ЖАҢА БУЫНДАҒЫ ЖЫЛЫЖАЙ МОДЕЛІ – АГРОЭКОНОМИКАНЫҢ БОЛАШАҒЫ

31
0

Қазақстандағы агроөнеркәсіп саласы соңғы жылдары жаңғыртудың жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Бұл өзгерістер әсіресе Түркістан облысында айқын байқалуда. Өңір ауыл шаруашылығының түрлі саласында алдыңғы қатарға шығып, инновациялық жобаларды жүзеге асыруда. Соның бірегей мысалы – кешенді жылыжай жобасы. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытай Халық Республикасының мемлекеттік компаниясы өкілдері арасындағы кездесу барысында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа, көпсалалы бастама талқыланды.

Бұл жоба – тек көкөніс өсірумен шектелмейді. Аграрлық өндіріс, білім, ғылым және туризм салаларын бір арнаға тоғыстырған кешенді инфрақұрылым ретінде жоспарланған. Осы арқылы Түркістан облысы – еліміздің жылыжай агробазасының жаңа орталығына айналмақ. Кешенді жылыжай жобасы инновациялық технологияларға негізделген. Жоспар бойынша Түркістан облысында бірнеше автоматтандырылған жылыжай кешендері, көкөніс өсіру алаңдары, болат құрылымдарын өндіретін зауыт және агротуризмге арналған ашық демалыс алаңы құрылады. Мұның барлығы бір индустриалды аумақта топтастырылып, жоғары деңгейдегі инфрақұрылыммен қамтылады. Жаңа жылыжайлар – толық автоматтандырылған, яғни ылғалдылық, жарық, температура сынды факторлар цифрлық жүйе арқылы басқарылады. Бұл өнім сапасын арттырып, шығынды азайтады. Сонымен қатар, тамшылатып суару, заманауи жылыту жүйелері және күн энергиясын пайдалану секілді «жасыл технологиялар» қолдану көзделуде.

Аталған жоба ерекше бір тұсы – аграрлық өндірісті ғылыми-зерттеулермен тығыз байланыстыру. Түркістан облысындағы жоғары оқу орындары мен колледждер базасында арнайы ғылыми-тәжірибелік орталықтар құрылып, студенттер мен зерттеушілер жаңа агротехнологияларды сынақтан өткізе алады. Бұл орталықтарда жаңа сорттар шығару, зиянкестермен күресудің экологиялық әдістері, тыңайтқыштардың тиімді формулалары сынды тәжірибелік зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар, алынған ғылыми нәтижелер жеке қосалқы шаруашылықтар үшін бейімделіп, ауыл тұрғындарына табыс көзі ретінде ұсынылады. Бұл – ауыл мен ғылым арасындағы нақты байланыс орнатудың үлгісі. Жоба аясында агротуризм бағыты да кең көлемде дамытылмақ. Түркістанның табиғи-климаттық әлеуеті мен тарихи-мәдени құндылықтары бұл бағытты табысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы туризмі шетелдік және отандық туристер үшін жаңа форматтағы демалыс түрін ұсынады. Келушілер өз қолымен көкөніс жинап, ұлттық тағамдарды әзірлеуге қатысып, жылыжайларды аралап, ауыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігімен таныса алады. Бұл бағыт ауыл туризмін қалалық демалыс түрлерімен ұштастырып, ауыл шаруашылығының танымдық және экономикалық құндылығын арттыра түседі. Агротуризм – тек көңіл көтеру емес, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытудың, шағын бизнесті қолдаудың тиімді құралы.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кездесуде Түркістанның инвестициялық тартымдылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, өңірде дайын инфрақұрылыммен қамтылған индустриалды аймақтар, «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы және білікті еңбек ресурстары бар. Облыста аграрлық салада жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған. «Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде жылыжайда көкөніс өсіру бағыттары елімізде жетекші орын алады. Біз өнім сапасын жетілдіруге және технологиялық даму деңгейін арттыруға баса мән беріп отырмыз. Осы мақсатта заманауи агротехнологияларды енгізу, логистика мен экспортты дамыту жұмыстарын қолға алып отырмыз», – деді Нұралхан Көшеров. Сонымен қатар, әкім Қазақстан мен Қытай компаниялары арасындағы бірлескен жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді. Қазіргі таңда Түркістан облысы республика бойынша жылыжай өндірісінде көш бастап тұр. Елдегі 1 289 жылыжайдың жалпы көлемі 713 гектарды құрайды. 2023 жылы облыс 83 931 тонна көкөніс өндірген. Бұл көрсеткіш – климаттық жағдай мен заманауи тәсілдердің тиімді үйлесімінің нәтижесі. Жаңа жоба іске қосылған жағдайда өндіріс көлемі еселеп артып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеует те нығая түспек.

Түркістан облысында қолға алынған кешенді жылыжай жобасы – көп саланы біріктіретін жаңа үлгідегі даму моделі. Ауыл шаруашылығы, ғылым, білім, кәсіпкерлік пен туризм – барлығы бір орталықта шоғырланып, өзара ықпалдастықта жұмыс істемек. Бұл – экономикалық әртараптанудың және технологиялық жаңғырудың нақты көрінісі. Егер жоба толық іске асса, Түркістан – Орталық Азиядағы агроинновациялық хабқа айналуы әбден мүмкін. Ең бастысы – мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасын арттырып, өңірлік дамудың жаңа парағын ашады.