап өтіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйланды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтеав және Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы салтанатты іс-шараға қатысып, қала халқын мерекемен құттықтап, Түркістанның ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де танымал бола түсуіне тілектестіктерін білдірді.

Мерекелік іс-шараның шымылдығы ашылып, Республика күніне орай, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан еңбек адамдары марапатталды. Бұл күн әсіресе қаланың мәдениет саласындағы жетістіктерін атап өтуде маңызды болды. Марапаттар аясында Түркістанның дамуына үлес қосып жүрген бір топ азаматқа арнайы наградалар тапсырылды.

Концерттік бағдарламада елге танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті. Әсем әндер мен би кештері қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің сәнін арттырды. Мұндай іс-шаралар Түркістанның мәдени өмірін жандандырып, тұрғындардың шығармашылық потенциалын танытуға мүмкіндік береді.

Қала күні мерекесі аясында бірнеше күнге созылған түрлі шаралар қаланың барлық тұрғындары мен қонақтарын қуантты. Мереке аясында республикалық футбол турнирі, суретшілер фестивалі, поэзия кеші, шахматтан ашық біріншілік, Яссауи хикметтерін жатқа айту жарысы және ұлттық және эстрадалық әндер концерттері өтті. Бұдан бөлек, көптеген басқа да мәдени шаралар мен спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл шаралар қаланың әлеуметінің әр түрлі салаларын қамтып, әрбір жастан бастап, егде жастағы азаматтарға дейін қызығушылық танытты.

Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін бұл мереке ерекше болды, себебі қаладағы әлеуметтік, мәдени және экономикалық даму көрсеткіштері жыл өткен сайын жоғарылап келеді. Қала халқының саны бүгінде 234 мыңнан асты. Түркістан соңғы жылдары еліміздегі ең жылдам дамып келе жатқан шаһарлардың бірі болып табылады. Қалада өнеркәсіп, құрылыс, инфрақұрылым, туризм, білім және денсаулық сақтау салалары қарқынды түрде дамып келеді.

Соңғы мәліметтер бойынша, 2023 жылдың басынан бері Түркістан қаласына 273 миллиард теңге инвестиция тартылған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 110 пайызға артық. Туризм саласы да қарқынды өсіп, Түркістанға келетін ішкі туристер саны 752 мың адамға жетті, ал шетелдік туристер саны 13,7 мың адамды құрады. Осыған орай қалада қонақүйлер мен туристік нысандардың саны да артып келеді.

Қала инфрақұрылымын жақсарту бағытында да көптеген оң өзгерістер орын алуда. Ауыз су, кәріз жүйесі, электр қуатымен қамтамасыз ету, жол жөндеу және қоғамдық көлік қызметінің сапасы едәуір артты. Көгілдір отынмен қамтамасыз ету деңгейі 98 пайызға жетіп, қала тұрғындарының өмір сүру деңгейі жақсаруда.

Бұл көрсеткіштер Түркістан қаласының тұрақты әрі қарқынды даму жолында екенін айқындайды. Алдағы уақытта да Түркістан қаласының дамуы мен өркендеуі елдің экономикасына қосар үлесі зор болатыны сөзсіз. Мерекелік іс-шаралар қала тұрғындарына тек көңіл көтеру ғана емес, сонымен қатар қаланың жетістіктерін көруге және алдағы мақсаттар мен жоспарларға көз жүгіртуге мүмкіндік берді.