500-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТТЫҢ МӘСЕЛЕСІ ТЫҢДАЛДЫ

23
0

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесі Еңбекші ауданында кезекті көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындармен тікелей кездесу ұйымдастырды. Іс-шараға партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова, аудан әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет, сондай-ақ тиісті басқармалар мен құқық қорғау органдарының мамандары қатысты. Мұндай кеңейтілген құрам тұрғындардың көтерген мәселелеріне жедел әрі нақты жауап беруге бағытталған.

Көшпелі қабылдау барысында ауылдық және қалалық аумақтардан келген азаматтар инфрақұрылымның жетіспеушілігі, жол және жарықтандыру мәселелері, баспанаға байланысты сұрақтар, денсаулық сақтау саласындағы қиындықтар мен әлеуметтік қолдау бағытында бірқатар өтініштерін білдірді. Мамандар әр азаматты жеке қабылдап, жағдайын тыңдап, өз құзыреті аясында түсініктеме берді және шешу жолдарын көрсетті. Кейбір мәселелер сол жерде-ақ қарастырылып, жедел шешілді. Ал қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылау тетігіне қойылды. Бұл жүйе тұрғындар шағымының аяқсыз қалмауын қамтамасыз етуге бағытталған. Кезекті шара барысында сөз алған Ербол Байқонысов партияның қоғаммен байланыс орнатудағы басты мақсаттарының бірі — халықтың мәселесін жергілікті жерде тиімді шешу екенін айтты. Оның айтуынша, көшпелі қабылдаулар — азаматтардың даусын уақытылы естуге және тиісті органдардың жедел әрекет етуіне мүмкіндік беретін маңызды алаң. Әрбір өтініш партия тарапынан бақылауда ұсталып, шешім табылғанға дейін қадағаланады. Статистикалық деректерге сүйенсек, биылғы жылдың басынан бері «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Құқықтық көмек» жобасы аясында қалаға қарасты шалғай елдімекендерде 27 мобильді қабылдау ұйымдастырған. Осы қабылдаулар барысында 491 азаматтың өтініші тыңдалып, оның 59 пайызы оң шешімін тапқан. Бұл көрсеткіш партия жұмысының нақты нәтижесін әрі тұрғындармен кері байланыстың күшейгенін көрсетеді.

Партия өкілдерінің айтуынша, көшпелі қабылдаулар алдағы кезеңде де тұрақты түрде өткізілетін болады. Себебі мұндай кездесулер халықтың талап-тілегін, ұсыныстарын және күнделікті өмірде кездесетін мәселелерін жақыннан білуге мүмкіндік береді. Тұрғындар үшін де бұл — өз өтінішін жауапты органдарға тікелей жеткізіп, нақты көмек алуына қолайлы әрі тиімді тәсіл. Партияның айтуынша, халықтың сенімін арттыру, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосу және жергілікті деңгейдегі мәселелерді уақытылы шешу — қабылдаулардың негізгі мақсаты болып қала бермек.