ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ІСТЕР ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР

Түркістан облысының Сауран ауданы – жаңадан құрылғанына қарамастан, экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер бойынша аймақтың серпінді дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналуда. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров БАҚ өкілдеріне берген брифингінде 2025 жылдан бастап іске асқан жобалар мен 2030 жылға дейінгі даму жоспары жөнінде мәлімет беріп, өңірдің болашақ келбеті жайлы нақты бағдар ұсынды.
2025 жылдың басынан бері Сауран ауданында 6,8 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Бұл межеге жету үшін аудан құны 16,4 млрд теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Соның ішінде ерекше назар аударарлық жобалар да бар. Мәселен, «Eco-Chiken» ЖШС – ет бағытындағы құс фермасы, құны 2,5 млрд теңге. Жоба іске қосылған соң құс еті республикалық көлемде экспортқа шығарылмақ. «Ақ Сауран» ЖШС – 700 гектарға жаңбырлатып суару жүйесін енгізуде, инвестиция көлемі – 1,5 млрд теңге. Бұдан бөлек, мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, жергілікті халықты жұмыспен қамтуда маңызды рөл атқарады. Бұл жобалар – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті тиімді үйлестіріп, агроиндустрия бағытындағы жаңа модельдің қалыптасып жатқанын көрсетеді.
Аудан әкімі мәлімдегендей, 2030 жылға дейінгі даму жоспары үш стратегиялық бағытқа негізделген. Бұл бағыттар аясында 254 инвестициялық жоба іске асырылып, 209,3 млрд теңге инвестиция тартылмақ. 4 162 жаңа жұмыс орны құрылуы көзделіп отыр. 2025 жылдың соңына дейін 30 өндірістік кәсіпорын ашылып, медициналық жиһаз, тұрмыстық химия, құрылыс материалдары мен тамақ өнімдері өндірісі жолға қойылады. Жалпы инвестиция көлемі 100 млрд теңге, жаңа жұмыс орындары – 1 500. Бұл – өңірлік индустрияны қалыптастыру арқылы жұмыспен қамтуды арттырудың және халықтың табысын көтерудің тиімді жолы. Сауран ауданында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде 3-еуі республикалық маңызға ие. 2023 жылы ауданда 100 мыңға жуық турист тіркелген. 2024 жылы 9 туристік жоба жүзеге аспақ. Жалпы инвестиция көлемі – 5,3 млрд теңге, 164 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округінде минералды су көздері негізінде емдік-сауықтыру және демалыс аймағы құрылады. Бұл мақсатта 20 гектар жер телімі бөлініп, 5 млрд теңгенің 14 жобасы қолға алынбақ. Бұл бастамалар Сауранды тек тарихи-мәдени емес, сауықтыру туризмінің орталығына айналдыруға бағытталған маңызды қадам.
Сауран ауданы — Түркістан облысының даму қарқыны жоғары, стратегиялық маңызды өңірлерінің бірі. Ауыл шаруашылығы, туризм, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларындағы жобалар ауданның экономикалық әлеуетін еселеп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге тікелей әсер етуде. Аудан әкімдігінің 2030 жылға дейінгі нақты даму жоспары мен оны жүзеге асырудағы табандылығы Сауранды өңірлік даму драйверіне айналдыратыны анық.