ӘННІҢ ДЕ ЕСТІСІ БАР…

357
0

Сонау бала кезімізден біз білетін қазақ әндері: «Ауыл кеші көңілді», «Келіңдер, ән шырқайық», ең соңғысы Қазақстан композиторларының III-томдық әндер жинағы «Ән көңілдің ажары» жарыққа шыққанына да 15 жылдан астам уақыт болды. Кейінгі кезде ән де көбейді. Әнші де көбейді. Әндер жинағы да көбейді. Кімнің қолы бос, кімнің жұмысы жоқ, сол кісілер жеке басының тіршілігі үшін осындай әндер жинағын құрастырып, шығарып жатыр. Біздің көпшілік тыңдарманымыз Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бәйсеуовтың, Нұрғиса Тілендиевтің, Ескендір Хасанғалиевтің, Мыңжасар Маңғытаевтың, Әблахат Еспаевтың, Сыдық Мұхамеджановтың, Жақсыкелді Сейіловтың, Базарбай Жұманиязовтың, Бекен Жамақаевтың, Илья Жақановтың, Кеңес Дүйсекеевтің, Сейдолла Байтерековтың, Кәкімбек Салықовтың, Нұрлан Байкөзовтың, Тұрдықылыш Ізтаевтің, Досым Сүлеевтің, Исраил Сапарбайдың, Мұрат Құсайыновтың тіпті Құралай Сәтмұхамбетова, Марат Ильясов, Марат Омаров, Қалдыбек Құрманәлі, Ержан Белғозиевтің стандартты әндерін толық мәтінімен жаттап, шырқап өскенімізді мақтаныш сезіммен еске аламыз. Оған дәлел, кешегі 2005 жылдарда Республика сарайында өткен «Сағыныш» «Сағындырған әндер-ай» «Сол бір кез есімде» «Шәмшінің әндері» кешіндегі әдемі әндер легі болатын. Ал қазіргі кезде жағдай тіпті басқаша. Заманның жетістігі ме, әлде талабы ма, әндер көбейді, әншілер одан да көбейген кезең. Сол әнді, сол әншіні әндердің дұрыс орындалуын кімдер бақылайды? Қазақ радиосының бас директоры Мақат Садық бастаған, Ғалым Есенсарин, Жүрсін Ерман, музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрім, Ескендір Хасанғалиев, Тұрсынжан Шапай, Ибрагим Исаев, Несіпбек Айтов, Гүлнар Салықбай, Исраил Сапарбай, Кеңес Дүйсекеев, Сағатбек Қалиев, Жалғасбек Бегендіков, Абдулхамит Райымбергенов, Глазбай Алшынбаев, Махмұт Тойкенов, Алтынбек Қоразбаев, Рамазан Стамғазиев, Ермек Аманшаев, Нұрлан Өнербаев, Айгүл Қосанова міне, сізге көркемдік кеңес. Осы кісілер қазақ әндерінің жанашырлары және насихаттаушылары да. Қазақ радиосының жанынан көркемдік кеңесті құрып, кешегі талай жылдар бойы өнер көрсеткен, қазақ эстрадалық — симфониялық оркестрін қалпына келтіру бүгінгі күнге қойылар ең басты талап. Бас дирижер — Кеңес Дүйсекеев, Нұрлан Байкөзов, жас дирижерлер де жетіп артылады емес пе? Сонда біздің қазақ әндері, қазақ эстрадасы да өз деңгейінде болады. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториядан арнайы факультет ашпай-ақ, Дирижерлау пәнінің апталық сағатын көбейту керек.
Көптеген жас әншілер, әр түрлі топтар, әндердің әуенін бұзып айтып жүр. Ал мәтіндерінің орнын ауыстырып, немесе өздері сөздерін өзгертіп, автордың келісімін алмай, өз дегенімен жүргендері қаншама? Мысалы: Шәмші Қалдаяқовтың әні, өлеңі Тұманбай Молдағалиевтің ең танымал «Әнім сен едің» деген әнін былайша өзгерткен. III шумағының  мәтіні:
Тұрып қасыңда көрдім көктемді,
Сонау күндерден бүгін жоқ белгі.
Жаңбыр жауды да көктем жырлады
Сенсіз атты таң, сенсіз батты күн
Тағы келді ғой құстар ән салып,
Тұрмын оларды жалғыз қарсы алып
Бақтар гүлдеді біздің қырдағы
Мәңгі ұмыттың ғой, мені шаттығың
Ал Шымкенттік белгілі ақын Әмзе Қалмырзаевтың құрастырған жинағын мұқият қараңыз. Алматы баспасы. Жалпы осындай әндер жинағы өте көбейіп кетті. Көбейгені де жақсы. Ел ішіндегі өтетін той-мерекелерде өте керек. Мүмкіндігі барынша бірін-бірі қайталамай, жаңа әндермен толықтырылып отырса, нұр үстіне нұр болады деп сенеміз. Баспадан шығатын әндер жинағын мұқият қарап, кейін шығарса-деген ұсыныстар бар. Қазақ поэзиясында Тұманбай Молдағалиев сынды лирик ақындар көп емес. Әрине менің бұл сөзіме Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шаханов, Ибрагим Исаев, Несіпбек Айтов, Гүлнар Салықбай, Фариза Оңғарсынова, Кәкімбек Салықов, Серік Тұрғынбеков, Есенғали Раушанов, Қасымхан Бегманов, Исраил Сапарбай, Әбдрахман Асылбеков, Шөмішбай Сариевте т.б. ренжімес деп ойламаймын. Ән текстерін Тұманбай ағамдай, ешкімде көп жазбаған болар деп ойлаймын. Қай сөздерін алып қарамаңыз, өз-өзінен әнге сұранып тұрады. Тұманбай Молдағалиевтің ең болмағанда екі өлеңіне ән жазады. Себебі өлеңдері сезімге толы, шетінен лирика ғой. Ал жас орындаушылардың басым көпшілігі өлеңнің негізгі мәтінінен айниды. Кезінде Жезқазған облыстық филармониясының «Қаракөз» вокалды аспаптық ансамблі керемет орындаған Т.Молдағалиевтің «Бар ма маған ғашық адам?», «Сәулешім», «Сен кінәлі емессің»  өлеңдерінің мәтіні ән жинақтарында да дұрыс берілмей келеді.Орындары ауысып, тіпті сөздері де басқаша. Көптеген әншілеріміз өздері де байқайтын болар. Ал сол әндерді өз деңгейінде орындау үшін ең бастысы, ең керегі де осы табиғи дауыс екені де даусыз. Екіншісі-дикция. Көпшілік әншілердің дауыстары ортадан төмен. Оны көптеген азаматтар жиі-жиі айтып та, жазып жүр. Құдайберген Бекішов, Нұрлан Абдулин, Досымжан Таңаторов, Сейфулин Жолбарыс емес пе? Несіне ренжиміз. Бір әнді орындап, теледидардан көрінсе, болды «Мен әншімін»-деп шыға келеді. Көп ұзамай қасында продюссері, астында автокөлігі пайда болады. Ал оның орындаған әнінде, үстіндегі киімінде ешкімнің шаруасы да жоқ. Ең бастысы сол, хабарға жауапты адамдарға бәрібір. Ең басты мақсат неде? Әнді өз әуенін бұзбастан, өз мәтінімен дұрыс орындауын талап ету.
Өнер-дейтін киелі ұғымды бағалау және қадірлеп-қастерлеу. Мысалы: ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші Майра Ильясова, Гүлмира Ақүрпекова, Саят Медеуов, Қарақат Әбілдина, Роза Рымбаева, Бейбіт Сейдуалиева, Тоқтар Серіков, Жанболат пен Жазира, Қанат, Света Айтбаевтардың репертуары, әнді орындау мәнері және киген киімдеріне көңілің қашанда толады.  Бұл енді жауапкершілік.
Әннің авторларының еңбегін жоққа шығармай, халыққа жеткізуде үлкен жауапкершілікті түсіну керек. Ең бастысы да осы, ән мәтіні. Әңгіме сол әнді өз деңгейінде орындауда болып тұр емес пе, ағайын? Көптеген әншілер ән орындағанда көңілің шалқып, дем алып отырасың. Олардың қатарында Бейбіт Сейдуалиева, Айгүл Қосанова, Асанәлі Көшеров, Саят Медеуов, Ақбота Керімбекова, Майра Ильясова, Мақсат Базарбаев, Тоқтар Серіков, Гауһар Әлімбекова, Гүлмира Ақүрпекова, Жанар Айжанова, Рамазан Стамғазиев, Бақыт Шадаева, Сандуғаш Стамғазиева, Алма Аманжолова, Жоламан Көшкінов, Махпуза Шоманова, Бисенбек Бибосынов, Жұбаныш Жексенұлы, Орынгүл Қалыбекова, Айжан Тәженова, Гүлшат Көптілеуова, Ақмарал Ерімбетова т.б, бұл тізімге енбей қалған қанша тәуір әншілеріміз бар. Олар шын мәнінде қазақтың ән өнерінің жұлдыздары екені даусыз. Қазақстан ұлттық арнасының Сағатбек Қалиев басқаратын «Мәдениет» бағдарламасы осы бағытта бірнеше жобаны іске қосып, елдің бәрі көруге асығады. Қызыға да көретін «Сегіз қырлы» бағдарламасы қандай керемет. Тағлымы да, талғамы да өте жоғары екенін бірден байқауға болады. Өйткені, Сағатбек  Қалиев кәсіби маман емес пе?
Қаншама әнші көп болсын, орындаймын-деген әншіге әндер одан да көп емес пе? Шәмшінің, Әсеттің, Ескендірдің, Нұрғисаның, Әблахаттың, Садықтың, Исраилдың, Кеңестің, Қалдыбектің, Мараттың, Жақсыгелді, Қайыржан, Құралайдың әндерімен сусындау керек. Әнші дауысының қалықтауына, өсіп-дамуына бірден-бір жол жоғарыдағы сазгерлердің әндері екені де даусыз. Мәтіндері де өте керемет.
Менің анық білетінім, әнші болу оңай шаруа емес. Бұл да  үлкен еңбекпен келетін, үзбей дайындықты талап ететін дүние. Ал шынымен әнші боламын десең, үлкен жауапкершілікті мойыныңа аласың. Олар сан қырлы болып келеді. Әнді бұзбай, мәтінін өзгертпей орындау бірінші қойылатын талап. Мұны әр әнші сол әнді орындау барысында сезініп, дұрыс түсінуі өте қажет нәрсе екенін үнемі ұмытпауы керек.
Автордың ойын халыққа жеткізе білу керек болады. Мақпал Жүнісованы бүкіл халық сүйіп тыңдайды. ҚР халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері. Мақпалдың қай әнін тыңдасаңыз, керемет әсерде боласыз. Әннің ұзақ жылдар бойы халықтың аузында айтылып жүруі, тек саған байланысты. Жақсы не жаман орындауыңа байланысты қабылданады. Сол үшін маңдайтерін талай рет төгу керек. Мақпалда өте еңбекқор әнші екені жасырын емес. Жалпы Мақпалдың әнші репертуарыда өте бай. Бақытының өзі де осы еңбегінде болар. Мен білетін әншілердің басым көпшілігі сахнаға шығар алдында өзін-өзі дайындап, қайта-қайта әннің мәтіндеріне көңіл бөліп, тіпті сахналық киімдеріне дейін қарап шығады. Әсіресе, Рамазанның талғамы өте биікте. Гүлмайдан Сүндетова да, Асанәлі Көшеров те, Саят Медеуов, Айгүл Қосанова, Майра Ильясова, Бағдад Самидинова, Қарақат Әбілдина, Айгүл Иманбаева, Алтынай Жорабаева осы мәселеге өте жоғары жауапкершілікпен қарайды. Олардың орындаған әндерін тыңдап отырсаң ойыңа ой, қиялыңа қиял қосылады. Көңілің шалқып отырады. Медеу Арынбаев, Жолбарыс Сейфуллин, Таңатар Досымжанов, Ақылбек Жеменейдің репертуарындағы талай-талай тамаша әндерге көңіл бөлінсе деген жеке ұсынысым бар. Әсіресе, Таңатар Досымжановтың, Сембек Жұмағаливтің репертуарын қайта қарап шықсада болады. Бұл әншілердің әлі де болса, өз деңгейінде шалқытып айтатын әндері жоқ. Ойлану керек. Медеу Арынбаев Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ бантигін» тәуір орындап, тоқтап қалды.

«Кешікпей келем деп ең», «Теріскей», «Қаракөз» әндерін немесе Әсет Бейсеуовтің «Гүлдер» әнін, Мыңжасар Маңғытаевтың «Іздедім сені», «Ақ маржан», «Айдынға кел» әндерін неге орындамасқа? Медеудің мүмкіндігі де, таланты да жетеді.Көпшілік тыңдармандар әлі ұмытпаса, шымкеттік жас әнші (марқұм) Мәншүк Сәрсенбаева, Сейітқали Қайырғалиевтің бір әнімен, «Кетсеңде шалғай» Баян Сағынбаева, Темір Тайбековтың «Туған жер» өлеңі, Қасым Аманжолов, Мұрат Каримуллин, Тұрдықылыш Ізтаевтың «Жүрек сыры», Әшір Молдағайынов «Аяулым арманымдай асылым ең», Абзал Балғынбаев «Арулар». Ал тамаша сазгер Жанбота Тұяқбаевтың осы өмірде бар-жоғын көпшілігіміз білмейміз де. Ал жетісайлық керемет әнші Күләш Мұстапаева орындайтын «Аққу сенім», Роза Рымбаева тамаша орындайтын «Атамекен» әндерін тыңдағанда, Жанбота Тұяқбаев қайда жүр екен дейміз. Менің айтайын дегенім, бір ән шығарып та қалың ел, қазақтың есінде мәңгі бақи қалуға болады. Бір әнді өз деңгейінде орындап та қалуға болады. Оған мысал: шымкенттік Тұрдықылыш Ізтаевтың «Нурикамал» әні. Жұбаныш Жексенұлы бұл әнді керемет орындайды. Ал әннің мәтініне көңіл бөлсеңіз ұйқас дегеніңіз осылай болады дейсіз. Жетісайлық әнші Сапаралы Серікбаев, Мұхаметжан Рүстемовтың «Ақ босаға» әнін 30 жылдан бері орындайды. Әлі де болса 10 жыл орындаймын-дейді әнші. Себебі ән өз орындаушысының қолында. Оның бақыты да осы шығар. Мұндай мысалдардың бірнешеуін келтіруге де болады. Абзал Балғынбаевтың «Арулар», М.Маңғытаевтың «Іздедім сені» әнін жетісайлық әнші, Өзбекстанға еңбек сіңірген Жеңіс Қорғабаев күні бүгінге дейін орындайды. Оңтүстікте қазір дәстүр болған Жеңіс Қорғабаев, Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен тойды ашса, кейіннен міндетті түрде «Ақ босаға», Нұрғиса Тілендиевтің «Сарыжайлау» әндері шырқалады. Осы екі әнсіз той-мереке өтпейді де. Талай әншілер бар ғой, Оңтүстіктің, әсіресе Мақтаралдың еліне халыққа жақыны да осы екі ән. Осы екі әнші. Бұл енді бірнеше жылдардан бері қалыптасқан дәстүр.
Абай атамыз «Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын тесері бар» деп айтқандай, тамаша әндер толып жатыр ғой. Ол әндерді насихаттау тек «Шалқар» радиосының еншісінде, кейіннен Сағатбек Калиев басқаратын ұлттық арнаның «Мәдениет» бағдарламасында ғана. Тек орындаушысы табылмай, кезек күтіп жатқан әндер қаншама. ҚР-мәдениет министрлігі мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарлама аясында бірнеше жобаларды іске асыруына болады. Шәмшінің «Өмір-өзен» әнін біз Алтынай Жорабаеваның орындауында тыңдаймыз. Алтынай жас әнші. Дауысы енді-енді ашыла бастағандай. Ал сол әнді Гүлшат Көптілеуова, Гүлмира Ақүрпекова, Сапаралы Серікбаев, Жұбаныш Жексенұлы орындағанда тіпті басқаша естіледі. Әншінің әсем даусы осы кезде байқалатын сияқты. Немесе Шәмшінің «Сыр сұлуын», Нұрғисаның «Келеді құстар қайтып» әндерін біз қайта-қайта сүйсіне тыңдаймыз. Сондай жас әншілердің бірі Мақсат Базарбаев та кең дауысқа ие әнші. Ол да көп дайындалып, стандартты әндерге жақын болуы керек. Оның болашағы әлі алда. Мақсат Базарбаевтың, Саят Медеуовтың талай әндерін қайта-қайта қол соғып тыңдайтын уақыттар алдымызда. Ақбота Керімбекованың да репертуарында әндер өте аз. Керемет дауысы бар қарындасымыз өз әндерінен көп алыстап кеткен сияқты. Бір-ақ мысал. Құралай Сәтмұхамбетованың «Сезім гүлі» әнін орындап жүр. Сол әнді басқаша стильмен (мәнермен) оранжировкасын жасатып, кейіннен барып асықпай, шалқыта орындаса керемет шығар-еді. Бұл әннің ең бірінші орындаушысы шымкенттік әнші Жиенгүл Бердалиева. Қандай керемет орындайды. Ал оның сөздерін қараңыз. Олар былай өрбиді:
— Жол бақылап жүремін,
Күлім көзді талдыра.
Бұл сөздерді Ақбота Керімбекова мән берместен, өте нашар оранжировкамен орындап шығады. Әнге обал емес пе? Ең болмаса Айымкүл Манапованың орындағанын тыңдау керек қой. Қазақ ұлт аспаптар оркестрімен орындағанда «Сезім гүлі» әні тіптен құлпырып шығады. Өзбекстан Республикасы Жызақ облысы, Мырзашөл ауданындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы балалар саз мектебінің халық-аспаптар ансамблі бірнеше рет Алматы ұлттық арнасында осы әнді орындады. Бұл енді әншінің орындау шеберлігіне байланысты. Қазақ эстрадасында көптеген жас әншілер, белгісіз жас сазгерлердің әндерін жиі орындап шығады. Ал олардың әндерін айтпағанда, мәтіндері тіпті бір-біріне ұйқаспай-ақ келеді. Өлеңнің ең болмаса шумақ ұйқастарында көңіл бөлінетін кезек келген жоқ па? Біздің айтайын деген ең басты мәселемізде осы ән мәтіні емес пе, ағайын? Тағы да кеңес немесе қоғам, комитет керек пе?! Бар емес пе, соның барлығы. Біз шынын айтсақ, көптеген әншілердің, орындаушылардың шама-шарқын біле тұрсақ та көзімізді жұмып, білмегенсиміз. Жиырма бірінші ғасырда болсақ та, сол баяғы жабулы қазан ғой. Көк тиын пайдасы жоқ болса да үндемейміз. «Азия дауысына» қатысса немесе «Жас қанат» фестивалінде ән салса жетіп жатыр дейміз. Рахмет. Өнердің нағыз жан- ашыр азаматы Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовке.
Жыл сайын Алматыда өтетін Қазақстанға бір тиын пайдасы жоқ, жеке тұлғаларға қызмет жасайтын халықаралық «Азия дауысы» фестивалін өз уақытында тоқтатты. Әншіге ең бастысы, әнді өте дұрыс орындау. Әнін де, сөзін де өз деңгейінде халыққа жеткізу емес пе? Осы қағиданы әрбір әнші ұмытпауы керек. Мысалы, Айгүл Қосанова, Роза Рымбаева, Майра Ильясова, Рамазан Стамғазиев, Саят Медеуов керемет әншілер. Дауыстары да, дикциясы да бәрі де келіп тұр. Айта берсек мысал көп. Ал әнші де, ән де өзгеріс бар ма өзі? Аға буын сазгеріміз Мыңжасар Маңғытаев, Кеңес Дүйсекеев, Ескендір Хасанғалиев, Темір Тайбеков, Исраил Сапарбай, Ілесбек Аманов, Құралай Сәтмұхамбетова, Тұрдықылыш Ізтаевтарда қаншама ән қордаланып жатыр. Әншілер сұрамайды. Олар өздігінен ешкімге бере салмайды да. Әнді насихаттайтындар кімдер өзі. Әрине, ән авторлары. Себебі қай әншіге тап болады, қалай орындалады деп оларда өз шығармаларына жаны ашиды. Біз кешегі «Сағыныш», «Інжу маржан», «Қазақтың-100 әні» немесе «500 әні, 1000 әнін» дайындау барысында «Қазақстан-1» телеарнасына, әсіресе, Нұрлан Өнербаевқа, Тұрсынжан Шапайға, Сержан Молдасанға, Ғалым Доскенге өте риза болдық. Сценарий авторы Гүлнар Салықбайға да. Жоғары талғам мен талапты ұштастыра отырып, керемет сазды хабарлар дайындалды. Көрерменге де керемет ұнады. «Жастық шақ-баға жетпес қазына» — деп, менің Құралай құрдасым жиі-жиі айтатын еді-ау.
«Жастықтың өзі-арман ғой» деп, көпшілігіміз сол арманымызбен қауыштық. Әндер керемет сарапталған, стандартты әндер. Әуені де, мәтіні де, орындаушының дауысына лайық, келісіп-ақ тұр. Міне, осындай талап үнемі қойылып тұрса, эфирден нашар ән берілмес еді. Қалай айтсақ та, баяғы да музыкалық редактор деген болушы еді. Сол редактор бүгін өте керек. Бір Сағатбек Қалиев бүкіл Қазақстанға аздық етеді. Осы салаға жоғары білімі бар, саз мамандары тіптен керек екені өзінен өзі білініп те, сұранып та тұр емес пе, ағайын! ҚР Мәдениет министрлігінің құлағына алтын сырға.
Ондай азаматтар «Қазақстан-1» телеарнасында бар емес пе? Саз өнерін зерттеуші Жарқын Шәкәрімнің бір өзі бір редакция ғой. Сағатбек Қалиев, Абдулхамит Райымбергенов, Әбдуәлі Ақан, Шәміл Әбілтай, Амангелді Бердалиев, Сержан Молдасан, Донеділ Қажымов, Нұржау Қожаев,Нұрлан Байгөзов, Ұлмекен Төлеуова т.б. кезінде талай жыл осы саланы тіктеп, қалыптастырған марқұм, талантты режиссер Лұқпан Есенов ағамызды, керемет домбырашы, тамаша әнші Мұрат Каримуллиннің сол дәстүрін қайтып жалғастыру керек сияқты. Сөз соңында айтарымыз, қазақ ұлттық саз өнері, өз деңгейінде, өз биігінде, насихатталмай келеді. Өнер ұжымдары, әнші-күйшілеріміз, жас орындаушыларымыз ескерусіз қалып барады. Қазақстан Республикасы саясатты да, экономиканы да шешкен сияқты. Ал ең басты жанайқайымыз болып тұрған  «Әлеуметтік саланы дұрыс реформалау» керек сияқты. Біз айтқан сол өнер мекемелерінің ғимараттары, материалдық-техникалық базалары, олардың автотранспорттары толығымен жаңалану керек. Сахналық жиһаздар, киімдер, бәрі-бәріне қаржы бөлініп, маман-кадрлары дайындаудағы кемшіліктер де жойылу керек. ҚР Мәдениет министрлігіне қолдау көрсетіп, мүмкіндігін кеңейту керек. Республикалық ғылыми-әдістемелік орталықтың жұмысын жандандырып, облыс, аудандармен байланыстарын қайтадан орнату керек. Қаншама халық-аспаптар, оркестрлер, хорлар, эстрадалық және жанұялық ансамбльдер тарап кетті. Халық театрларын қолға қайтадан алу керек сияқты. Заман өзгергенмен, сол өнердегі азаматтардың көпшілігі  қазірде егде тартса да арамызда жүр. Қызылорда облысындағы Арал ауданында, Қазалыда, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Шаттық», «Жетісай сазы», Жамбыл облысындағы «Сұлутөр», «Құлансаз», «Мерке әуендері», Алматы облысы, Райымбек ауданында, Атыраудағы Мақат ауданында, Новобогаттағы «Ауыл шаттығы», Ақтөбедегі «Әлия гүлі», Маңғыстаудағы «Маңғыстау маржандары», Семейдегі «Қаламқас», Торғайдағы «Ғасырлар пернесі», Қарағандыдағы «Егіндібұлақ оркестрлерін» біз әліге дейін ұмытпай, сағынышпен еске алудамыз. ОҚО-Мақтарал ауданында тұратын, әнші- термеші Каналбай Сейілбекұлы, Сапаралы Серікбаев, Мұхтар Құралов, Шымкенттегі Амангелді Бердалиев, Жеңіс Саймасаев, Сәтпаев қаласындағы Хабаркелді Қойтанов, Жамбылдағы Әбдімомын Желдібаев, Аяз Бетбаев, Атыраудағы Нұрбай Сүйембаев, Қайыржан Ықсанов, Жәнібек Әубекеров, Торғайдағы Қалдыбек Дербісалин, Қызылордадағы Байнияз Тілепов, Жібек Әбдіжәлилова, Маңғыстаудағы Әбіл Жұмагалиев, Өсербай Сарсенбаев, Айтберген Жаңбыршы, Ибрагим Алтыбаев, Іңірбай Көбейгеновтердің мол тәжірибесін неге пайдаланбасқа?! Әлі де кеш емес. Өнерді тек дұрыс басқарып, дұрыс бағыттау керек. Реформа деген осы. Қаржысын бөліп, қайтадан жол ашып, ҚР Мәдениет министрлігі Республикалық деңгейдегі байқаулар өткізіп, сол қазақтың ұлттық мұрасын жаңғырту деп білеміз. Ол уақыт баяғыдан келіп тұр. Енді кезек күттірмейтін мәселе, республикалық деңгейдегі 2012-2015ж. бағдарлама жасау және сол жобаны басшылыққа ала отырып, жұмыстар жүргізу қажет. Бұл енді уақыт күттірмейтін, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі.

Жұмахансері ДОСТАНОВ,
Өнертанушы-доктор.
Ақтау қаласы.