КЕНТАУДА ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ ҚҰРЫЛДЫ

18
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет.Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», деп атап өткені белгілі.
Еліміздің барлық өңірлерінде Отбасын қолдау орталықтарын құру Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасына енгізілген. Осы орайда, Кентау қаласында Отбасын қолдау орталығы өз жұмысын бастады.
Қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова орталық басшысын тағайындап, орталықтың маңыздылығына тоқталып, мекеме қызметкерлері қиын жағдайға тап болған отбасының барлық мүшелерінің әлеуметтік және жеке дамуына қолдау көрсететініне сенім білдірді.
Орталық басшысы болып Арай Сауранбекова тағайындалды. Мекемеде барлығы 17 қызметкер жұмыс істейді. Жаңа мекемеде психолог және әлеуметтік қызмет көрсету бөлмесі, уақытша 25-тей адамға жатын бөлме бар, қызмет көрсету бөлмесімен жабдықталған. Бұл қызмет көрсету бөлмелерінің барлығы талапқа сай қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, орталық отбасы институтын қолдау мақсатында, өмірлік қиын жағдайға тап болған және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасыларға өмірлік қиын жағдайының күрделенуіне психикалық жайсыздық, тұлғааралық жанжалды ықпал ететін жағдайларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңестер береді. 6 бағыт бойынша әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-еңбек, ақпараттық-консультациялық қызметтер көрсетеді.