«ҮЗДІК ҮЙІРМЕ ЖЕТЕКШІСІ» – ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕ ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС

Қоғам дамуының негізгі көрсеткіші – сапалы білім мен саналы тәрбие. Ал бұл екеуін тең ұштастырып, болашақ тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін маңызды құралдардың бірі – мектептегі үйірмелер. Бүгінде мектептерде өткізілетін үйірме жұмыстары тек оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен шектелмейді. Олар балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға, кәсіби бағдарын анықтауға, жеке қабілеттерін дамытуға жол ашады.

Осы тұрғыда Түркістан қаласында өткен «Үздік үйірме жетекшісі» қалалық байқауының қорытындысы мен оның облыстық кезеңінде де жалғасқан сәтті нәтижесі – үйірме жұмыстарының мәні мен маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті. Байқаудың облыстық деңгейіндегі жеңімпазы – Әмір Темір атындағы №3 жалпы білім беретін мектебінің қосымша білім беру педагогы Бименгазиева Жанна Түгелбайқызы болды. Бұл – бір педагогтың ғана емес, тұтас білім саласының ортақ жетістігі. Жанна Түгелбайқызының жеңісі – кездейсоқтық емес. Бұл – көп жылғы үздіксіз ізденістің, кәсібіне деген адалдығының, шәкірттеріне деген ықыласының және шығармашылық шеберлігінің нәтижесі. Оның жетекшілігімен жұмыс істейтін үйірмелер – оқушылардың таным көкжиегін кеңейтетін, өнер мен еңбекке баулитын, өмірлік дағдыларды қалыптастыратын алаң. Педагогтың табысы тек байқаудағы марапатпен емес, оның тәрбиелеп шығарған талантты шәкірттерімен де өлшенеді. Жанна Түгелбайқызының шәкірттері облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі сайыстарда топ жарып жүр. Бұл – мұғалімнің тек пәндік білім берумен ғана емес, тәрбиелік, рухани, мәдени бағыттағы жұмыстармен де айналысатынын көрсетеді.

Мектептегі үйірмелер – баланың ішкі әлеуетін тануға мүмкіндік беретін, еркін ойлауға, өз пікірін айтуға үйрететін орта. Үйірме жетекшісі – жай ғана сабақ өткізуші емес, тәрбиеші, жетекші, бағыт-бағдар беруші тұлға. Мұндай қызметке кез келген маман икемді бола бермейді. Сондықтан да бұл саланың үздігін анықтайтын байқаулардың маңызы зор. «Үздік үйірме жетекшісі» байқауы – тек шеберлік жарысы емес, қоғамдағы мұғалім мәртебесін көтеру, қосымша білім беру қызметінің беделін арттыру, шығармашылық тәжірибе алмасу алаңы. Жанна Түгелбайқызының жеңісі де осы үмітті ақтап отыр. Бүгінде мектеп қабырғасында еңбек ететін жас мұғалімдер үшін кәсіби бағыт пен тәрбие жұмысының үйлесімін табу – үлкен сын. Осы орайда тәжірибелі ұстаздар жол көрсетіп, кәсіби шабыт беруші тұлғалар ретінде ерекше рөл атқарады. Жанна Түгелбайқызы – үлгі боларлық ұстаз. Оның жұмыс тәсілі, оқушыға деген қатынасы, шығармашылық ізденісі жас мамандарға бағыт-бағдар береді. Педагогтың жеңісі – тек жеке мансаптағы сәтті қадам емес, жастарға мотивация, ұстаздарға шабыт, білім саласына серпін беретін нәтиже. Бименгазиева Жанна Түгелбайқызының «Үздік үйірме жетекшісі» байқауындағы жеңісі – Түркістан қаласының білім саласындағы ілгерілеуінің, педагог кадрларының кәсіби бәсекеге қабілеттілігінің айқын дәлелі. Үйірме жетекшісінің табысты еңбегі арқылы жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы бағыт-бағдар беріледі. Мұндай байқауларды кең көлемде ұйымдастыру – тек шеберлікті емес, ұстаздар арасындағы тәжірибе алмасуды, өзара қолдауды, білім беру саласының беделін көтеруді көздейді. Осы ретте, Жанна Түгелбайқызы сынды ұстаздарымыздың еңбегі бағаланып, әділ бағасын алып отырғаны – қуантарлық жайт.