ЖАҢА СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІККЕ ЖОЛ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы – Қазақстанның стратегиялық маңызы зор өңірлерінің бірі. Тарихи, географиялық, экономикалық әлеуеті жоғары бұл аймақ соңғы жылдары көлік-логистика, инфрақұрылым және халықаралық ынтымақтастық салаларында қарқынды дамып келеді. Соның бір айғағы – жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd.» компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй арасында өткен ресми кездесу.
Бұл келіссөз – қос тараптың ұзақмерзімді әріптестікке бағытталған стратегиялық ұмтылысының нақты көрінісі. China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd. – Орталық Азия нарығында жұмыс істейтін, көлік, энергетика, инфрақұрылым және химия өнеркәсібі салаларына маманданған трансұлттық құрылыс-инвестициялық корпорация. Компанияның жарғылық капиталы – 300 миллион юань, бұл оның қаржылық тұрақтылығы мен жобаларды жүзеге асыру қабілетінің жоғары екенін көрсетеді. Қазақстанда бұл компания Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасына қатысу арқылы танымал. Енді олар Түркістан өңіріне назар аударып отыр. Бұл – халықаралық инвесторлардың өңір әлеуетіне деген сенімі артқанын білдіреді. Кездесу барысында бірнеше инфрақұрылымдық жоба бойынша келіссөздер жүргізілді. Атап айтқанда, Түркістан қаласының Шығыс айналма жолы – қалаішілік және қалааралық көлік қозғалысын жеңілдетіп, жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға бағытталған. Өзбекстан шекарасынан Шардара-Арыс бағытына дейінгі жол құрылысы – халықаралық транзиттік дәлізді кеңейтіп, көрші елдермен экономикалық қарым-қатынасты күшейтеді. Бұл жобалар тек ішкі инфрақұрылымды жетілдіріп қоймай, Түркістан облысын Орталық Азиядағы ірі логистикалық хабтардың біріне айналдыруды көздейді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті, мемлекет басшылары арасындағы сенімге негізделген саяси диалогты ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Түркістан – логистика мен транзит саласында орасан зор әлеуетке ие. Аталған жол жобалары өңірдің геоэкономикалық маңызын арттырып, халықаралық байланыстарды нығайтады. Нұралхан Көшеров өз сөзінде былай деді: «Біз бұл жобаның іске асуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің жарқын үлгісіне айналатынына сенеміз». Бұл мәлімдеме өңірлік биліктің сыртқы инвестицияларға ашықтығын, сондай-ақ нақты экономикалық нәтижелерге бағытталғанын көрсетеді. Кездесуде көтерілген маңызды мәселелердің бірі – Түркістан облысында құрылыс материалдарын шығаратын зауыт салу. Бұл жоба іске асса, аймақта жергілікті құрылыс индустриясы дамиды. Жаңа жұмыс орындары пайда болады. Импорттық тәуелділік азайып, ішкі нарық тұрақтанады. Бұл зауыттың іске қосылуы – өңір экономикасын әртараптандыру жолындағы нақты қадам. Қазақстан мен Қытай – көптеген салаларда стратегиялық әріптестер. Қытай – еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. Бұл кездесуде Түркістан облысы бұл ынтымақтастықты өңірлік деңгейде дамытудың нақты үлгісін көрсетті. China Railway Asia-Europe секілді трансұлттық компаниялардың тартылуы – облыстың инвестициялық климатын жақсартуға, халықаралық беделін көтеруге және тұрақты экономикалық өсімге жол ашады.
Түркістан облысы – бүгінде жай ғана мәдени орталық емес, халықаралық экономикалық ынтымақтастықтың маңызды алаңына айналып келеді. China Railway Asia-Europe компаниясымен арадағы кездесулер мен келіссөздер – соның дәлелі. Инфрақұрылым, транзит, құрылыс индустриясы сынды салалардағы жобалар іске асса, Түркістан облысы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның экономикалық қозғаушы күшіне айналуы әбден мүмкін. Билік пен бизнес арасындағы осындай сындарлы диалогтар – өңірдің жаңа дәуірге қадам басқанын көрсететін айқын белгі.