Жүктілік ауру емес, физиологиялық құбылыс

325
0

Жүктілік ұрықтанудан басталады. Адам ұрығының қағанақ (амнион), бүр (хорион) қабықтары болады. Бүр жатыр денесіне еніп, жатыр клеткаларымен қосылуының нәтижесінде бала жолдасы пайда болады. Бала жолдасы ұрықты ана организмімен байланыстырады. Қағанақ ішінде ұрықты қоршап жатқан қағанақ сұйығы бар. Қағанақ сұйығы ұрықты түрлі зақымданудан сақтайды. Сондай-ақ, ұрық өзінің өсіп дамуына қажетті минералды заттарды осы сұйықтан алады. 7-тәулікте ұрық жатырдың шырышты қабығына енеді.
Жүктілік кезінде әйел организмінде  күрделі физиологиялық өзгерістер байқалады. Әйелдің сыртқы бейнесі, жүрісі өзгереді, бетіне сепкіл түседі. Тері қабаттары өзгереді. Жатырдың өсуіне байланысты құрсақ созылып, іштің ақ жолағы кеңейеді.
Ішкі секреция бездерінің де  қызметі өзгереді. Бала жолдасының гормон бөлуіне байланысты әйелдің сүт бездерінің көлемі ұлғайып, емшек ұшын қысқанда сары уыз — сұйық зат бөлінеді. Жүректің соғуы жылдамдап, қан мөлшері артады. Қан тамырлары кеңейіп, газ алмасу процесі жақсы жүреді. Ұрықтың дұрыс қалыптасып өсуі ананың денсаулығына, жасына, қанша бала тапқанына байланысты болады. Мысалы, түрлі аурулар (туберкулез, тұмау, диабет, бауыр ауруы, т.б.), дұрыс тамақтанбау немесе кейбір дәрі-дәрмекті дәрігердің рұқсатынсыз қабылдау, сондай-ақ, шылым шегу мен алкогольді сусындарды ішу — жүктіліктің қалыпты дамымауына әкеліп соқтырады.
Жүкті әйел мезгілімен жатып, күніне 8-9 сағат ұйықтап, витамині мол көкөніс, жеміс-жидек, т.б. тағамдарды ішу қажет. Сондай-ақ гигиена талаптарын дұрыс орындап, денесін қыспайтын киім киіп, тазалық сақтауы, дәрігер белгілеген гимнастикалық жаттығуларды үзбей орындауы қажет. Денешынықтырумен шұғылданған әйел тез әрі жеңіл босанады. Жүктіліктің ұзақтығы-280 күн (40 апта). Жүкті әйелдер перзентханада босанып, үйге шыққан соң әйелдер кеңесінің, акушер-гинекологтің бақылауында болуы қажет.

 

Ж.ӘУЕЗОВА,
№2 Шымкент қалалық перзентханасының акушеркасы.