ҚАРТТЫҚ – БЕЛСЕНДІ ӨМІР СҮРУ КЕЗЕҢІ БОЛУЫ ТИІС

Қазіргі таңда Қазақстан халқының әлеуметтік құрылымында зейнет жасындағы азаматтардың үлесі жыл сайын артып келеді. Бұл – мемлекеттің, әсіресе жергілікті басқару органдарының қарттармен жұмыс істеу жүйесін қайта қарауды және оларды қоғамның белсенді мүшесі ретінде тануды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан қаласында жұмыс істеп жатқан «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары – өңірлік әлеуметтік саясаттың табысты тәжірибесі.
Түркістан қаласында бүгінде үш бірдей «Белсенді ұзақ өмір» орталығы зейнеткерлерге қызмет көрсетуде. Оның алғашқысы – облыс орталығында, ал қосымша екі филиалы – «Бекзат» және «Отырар» тұрғын алаптарында орналасқан. Бұл орталықтардың ашылуына зейнеткерлер тарапынан үлкен сұраныс түрткі болған. Орталықтардың басты мақсаты – қарт кісілердің өмір сүру сапасын жақсарту, оларды қоғамнан оқшауламау, белсенді қоғамдық өмірге тарту. Бұл – зейнет жасындағы азаматтардың тек денсаулығын сақтау ғана емес, олардың психологиялық-әлеуметтік әлеуетін дамытуды көздейтін кешенді бастама.
Қоғамда жиі кездесетін қате көзқарас – зейнеткерлік жасты өмірдің пассивті кезеңі ретінде қабылдау. Түркістандағы «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары осы стереотипті бұзып отыр. Мұнда зейнеткерлер би үйреніп, музыкалық терапиядан өтеді, қолөнермен айналысып, шығармашылық әлеуеттерін дамытады, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанады, психолог пен заңгерден кеңес алып, өз құқықтарын біледі. Айта кету керек, орталықта ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қалалық Әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева өзі бас болып, әжелерге би үйретіп, рухани демеу көрсетіп келеді. Бұл – рухани тәрбие мен тұлғалық дамуға бағытталған нақты іс.
Орталықтарда қарияларға келесі бағыттар бойынша кешенді көмек көрсетіледі. Олар — әлеуметтік-медициналық (қысым өлшеу, массаж, медициналық кеңес), психологиялық (жеке және топтық кеңестер), құқықтық (зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік қорғау бойынша ақпарат), ағартушылық (дәрістер, семинарлар, танымдық шаралар), шығармашылық және мәдени (ән, би, сурет, қолөнер үйірмелері). Мұның барлығы – зейнеткерлердің өзін-өзі дамытуына, белсенді әлеуметтік рөлін сақтап қалуына және жалғызсырауға қарсы күресте маңызды құрал. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 16 мыңнан астам зейнеткер бар. Бұл – өңір халқының елеулі бөлігі. Осындай ірі әлеуметтік топқа бағытталған «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарының қызметін инклюзивті, кең ауқымды әлеуметтік модель деп айтуға толық негіз бар. Бүгінде бұл орталықтар ерекше сұранысқа ие болып отыр. Мұнда келуші зейнеткерлер өзара араласып, жаңа достар тауып, өмірге деген құлшынысын қайта жаңғыртуда. Халық даналығында «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген ұлағатты сөз бар. Зейнеткерлерге құрмет көрсету – тек адамгершілік парыз емес, стратегиялық мемлекеттік міндет. Түркістан қаласы осы бағытта үлгі көрсетерлік іс атқарып отыр. «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары арқылы қарттар жалғыздықтан құтылып, өз орнын қоғамнан таба алады. Бұл, әсіресе, урбанизация мен жастар миграциясы күшейіп жатқан қазіргі заманда аса өзекті.
Түркістан қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары – қоғам мен мемлекеттің үлкенге деген құрметінің нақты көрінісі. Бұл тек әлеуметтік көмек емес, рухани қолдау, психологиялық серіктестік, тұлғалық дамудың алаңы. Болашақта осындай орталықтар аудан, ауыл деңгейінде де кеңінен ашылса, Қазақстанның зейнеткерлік жүйесі тек материалдық емес, әлеуметтік қамқорлықтың толық моделіне айналары сөзсіз.