Кемелді келешегіміздің тұжырымдамасы

314
0
Төреайым Сұлтанова, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты

Төреайым Сұлтанова, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты

Біз 20 жыл бойы Ұлы мерекені мақтанышпен атап өтіп келеміз. 1991 жылғы 16-желтоқсанда біз Қазақстан халқы егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдадық. Бүгінгі күні осы құндылықтар біздің күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналды.Сол кездері сапарымыздың басында бәрі басқаша болды. Енді біздің ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында ел танымастай болып өзгерді.Біз бүгін өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз.
Біздің алдыңғы шепті алуымыз қымбатқа түсті. Ел 20 жыл бойы егемендігімізбен саяси салмағымызды нығайтуға жұмыс істеді. 20 жыл өткен соң бұл мақсатқа қол жетті. Қалыптасу кезеңі табысты аяқталды. Қазақстан XXI ғасырдың басында тәуелсіз әрі өзіне сенімді болып отыр»
Жолдауда келтіріп отырған осы үзінді жоғарыда меңзеп өткен пікіріме айқын дәлел болады деп білемін. Мемлекетіміздің  тарапынан жасалынып отырған осындай қамқорлықтан кейін ел болашағы қалайша кемелді болмасын.
Енді Жолдаудың «Қуатты табысты мемлекет» деп аталатын тармақшасындағы мына жолдарға көңіл аударалық.
«Елдің жаңа елордасы Астананы салдық. Бұл заманауи қала біздің бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналды. Біз еліміздің мүмкіндігін әлемге көрсету үшін оның әлеуетін пайдалана алдық. Дәл сол себептен де халықаралық қауымдастық Қазақстанды ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу орыны ретінде таңдады. Мұндай құрмет кез-келгеннің еншісіне тие бермейді. Біздің еліміз кеңестен кейінгі кезеңдегі күллі кеңістікте ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен, осы Ұйымның саммитін өткізген және ғаламдық ауқымдағы іс-шара — ЭКСПО-2017-ні өзінде өткізетін бірінші ел екенін айтсақ та жеткілікті».
Болашағымызға бағыт-бағдар түзіп беріп отырған бағалы құжат  бойға мақтаныш сезімін ұялатады. Көңіліңді қуаныш кернейді. Иә, туған еліңнің экономикалық, әлеуметтік әлеуетінің арта түскені шынында да зор абырой. Бұл ізгі нәтиже Қазақстан халқының қол жеткізген маңызды табысы. Ал ертеңіміздің ерен болатынына кәміл сенеміз.
Жолдаудағы «Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері үшін туған шаңырағына айналды. Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты елеміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлеуметтік эталон ретінде танылған» деген жолдар халқымыздың «Ырыс алды ынтымақ», «Аузы бірді жау алмас» дейтін нақылдарын еске салып отыр.
Түйіп айтарымыз, кейбір шетелдердегі орын алып жатқан жайттардың беті ары болып, осы ұстанымыз қанат жая бергей. Аталмыш құжатта: «Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылады. Шағын және орта бизнестің экономикамыздағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиіс» деп кәсіпкерлік саланың мән-маңызын ерекше атап өткен. Бұл тұжырым осы бағытта қызмет етіп жүрген біздерге зор жауапкершілік жүктейді.
Әлемдік деңгейде тарихи оқиға ретінде қабылданған Жолдауда 2025 жылға қарай латын әліпбиіне көшу ісі де тереңірек қамтылғанын айта кеткім келеді. Бұл өзекжарды өткір мәселе осыған дейін де ұлт зиялылары арасында жиі-жиі қозғалатын. Енді міне, латын әліпбиіне көшу арқылы түбі бір түркі бауырлардың бұрынғыдан да анағұрлым тығыз топтаса түсуіне мүмкіндік тумақ. Бұл шараны саяси, мәдени салалардағы қол жеткізген жетістігіміз деп білген дұрыс.  Осы мәселемен қатар білім беру және медицина салаларына да айрықша көңіл бөлгендігін атап өткен жөн. Елбасымыз 1997 жылдан бері республика бойынша 942 мектеп,758 денсаулық сақтау нысандары салынғанына да тоқталып өткен. Бұл келтірілген мысалдар мемлекеттіңміздің тарапынан еліміздің еңсесін тіктей түсуі үшін ұлан-ғайыр жұмыс атқарып жатқандығын аңғартады. Жолдаудың әрбір жолдары да ойымызда нақтылай түседі.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын кезекті жолдауы халқымызды алдағы күндерге жігерлендіре түседі деп білемін.