ШЫМКЕНТТІКТЕР ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕНІ ТОЙЛАУДЫ БАСТАП КЕТТІ

25 қазан – Республика күні қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Шымкент қаласында да ауқымды іс-шаралар өтті. Өтіп те жатыр. Мәселен, үшінші мегаполистегі «Көрме» орталығында Ұлттық мерекеге арналған салтанатты шара өтті. Оған шаһар басшысы Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау орган басшылары мен қызметкерлері, сот, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Шараның ерекшелігі турасында тарқата айтсақ, салтанатты іс-шара Алаштың айбынын асқақтатып, мерейін үстем ететін арнайы бейнероликтен басталды. Егемен еліміздің өткені мен келешегі сараланып, ұлы дала халқының дархандығы мен дара көңілі көрсетілді. «Сазген сазы» фолькорлық-этнографиялық ансамблі «Бақтыбайдың күйімен» қазақтың сыры мен сазын әуелетіп жеткізді. Бұдан соң қала әкімі сөз алып, құттықтауын жеткізді. Республика күні — туған еліміздің егемендігі бастау алған күн. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы кеңесі мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылдады. Дәл осы күні Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. 13 жылдан соң, дәл биыл Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылып, бостандық пен еркіндіктің бастауы болған айтулы датаны барша халық қуана тойлауда. Сын сағаттарда сүрінбей, еңсесін тік ұстай білген еліміздің жеңісті сәттерінен сөз саптаған шаһар басшысы Ұлттық мереке – Республика күніне Шымкент қаласының да зор жетістіктермен жеткенін қысқа-нұсқа баяндап берді.

Өз сөзінде қала әкімі «Қаланың республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына септігін тигізді. Үшінші мегаполиске соңғы 5 жылда 1,8 триллион теңге, ал биылғы жылдың 9 айында 327,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 530 миллиардқа жеткізуді жоспарлаудамыз, ол үшін нақты қадамдар жасалған» -деді. Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, ауыз сумен қамтуда 32 нысан, электрмен қамтуда 28 нысан, газбен қамтуда 21 нысан құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде, ауыз сумен қамту 93%-дан 98%-ға, электрмен қамту 91%-дан 97%-ға, тұрғындарға табиғи газ жеткізу 92%-дан 93%-ға өсті. Инженерлік инфрақұрылым мәселесінің бір бөлігі 2023 жылы, ал 2025 жылы барлығы толық шешіледі.