ҚАЛА ӘКІМІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ НЫСАНДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН ТЕКСЕРДІ

Шымкент қаласының әкімі жұмыс сапары барысында Абай ауданында орналасқан «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мекемесінің жаңа ғимаратына барды. Бір мезгілде 120 адамды қабылдай алатын жаңа орталық келесі аптада жұмысын бастайды. Заманауи әрі жайлы ғимаратта түрлі емдік шаралар мен демалыс үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда демалушыларға санаторлық қызметтер, бассейн, кітапхана және серуен аймақтары қарастырылған.
Әрі қарай әкім «Бозарық» және «Ақжайық» шағынаудандарында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысын тексерді. Құрылыс сапасын бақылап, жауапты басқарма мен мердігер ұйымдарға абаттандыру, көгалдандыру және аулалар мен іргелес аумақты жарықтандыру жұмыстарын сапалы орындау жөнінде тапсырма берді.
Сонымен қатар Қаратау ауданында орналасқан Қ.А. Ясауи атындағы №109 орта мектепте жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл білім ордасында соңғы 50 жылда күрделі жөндеу жүргізілмеген. Құрылыс басқармасына барлық жұмысты белгіленген мерзімде сапалы аяқтап, мектептің инфрақұрылымын жаңарту жөнінде нақты міндеттер жүктелді.