САПАЛЫ ИНТЕРНЕТ МӘСЕЛЕСІНІҢ ШЕШІЛЕР КҮНІ АЛЫС ЕМЕС
Бүгінде Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым мәселесін шешу мақсатында ауқымды істер атқарылып жатыр. Әсіресе, қалаға қарасты шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың мәселесі күн тәртібінде тұр. Өңірлердегі толғақты түйіннің бірі – сапалы интернет. Осы бағытта үшінші мегаполисте ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Мәселен, 2024 жылы Шымкент толықтай мобильді интернетпен қамтылады.
Өткен жылы интернет сапасы төмен 14 елді мекенге базалық станция орнатылған болса, биыл 12 елді мекенге қойылып, мобильді интернет желісімен қамту үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарланған. 2023 жылы 11 елді мекенге, 2024 жылы 10 аумақты қамтып, көрсеткіш 100 пайызға жетпек. Осы жылға 71 мың қала тұрғынын қамтитын 12 аумаққа базалық станция орнату жоспарға қойылған болса, бүгінде олар бойынша жер телімдері анықталып, инвесторларға ұсынылған. Қазір бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Маятас, Елтай, Тоғыс, Бозарықта жеке нысан иелерімен келісу арқылы базалық станция орнатылып, іске қосылды. Ал оптикалық интернет қамту үлесін 75 пайызға жеткізу межеленген. Қаладан шалғай орналасқан 15 елді мекенге талшықты оптика желісі қойылады. Тұрғындардың IT сауаттылығын арттыру мақсатында «CIFRO» және робопарк бағдарламалау мектептері ашылды. Онлайн платформа веб-сайттарды әзірлеу, ІОS, андройд платформасында қосымшалар әзірлеу, анимация жасау, ойындар әзірлеу секілді курстар оқытылуда. Бұған дейін қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраманов ақпараттық-коммуникациялық орталығында арнайы баспасөз брифингін беріп, тұрғындарды толғандырған біршама сауалдарға жауап берген еді. «Ағымдағы жылы мобильді байланыс операторларымен интернет сапасы төмен 12 елді мекеннің координатасы келісіліп, сәулет қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары атқарылып, инвесторға ұсынылды. Бүгінде инвестор тарапынан Ақниет, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20-жыл, Азат, Тұран, Асар елді мекендерінен анықталған жер телімдерін қазу, бетон құю және антенна-мачталық құрылғыларды орнату жұмыстары атқарылуда. Ал жеке нысан иелерімен келісу арқылы Елтай, Тоғыс, Маятас және Бозарық елді мекендеріне базалық станция орнатылып іске қосылды. Тиісті жұмыстар жыл соңына дейін атқарылса, 71 000 жуық қала тұрғындарын сапалы мобильді интернетпен қамтылып, жыл соңында сапалы интернетпен қамту үлесі 95%-ға жетеді деп жоспарлануда» деген еді басқарма басшысы өз сөзінде.