ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫ АЛМАТЫ МЕН ШЫМКЕНТ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ДАМЫТУДЫ ҰСЫНДЫ

85
0
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен бүгінгі Үкімет отырысында қаңтар-ақпан айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.
Ел экономикасының жыл басынан бері орнықты өсіп келе жатқанына тоқталған Үкімет басшысы есепті кезеңде барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша оң динамикаға ие өңірлер арасында Шымкент қаласын атап өтті. Премьер-Министр өңірлердегі бизнес-бастамаларды қолдау мақсатында Алматы мен Шымкент қалаларының тәжірибесіне сүйене отырып, индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктерді дамытуды ұсынды.
Биылғы жылы қала бюджетінің шығысына 534,3 млрд.теңге жоспарланған. Есепті кезеңге 62,6 млрд.теңге қаржы қаралып, нақты 61,9 млрд.теңгесі игерілген, яғни жоспар толықтай орындалған. Қалада құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Былтыр пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 70 мың шаршы метрге жетіп, жылдық жоспар асыра орындалды. Есепті кезеңде республика аумағында 2,1 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілгенін жеткізген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Алматы мен Шымкентте екенін атап өтті. Қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты бақылауда. Жыл соңына дейін жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілетін болады. Әлихан Смайылов алдағы айларда экономиканың тұрақты өсу қарқынын сақтаудың маңызды екеніне тоқталып, министрлерге өңір әкімдерімен бірлесе экономиканы әртараптандыруда, тұрақты жұмыс орындарын құруда нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кету керек, соңғы 5 жылда қала экономикасына 1,8 триллион теңге инвестиция тартылған. Соның ішінде 2022 жылдың 9 айында Шымкент экономикасына 327,9 миллиард теңге инвестиция құйылды. Ресми деректерге жүгінер болсақ, бүгінде қаланың жалпы өңірлік ішкі өнімінің 40 пайызын – кәсіпкерлік, 23 пайызын – өнеркәсіп, 25 пайызын – сауда мен қызмет көрсету және 4 пайызын – құрылыс саласы құрайды. Сарапшылар инвестиция көлемінің арту есебінен қала бюджеті де 4 есеге артқанын алға тартып отыр. Бюджет көлемі 582 миллиард теңгені құрап, оның ішінде өзіндік кірістер 83 миллиард теңгеден, 251 млрд.теңгеге дейін немесе 3 есе ұлғайған. Қала әкімдігінің жоспарына сәйкес, алдағы 5 жылда 6 триллион теңге инвестиция тарту көзделген. Оны орындау бойынша нақты жоспар жасалыпты. Шымкентте 5 өндіріс аймағы құрылған. Оның ішінде 3 индустриалды, 1 арнайы экономикалық аймақ және 1 транспорттық-логистикалық аймақ бар.