Әлеуметтік теңсіздіктің зардабы зор

315
0

Бүгінде  қоғам ілгері  дамыған  сайын  бай мен кедейдің  ара-жігі  алшақтап, әлеуметтік  теңсіздік  пайда  болды. Оның зардабының зорына көзіміз жетіп жүр. Әкім-қара, бай-бағландар қарапайым халықты көзге ілмеуге айналды, есебін  тауып, аузындағысын жырып, қолындағысын тартып алуға  бейім. Тап бір, өздерін жарты патшадай  сезінетіндеріне  күмән жоқ.
Өткенде  Түлкібас ауданында  орын  алған  қанды қырғынның  артында әлеуметтік  теңсіздік  тұрғаны анық. Қолында билігі жоқ бейкүнә  жанды шырылдатып, жерін тартып алса, істеген  ақысын бермесе, еткен еңбегінің  өтеуін  көрмесе, ашынбағанда қайтеді. Жаңаөзендегі, Шетпедегі  сойқанның да  соңында әлеуметтік теңсіздік болғаны анық. Жауырды жаба тоқығанда  ұтарымыз  жоқ, тек  ұтылатынымыз рас. Зардабын қара халық  көреді. Осыдан  5-6 жыл бұрын  Сайрам ауданында  да 4,5 мың халықтың қолына жер теліміне ие болуға шешім берілді. Бірақ, сол  халық әлі күнге  жер алған жоқ. Алатын жерлері шаруа  қожалықтарының  жерлері  болып шығып, оған кінәлі лауазымды тұлғаларға  түк те  болған  жоқ, қызметтері өсіп кетті. Зардабын тартқан халық кімге барып мұңдарын  шағарын білмейді. Бірақ «шыдамның да шегі бар», күндердің  күнінде  ашу-ыза сыртқа  шығады.
Әлеуметтік теңсіздік жайлаған елдің ертеңі  бұлыңғыр. Оған  жол  беріп отырғандардың ілуде біреуі  жазаланса  жазаланар, әйтпесе  қарапайым халыққа  доқ көрсетіп, «қолдарыңнан  келгенді істеңдер» деуден  тайынбайтындары тағы шындық.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.