ПОРТУГАЛИЯМЕН ТУРИЗМ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ БАҒЫТЫНДА ЖАҢА КЕЛІССӨЗДЕР БАСТАЛДЫ

2025 жылы Түркістан қаласының облыс орталығына айналғанына 7 жыл толады. Осы тарихи шешімнің аясында Түркістан тек әкімшілік орталық қана емес, Қазақстанның рухани-мәдени, туристік және халықаралық байланыстардың жаңа орталығына айналды. Жеті жылдың ішінде бұл көне шаһардың бағыты түбегейлі өзгеріп, заманауи инфрақұрылым мен халықаралық әріптестікке негізделген жаңа даму кезеңіне өтті.
Бүгінде Түркістан шетелдік ресми делегациялар мен іскер топтардың жиі келетін қаласына айналды. Бұл өңірдің ашық саясаты мен инвестициялық тартымдылығын көрсетеді. Осы аптада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Португалияның Қазақстандағы елшілігінің сенімді өкілі Жозе Атаиде Амаралмен кездесті. Бұл кездесу өңір мен Еуропа арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге жасалған нақты қадам болды. Кездесу барысында Түркістан облысының экономикалық, туристік және инвестициялық әлеуеті кеңінен таныстырылды. Өңір басшысы Португалиямен бірлескен жобаларға ашық екенін білдіріп, әсіресе туризм саласында әріптестікті кеңейтуге ниетті екенін атап өтті. Өз сөзінде «Өзіңізбен тарихи Түркістан төрінде жолығып отырғаныма қуаныштымын. Облыстың даму қарқыны жақсы. Инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Португалиямен әріптестік орнатып, жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз. Туризм саласы бойынша да сіздердің тәжірибелеріңізді қарастыруға, Еуропадан келетін туристер санын арттыруға мүдделіміз», – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Түркістан – мыңжылдық тарихы бар қасиетті қала. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, тарихи кешендер мен түркі өркениетінің іздері шоғырланған бұл өңір тек отандық емес, халықаралық деңгейде де мәдени-рухани туризмнің орталығына айналуда. Осы бағытта Түркістан мен Португалия арасындағы әріптестіктің дамуы – Еуропа елдерінен туристер ағынын көбейтуге жол ашады. Жозе Атаиде Амаралдың айтуынша, Түркістанға арнайы келуінің себебі – қазақ халқының мәдениетіне деген қызығушылық пен ынтымақтастық орнатуға деген нақты ниет. Ол түркі дүниесінің жүрегі саналатын Түркістанның соңғы жылдардағы өзгерістеріне оң бағасын берді. «Түркістанның дамуы – таңқаларлық. Сәулеті мен мәдениеті ерекше үйлескен қала. Мұнда туризмнің болашағы зор», – деді мәртебелі қонақ. Сапар аясында ол «VOICE OF TURAN – 2025» қазақ әндерінің халықаралық фестиваліне де арнайы қатысқан. Бұл шара – қазақ музыкасын жаһандық деңгейде насихаттауға бағытталған маңызды мәдени оқиға. Елші өз сөзінде Португалияда қазақ әндерін орындайтын әншілер бар екенін атап өтіп, қазақ музыкасының кәсіби деңгейіне жоғары баға берді. Түркістан облысының экономикалық дамуы да – Еуропалық елдердің қызығушылығын арттырып отырған фактор. 2023–2024 жылдар аралығында өңірге 1,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Жаңа өндіріс орындары, инфрақұрылымдық жобалар мен туризмге бағытталған кешенді бағдарламалар аясында Түркістан тартымды инвестициялық хабқа айналып келеді.
Португалия – теңіз логистикасы, энергетика және жаңартылатын энергия көздері саласында елеулі тәжірибеге ие ел. Осы салада Түркістан облысымен өзара әріптестік орнату мүмкіндігі бар. Туризммен қатар, ауыл шаруашылығы, құрылыс индустриясы және ЖЭК бағытында да ынтымақтастық орнатуға нақты негіздер бар. Португалия елшілігі өкілінің Түркістанға сапары – бұл кездейсоқ саяхат емес, нақты мақсатпен келген миссия. Кездесу екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың басы ғана. Түркістан өңірі өзінің тарихи тамырымен, мәдени байлығымен және қазіргі даму қарқынымен халықаралық әріптестіктің жаңа үлгісін қалыптастырып отыр. Болашақта мұндай кездесулер тек дипломатиялық байланыс шеңберінде ғана емес, нақты жобалар мен келісімшарттар арқылы жүзеге асса, Түркістанның халықаралық аренадағы беделі мен рөлі арта түсетіні анық.