ЖАС ДАРЫН – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

Қазіргі таңда білім мен ғылым – ел дамуының стратегиялық басымдықтарының бірі. Сол себепті де дарынды оқушыларды анықтау, оларды қолдау мен ынталандыру – мемлекетіміздің басты назарында. Бұл бағыттағы нәтижелі жұмыстардың бір жарқын көрінісі – Ж.Ташенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейінің оқушысы Орынтай Сымбаттың республикалық олимпиададағы жеңісі.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша 5–6 сынып оқушыларына арналған Республикалық олимпиада – еліміздің әр өңірінен жиналған үздіктердің басын қосатын маңызды білім додасы. Бұл сайыстың қорытынды кезеңінде Орынтай Сымбаттың озық нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атануы – тек жеке жетістік емес, оның артында тұрған үлкен жүйелі еңбектің айғағы. Сымбаттың жеңісі – бүгінгі жас буынның арасынан үздік білімпаздарды іріктеудің тиімді тетігі ретінде олимпиадалардың рөлін айқындай түседі. Мұндай сайыстарда оқушылар тек теориялық білімдерін ғана емес, шығармашылық ойлау, логикалық қабілет, тапқырлық сынды маңызды дағдыларын да көрсетеді. Сымбаттың биік белесті бағындыруы – оқушы, ата-ана және мұғалім арасындағы үйлесімді байланыстың жемісі. Жас дарын иесінің жетістігінде оның пән мұғалімі Айжан Сейтбекованың шеберлігі мен бағыт-бағдары, ата-анасының қолдауы, және мектеп директоры Жаңыл Жарылқасынқызы басқарып отырған білім ордасының ұжымдық жұмысы ерекше рөл атқарғаны анық.
Білім беру сапасы – жеке тұлғаны қалыптастырушы ғана емес, оның әлеуетін ашушы құрал. Бұл тұрғыда Орынтай Сымбаттың жеңісі – Түркістан қаласы мен облысы үшін зор мәртебе. Орынтай Сымбаттың республикалық деңгейдегі жеңісі – жүйелі оқыту, ұстаз еңбегі мен оқушы табандылығының нәтижесі. Бұл – білімге салынған инвестицияның нақты қайтарымы. Мұндай жетістіктер еліміздегі білім беру сапасының артып келе жатқанын көрсетіп қана қоймай, келешекке сеніммен қарауға жол ашады. Білімге құштар, ізденімпаз, еңбекқор ұрпақ – болашақтың кепілі. Орынтай Сымбат – соның жарқын мысалы.