ДИҚАНДАРДЫ АҒЫН СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жауапты басқарма өкілдерімен мәжіліс өткізіп, ағын сумен қамтамасыз ету мәселесін саралады. Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын 896 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 мың гектарға көп.
2024 жылы облыстық бюджет есебінен 43 шақырымды құрайтын 11 су нысаны (10 канал — 2025 жылға өтпелі) күрделі жөндеуден өтіп, 1350 шақырым қашыртқыларда механикалық тазалау жүргізілген. Нәтижесінде 2,9 мың гектар ағын сумен қамтамасыз етіліп, 26,9 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.
2025 жылға жоспарланған 59 шақырымды құрайтын 12 су нысанында күрделі жөндеу, 21,8 шақырымды құрайтын қашыртқыларда механикалық тазалау жұмыстары басталды. Жобалар аяқталғанда 7,7 мың гектар жердің ағын сумен қамтамасыз ету жағдайы жақсарады деп күтілуде.
Нұрбол Әбдісаттарұлы өзекті мәселелерге тоқталып, шешу жолдары мен ұсыныстарды зерделеді. Бекітілген жоспарға сәйкес, су үнемдеу технологиясын ендіруде Отырар, Сауран, Келес, Түлкібас, Төлеби, Созақ аудандары мен Кентау қаласына осы күннен жұмысты ширату қажеттігі ескертілген. Облыс аумағында каналдар мен қашыртқыларды құжаттандыру бойынша Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Бәйдібек аудандарында жұмыс баяу атқарылуда. Коммуналдық меншіктегі су нысандарын құжаттандыру ісін Арыс қаласы, Ордабасы, Сауран, Шардара аудандары әлі күнге аяқтамаған.
Көтерілген мәселелер бойынша Ауыл шаруашылығы басқармасына аудан-қала әкімдіктерімен бірге атқаруға тапсырмалар бекітіліп, жауаптылар нақтыланды.
– Ағын су жолын табу үшін істің оңын табу керек. Шаруаны сумен қамтамасыз етуге қажетті барлық шаралар мерзімінде қабылданып, заң аясында бақылануы тиіс. Күні өткен соң емес, барлық ықтималдарды алдын ала қарастырыңыздар. Су үнемдеу технологиясына көшу – заман талабы. Шаруаларға дұрыс бағыт, дәйекті бағдар ұсыну жыл бойы жалғасуы керек, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Берілген тапсырмалардың орындалу мерзімі белгіленіп, бақылауға енгізілді.