ҚЫТАЙҒА ЖАСАЛҒАН ЖҰМЫС САПАРЫ ӨҢІРЛІК ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІН БАСТАДЫ

29
0

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары өңірдің дамуында жаңа стратегиялық кезеңнің басталғанын көрсетті. Циндао қаласына бағытталған бұл сапар — бір реттік экономикалық кездесу емес, технологиялық әріптестік, инвестициялық серіктестік және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған жүйелі бастамалар кешені.

Сапар аясында 20-ға жуық инвестициялық жоба талқыланып, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, логистика мен туризм бағытында нақты келіссөздер жүргізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей инвестициялар тарту, жаңа өндірістер ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмасын басшылыққа ала отырып, Түркістан облысы аймақтық экономиканы әртараптандыру мен халықаралық серіктестікке негізделген даму моделіне көшіп отыр. Нұралхан Көшеров сапар барысында бұл стратегияны нақты жобалармен дәлелдеп, өңірдің ашықтығы мен инвестициялық тартымдылығын көрсетіп берді. Өз сөзінде «Түркістан – тек тарихи және рухани орталық қана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі аграрлық, индустриялық және қаржылық серіктестікке ашық», – деді облыс әкімі. Сапар барысында Түркістан делегациясы әлемдік ауқымдағы кәсіпорындармен бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

«TSINGTAO BREWERY CO., LTD.» – өңдеу өнеркәсібіндегі тәжірибе

1903 жылы құрылған бұл алпауыт кәсіпорын бүгінде 120-дан астам елге өнім экспорттап, Қытайдың ішкі нарығында көш бастап отыр. Компания денсаулыққа пайдалы сусындар өндірісі мен мәдени-көпшілік кеңістіктер ашу бағытында да жұмыс істейді. Түркістан облысы үшін бұл – өңдеу өнеркәсібіндегі заманауи технологияларды меңгеру және халықаралық нарыққа шығу үшін тамаша мүмкіндік.

 

«Qingdao Sigma Chemical Co., Ltd.» – агрохимия мен тыңайтқыш

Ауыл шаруашылығын химияландыру және шегірткемен күрес мәселесі де назардан тыс қалмады. Түркістан облысында дәріленетін аумақ көлемі жыл сайын артып келе жатқандықтан, бұл бағыттағы экологиялық қауіпсіз өнімдер мен жаңа технологиялар аса қажет. Облыс әкімі бұл мәселеде нақты серіктестік орнатуға ниетті екенін жеткізді.

 

«Qingdao International Investment Co., Ltd.» – ұзақмерзімді қаржылық әріптестік

Жарғылық капиталы 1,5 млрд юань болатын бұл мемлекеттік холдинг венчурлік қаржыландыру, цифрлық трансформация, жасыл технологиялар және өңдеу өнеркәсібі бағытында жұмыс істейді. Қазіргі таңда компания 622,6 млрд юань көлеміндегі активті басқарып отыр. Бұл Түркістан үшін технология трансфері мен ұзақмерзімді қаржыландырудың тұрақты көзіне айналуы мүмкін.

Циндао қаласы — Қытайдың ең ірі өнеркәсіптік және сауда орталықтарының бірі. 10 миллионнан астам тұрғыны бар мегаполис 2024 жылы 1,6 триллион юань (шамамен 220 млрд АҚШ доллары) ІЖӨ көрсеткішімен Қытайдың алдыңғы қатарлы қалаларының қатарына кірді. Қаланың құрылымында өңдеу өнеркәсібі, жоғары технологиялар, логистика және агроөнеркәсіптік кешен шешуші рөл атқарады. Мұндай ауқымды экономикалық орталықпен тікелей байланыс орнату — Түркістан облысының жаһандық нарыққа шығуы мен технологиялық жаңаруына берік негіз болады.

Сапар барысында Түркістан өңіріне арналған бірқатар жобалар ұсынылды. Дазэшань жүзімі – климаттық бейімделуі ұқсас аймақта өсетін элиталық сорт. Қытай кәсіпкерлері бұл сортты Түркістанда сынақтан өткізіп, технологиясымен бөлісуге дайын екендіктерін білдірді.  Бұл бастамалар өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, жұмыс орындарын көбейтіп, аграрлық-индустриялық тепе-теңдікке жету жолындағы нақты қадамдар болмақ.

Бұл сапар тек экономикалық әріптестікке емес, технологиялық даму, адами капиталды жетілдіру, сауда-логистикалық тізбекті қалыптастыру және халықаралық нарықтарға шығуға бағытталған. Қытай тарапы Түркістан облысына жоғары қызығушылық танытып, ұсынылған жобаларды жүзеге асыруға ашық екендіктерін көрсетті. Қытайға жасалған бұл жұмыс сапары — Түркістан облысының жаңа даму кезеңіне өткенін нақты дәлелдейді. Өңірлік әкімдік тек ішкі инфрақұрылымды жетілдірумен шектелмей, халықаралық капитал мен технологияны тартуға бет бұрып отыр. Сапар барысында жүргізілген келіссөздер, ұсынылған жобалар және серіктестікке дайын компаниялар — Түркістанды тек тарихи орталық емес, Қазақстанның жаңа экономикалық өсім нүктесіне айналдыруға жол ашады.