КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢҒЫРЫП ЖАТЫР

11
0

Сапалы жол – сапалы өмірдің негізі. Халықтың күнделікті тіршілігіне тікелей әсер ететін инфрақұрылым мәселесі бүгінде еліміздің барлық өңірінде басым бағыттардың біріне айналған. Осы орайда Келес ауданында ауыл ішілік көшелерді жөндеу, жаңарту, жол сапасын арттыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Биылғы жол жөндеу науқанының көлемі де, ауқымы да кең.

2025 жылы Келес ауданында 33,8 шақырым жолды жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл көрсеткіш ауданның инфрақұрылымын біршама жақсартуға бағытталған тың серпіннің айғағы. Қазіргі уақытта бірқатар елді мекендерде асфальт төсеу және жол негізін дайындау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мәселен, Қошқарата ауылдық округінің Жамбыл елді мекеніндегі Ш.Тұрсынбаев көшесінің 2,6 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары басталды. Жобаны «Сарыағаш Сәулет» ЖШС жүзеге асыруда. Бұл – ауыл тұрғындары үшін ұзақ жылдар күткен маңызды жаңалық. Қошқарата ауылдық округінің Алғабас, Жаңақоныс және Қарабура елді мекендеріндегі төрт ішкі көшеге шағал тас төселіп, асфальттау жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайтын бұл көшелердің де тұрғындары көп ұзамай тегіс жолмен жүретін болады. Мұнда техникалық бақылауды «СК Құрылыс инжиниринг» және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» мекемелері қамтамасыз етуде. Бұл – атқарылған жұмыстардың сапасын сақтау үшін аса маңызды фактор.

Келес ауданындағы жалпы жол желісінің ұзындығы 1172 шақырымды құрайды. Өткен жылы бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылды. 2 көше аудандық бюджет есебінен, ал 16 көше «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделіп, асфальтталды. Соның нәтижесінде, аудан көшелерінің 61 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық күйге жетті. Биыл да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 21 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Оның ішінде Ошақты ауылдық округінің Қоңыртөбе, Береке елді мекендерінің 4 ішкі көшесіне және Жүзімдік ауылдық округі Жүзімдік елді мекенінің 11 көшесіне шағал тас төселіп, кейін асфальт төселмек. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы – 17,7 шақырым. Абай ауылы да назардан тыс қалмады. Мұндағы Жамбыл, Асан Қайғы, Б.Қырғызалиев, Төле би, Ә.Жылқышиев гүлзары мен Т.Рысқұлов көшесінің батыс бөлігінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл – тек жол сапасын ғана емес, ауылдың жалпы келбетін жақсартуға бағытталған қадам.

Жыл соңына дейін атқарылатын жұмыстар толық аяқталған жағдайда, Келес ауданындағы ішкі көшелердің 65 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетпек. Бұл – аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырумен қатар, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыс нәтижесі. Осындай іргелі жобалар арқылы ауыл келбеті жақсарып, халықтың елді мекендерде өмір сүруге деген сенімі арта түсуде. Жол – өркениетке бастар жол. Ал оны дамыту – мемлекет пен жергілікті биліктің ортақ міндеті.