ОҚУШЫЛАРДЫҢ КӨШЕ ДӘРЕТХАНАСЫНДАҒЫ КҮШ КӨРСЕТУІ: ЗАКИЕВА ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРДІ

Оқушылардың көшедегі дәретханада ұрып-соғу сәтінен түсірілген бейнесі желіде тарап, көпшіліктің наразылығын тудыруда. Оқиға туралы ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева толығырақ ақпарат берді. Полиция қылмыстық іс қозғады.

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға Алматы облысының Іле ауданындағы №49 мектепте тоғызыншы сынып оқушылары арасында орын алған.

«Іле ауданы, Қараой ауылындағы №49 мектепте орын алған заңсыз іс-әрекеттерге қатысты. Алдын ала зерттеу нәтижесінде аталған оқиға 2024 жылдың қыркүйек айында болғаны анықталды. Қазіргі уақытта жағдайды жан-жақты әрі объективті қарау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Қылмыс тіркелді»,- деді ол.

Закиеваның айтуынша, оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, ата-аналармен түсінік кездесулерін өткізу, сондай-ақ ықтимал жүйелік бұзушылықтарды анықтап, осы мақсатта мониторинг жүргізу шаралары ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, біз түсініктеме алу үшін облыстық полицияға хабарластық.

«Әлеуметтік желілерді мониторингтеу нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасында құқыққа қарсы іс-қимыл фактісі бар бейнематериал анықталды. Оқиға 2024 жылдың қыркүйегінде Іле ауданы Қараой ауылында болғандығы анықталды. Бұл факт бойынша азаматтардан полицияға арыз түскен жоқ. Қазіргі уақытта осы факт бойынша кәмелетке толмағанға ұрып-соғу белгілері бойынша қылмыстық іс тіркелген. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде».

Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Ал балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін кінәлі кәмелетке толмағандардың – зорлық-зомбылық көрсеткен жасөспірімнің және бейнетүсірілімді жүзеге асырған оқушының заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Аталған жасөспірімдер профилактикалық есепке алынды. Әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға қосымша ықпал ету шараларын қабылдау туралы ұсыныс енгізілді. Кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың мұндай көріністері қоғамдық тәртіп пен заңдылық қағидаттарын өрескел бұзу болып табылады. Мұндай оқиғаларға қатысы бар барлық адамдар қатаң жауапкершілікке тартылады».
Алматы облысы ПД баспасөз қызметі