Имамдар жазаланды Енді алда сынақ бар

360
0

Газетіміздің алдыңғы сынында  естіген елдің  жағасын ұстатқан оқиға  туралы «Сұмдық шындыққа айналғандай» деген  тақырыпта бір ауыл  мешітінің  имамы  қызметін  уақытша атқарып келген  жанның оқушы қызды зорлау ниеті  үшін қамауға  алынғанын  жазғанбыз. Бұл оқиға көпшіліктің  наразылығын  тудырғаннан  бөлек, дін өкілдеріне деген  сенімділікке  селкеу түсіргені  де анық. Шымкенттен шыққан  шу күллі республикамызға  тарап, Қазақстан  мұсылмандары діни басқармасына да жетті.

Дінге жағылған қара күйеге ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы  Малғажұлы  бей-жай қарамай, ашуға ерік берді. «Оңтүстік  Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ  ауылының  имамына қатысты  қылмыстық іс бұқаралық  ақпарат  құралдары  арқылы  қалың елге желдей есті. Имамның жасаған  әрекеті асыл дініміз  Исламға, діни басқармаға, жалпы мұсылмандар  абыройына, олардың ар-намысына үлкен нұқсан келтірді, » — делінген  ҚМДБ мәлімдемесінде. Әншейінде « итің ұры» десе намыстан  атын қазақ , « ауыл имамы оқушы қызды  зорлады » деген  суық сөзді естігенде намыстан  жарылардай  болғаны анық. ОҚО бойынша өкіл имамы қанша  жерден ақталып, «қылмыс жасаған ауыл мешітінің имамы ол орынға ресми бекітілмеген» десе де, Бас мүфтидің пәрменімен  шара көрілді. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  ОҚО бойынша  өкіл имамы  Мырзагелдиев Бейбіт Әліпбекұлына қарауындағы  діни қызметкерлерге  бақылауды әлсіретіп, имамдарды  Бас мүфтидің бұйрығымен  тағайындалған  мешіттен басқа  мешітке рұқсатсыз, өз бетінше ауыстырып, ақырында БАҚ бетінде  діни басқарма мен дініміздің беделін түсіруге әкеп соқтырған тәртіптік теріс қылығы үшін  ҚР Еңбек  Кодексінің 72-бабы, 1,3 тармақтарына сәйкес, тәртіптік  жаза ретінде қатаң сөгіс  жариялансын, » — делінген  Бас мүфтидің  бұйрығында.
Дәл осындай  жазадан  Шымкенттегі  «Әл- Біләл» мешітінің  бас имамы Әсембай Талғат Шайділлаұлы мен  Сайрам ауданының  бас имамы  Жұмаділлаев Рақматилла  Нәшірұлы  да сырт  қалмады. Алдыңғысы  қарауындағы діни қызметкердің  2012 жылдың 8 шілдесінен  бері заңды  түрде  жұмыстан  босамастан,  өз бетінше  кетіп  қалуына  жол бергені үшін  болса,  кейінгісі аудан көлеміндегі  Қайнарбұлақ  ауылындағы  « Насрулла» мешітінде   имамның ұзақ  мерзімде  бұйрықсыз  қызмет етуіне  көз жұма қарап, бақылауды әлсіреткені  үшін « қатаң сөгіс» арқалады.
Оңтүстікке орны  толмас өкініш  әкелдірген  осынау  оқиғадан  соң  діни басқарма  етек- жеңін жиып, бұдан былай өңірлердегі   имам, молдалармен  тығыз байланыс орнатып, олардың  жұмыстарын жіті  қадағалап отыру  шарасын қолға алды. Алдағы уақытта  имамдарды бірнеше талап  бойынша (діни сауатын  бағалау, діни ағымдар  туралы сауатының деңгейін  анықтау, діни мәселерге тап болғанда  оны шешуге  қатысты  қадамдарын  байқау, араб  тілін  меңгеру  деңгейі,  денсаулығы  мен  отбасына  бақылау  жүргізу,  ақыл – есінің  дұрыс  не бұрыс екенін  анықтайтын  психологиялық  тест  жүргізу, т.б.) аттестациядан, медициналық, психологиялық  тексеруден  өткізу жоспарланғанға   ұқсайды. Әрі  аттестациядан  өткізу  шарасы  тап осы,  Оңтүстік  Қазақстан  облысынан  басталмақ.  Бұл іске  медицина,  психология  саласының   білгір, білікті мамандарын жұмылдыру  көзделуінде.
Ендігі  кезекте  имамдардың  осы   сынақтан  қалай  өтуінде. Мәселе  осында  болып  тұр. Әйтеуір, «шымкентшелеп» жібермесек болғаны.

Е. СӘРСЕНБИН.