КОЛЛЕДЖДЕРГЕ ГРАНТ БӨЛУДЕ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

Түркістан облысының колледждерінде жаңа мамандықтарды енгізу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Мемлекеттік тапсырыс та нақты қажетті мамандықтарға бөлінбек. Бұл мәселе 2025-2026 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру мен бөлу жөніндегі комиссия мәжілісінде кеңінен талқыланды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жауаптыларға зерделеу, мамандықтарды дұрыс үйлестіру жөніндегі жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
– Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы колледждердің жұмысын жандандыру, қоғамға қажетті мамандықтарды енгізу жөнінде тапсырма берді. Өңірде еңбек нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрлармен қамтамасыз ету үшін жыл сайын бюджеттен мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінуде. 2025-2026 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және бөлу үшін басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінен ұсыныстар жиналған. Аталған сұраныстарды нақтылау туралы тапсырма беріліп, бүгінгі күнге 100 мамандық бойынша 22 037 орынға қажеттілік анықталып отыр. Нақты қажеттерін жүйелеп, ұсыныс енгізіңіздер. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жұмысшы мамандықтарға басымдық берілетінін назарда ұстаңыздар. Колледжге түскен әрбір студент жұмыспен қамтылып, өмірден өз орындарын табулары тиіс, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Мәжілісте Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова баяндама жасады. 2025-2026 оқу жылына колледждерге мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін бекіту үшін сұраныстар жиналған. 2024-2025 оқу жылына 15 500 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлуге жеткілікті қаржы қаралып отыр. Комиссия мүшелері осы гранттар үлестірілетін мамандықтарды зерделеп, өз ұсыныстарын айтты. Кейбір сұраныстар қысқартылса, техникалық мамандықтар бойынша тапсырыс саны көбейтілді. Бұл бағыттағы зерделеу, жүйелеу жұмыстары жалғасады.
Алдағы оқу жылдарында Түркістан облысында бақ-саябақ шаруашылығы, жылыжай шаруашылығының операторы, ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері, ақпараттық қауіпсіздік жүйелері, лифт шаруашылығы және эскалаторлар, ет және ет өнімдерін өндіру, хаус-мастер, ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы, темір жолдың вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету мамандықтары ашылады деп күтілуде.