«Атадан мал қалғанша, тал қалсын!» деп аталатын акция өтті
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын!» деген қанатты қағиданы ту етіп ұстанған жауқазын жастарымыз ағымдағы жылдың қаңтар айының 28 күні қала әкімі Ертай Сейіт Мырзақұлының бастамасымен қаланы абаттандыру, көгалдандыру мақсатында құрметті азаматтардың қатысуымен ізгі шараны жүзеге асырды. Ізгі шара деу себебіміз, келешекте бұл шыршалар аудан тұрғындарына сая болса, құстар үшін ұя салар мекен болмақ.
Ағаштың экологиялық мәселені, ғаламдық жылынуды реттеуде және топырақты бекітуде де маңызы зор екендігі баршамызға аян. Атқарылған жұмыстың жемісін қаламыздың келбетінің күннен-күнге ажарлана түсуі мен қала көшелерінің керемет көрінісінен байқауға болады. Аталған ауқымды іс-шараға бір топ мектеп оқушылары, қаланың құрметті азаматтары, «Алтын белгі» үміткерлері, белсенді жастар қатысты. Акция барысында «Батырлар алаңына» 30 түп шырша егілді.Сонымен қатар, алдағы уақытта тағы да қосымша қаланың көрнекті жерлерінде осындай шыршалардың қатары көбейіп, егілетіндігі туралы қала әкімі сөз барысында айтып өтті.
«Қаламызды көркейтуге және еліміздің дамуына ықпал ету біз үшін міндет. Сонымен қатар айбынды еліміздің одан әрі гүлдене түсуіне қосқан үлесіміз» дейді аталған акция аясында қызмет атқарып жүрген жастар легі.
«Уақыт»