ЖЕКЕ ТҰРҒЫН ҮЙДІ ЖАЛҒА АЛУ СУБСИДИЯСЫ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ

Жеке тұрғын үйді жалға алу ақысын субсидиялау туралы бұйрыққа Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 30 сәуірде қол қойды.

Құжат ресми жарияланғаннан кейін 2025 жылғы 24 мамырда күшіне енеді.

Субсидияны кімдер ала алады

Мемлекеттік қолдау тегін негізде тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған және республикалық бірыңғай электрондық база мен «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жүйесіне тіркелген азаматтарға беріледі. Субсидия келесі санаттарға тағайындалады:

— І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар;
— мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
— 29 жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
— «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен және «Ана даңқы» І және ІІ дәрежелі ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;
— көпбалалы отбасылар.

Субсидия қалай есептеледі

Субсидия мөлшері жалға алу төлемінің 50%-ын құрайды. Бұл сома бюджет есебінен төленеді, яғни 80% — республикалық бюджеттен, 20% — жергілікті бюджеттен. Қалған 50%-ын жалға алушы өзі төлеуі тиіс.

Мемлекет тек жеке тұрғын үй қорындағы пәтерлерге төлем жасайды — мемлекеттік тұрғын үйді жалға алуға субсидия берілмейді. Сонымен қатар, туыстардан немесе жұбайлардан (бұрынғы жұбайын қоса алғанда) пәтер жалдауға болмайды.

Табыс пен тұрғын үй ауданына қатысты шектеулер бар

Субсидия алу үшін отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне бір айлық ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек. Әлеуметтік және зейнетақы төлемдері, мүгедек балаларды күтуге байланысты жәрдемақылар мен жетім балаларға арналған мемлекеттік стипендиялар табыс құрамына кірмейді.

Субсидияланатын тұрғын үйдің ең жоғарғы рұқсат етілген ауданы:

— 1–3 адамнан тұратын отбасы үшін — 40 шаршы метрге дейін;
— 4–5 адамнан тұратын отбасы үшін — 60 шаршы метрге дейін;
— 6 және одан да көп адамнан тұратын отбасы үшін — 80 шаршы метрге дейін.

Егер жалға алынған тұрғын үйдің ауданы шекті мөлшерден асып кетсе, субсидия тек белгіленген норма шегінде пропорционалды түрде есептеледі.

Өтінішті қалай беру керек

Субсидия алу үшін www.otbasybank.kz сайты арқылы өтініш беру қажет. Өтініш 3 жұмыс күні ішінде қаралады. Оң шешім шыққан жағдайда арнайы шот ашылады, оған ай сайын субсидия аударылады. Шарт — жалға алушы өз үлесін (50%) алдын ала енгізуі тиіс.

Жүйе мәліметтердің ашық тексерілуін көздеп отыр, оған салықтық ақпарат, зейнетақы аударымдары, отбасы құрамы және басқа да деректер жатады. Егер талаптарға сай келмеген жағдайда, азамат бас тарту алдында тыңдалуға құқылы.

Бақылау және жауапкершілік

Жергілікті атқарушы органдар тұрғын үйдің мақсатты пайдалануын тоқсан сайын тексеруге міндетті. Егер баспананы үшінші тұлғалар пайдаланса немесе туыстармен жалған шарт жасалғаны анықталса, субсидия тоқтатылады және қалпына келтірілмейді.