Ауыл әкімдері төрт жыл мерзімге сайланбақ

409
0

Биыл елімізде барлығы 2533 әкім, соның ішінде ауылдық, кенттік округтердің және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімі сайланатын болады. Бұл — барлық деңгейдегі әкімдердің 91,7 пайызы.

Мамандардың айтуынша, жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы әкімдер 4 жыл мерзімге сайланады. Кандидаттарды ұсынудан сайлау қорытындыларын жасауға дейінгі сайлау іс-шараларының барлық циклін 1 ай мерзім ішінде жүргізу ұсынылады. Кандидаттарды аудан әкімі жергілікті қауымдастықпен кеңескен соң баламалы негізде мәслихатқа ұсынады. Сайлауды қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Кандидаттардың үгіт науқаны сайлаушылармен жиналыс, кездесулер өткізу, сондай-ақ басылымдық және өзге де үгіттеу материалдарын шығару және тарату, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырылады. Кандидаттар бюджеттен бөлінетін қаражаттан басқа, өз сайлау қорының қаражатын пайдалана алады.
Сайлау шамамен 2013 жылдың шілдесінде басталып, қыркүйекте қорытындыланбақ. Сайлаушылар отырысы егер тиісті аудандық мәслихат депутаттарының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болады. Егер сайлау жарамсыз деп танылса, не болмаса екі депутаттың кандидаттыққа дауысқа түсуі кезінде олар сайланбаса, аудандық сайлау комиссиясы қайта сайлау өткізу жөнінде шешім қабылдайды. Қайта сайлау бастапқы сайлаудан кейін екі ай мерзімнен кешіктірілмей өткізіледі.
Сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, осыған дейін елімізде әкімдерге қатысты үш сайлау науқаны өткізілген. 2001 жылы 28 ауыл әкімі сайланса, 2005 жылы 4 аудан әкімі осындай сыннан өткен. Ал 2006 жылы 59 аудан және қала әкімі сайланған.