Конго-Қырым қанды қызбасы

237
1

Көкала-аса қауіпті жұқпалы ауру. Бұл ауру көктем, жаз мезгілдерінде көбірек кездеседі.Иксод кенелері қансорғыш жәндіктердің қатарына жатады. Көктем, жаз айларында өсіп — өнуі  үшін аса белсенділік танытып, жануарларға, сонымен қатар малдарға және адамдарға қан сору үшін шабуыл жасайды.
Адам денесіне кене білдірмей және ауыртпай, терінің жұмсақ жеріне жабысып, қан сорады. Иксод кенесі көкала ауруы қоздырғышының негізгі тасымалдаушысы болып табылады. Кене ұрпақтан-ұрпаққа осы қоздырғыштардың тұқымын сақтап, таратып отырады.
Сондықтан, адамдар жеке бастың тазалығын сақтамай, кенені қолымен алып, езген жағдайда және қой қырқымы кезінде кененің қаны шашырап жұғуы мүмкін. Ауырған адам өзімен қатынастағыларға  қауіп төндіреді. Аурудың қоздырғышы сырқаттың қанында, ішектен қан кеткенде, құсықта, нәжісте болады. Көкала ауруының жасырын кезеңі 2 күннен 12 күнге дейін. Содан кейін науқас адамның дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Басы, буындары сырқырап ауырады, көзі мен тамағы қызарып, тамаққа тәбеті болмайды. Аурудың 2-5ші күндері мұрнынан, асқазан, ішектен, әйелдердің жатырынан қан кетеді. Науқастың денесі бөртеді, қолмен теріні басқанда немесе шымшығанда қанталап, көгеріп кетеді. Науқас адам дер кезінде  дәрігерге көрінбесе ауру асқынып, өлім жағдайына алып баруы, сонымен қатар қасындағы адамдарға да жұқтырып, таратуы мүмкін.
Сондықтан, аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде немесе кене шаққан жағдайда дер кезінде дәрігерге көріну керек.Адамды кене шақпауы үшін, табиғат аясына демалуға немесе жұмыстармен шыққан жағдайда қала дәріханаларының бәрінде сатылатын репеленттерді (жәндіктерді қорқытатын заттар) қолдану қажет.
Кене шаққанын байқасаңыз:
— кененің басы теріге кірген жеріне өсімдік майын тамызып, күту қажет. Өзі түседі немесе абайлап жіппен, қысқышпен (пинцет) шығарып алып, отқа жағыңыз.
— шаққан жерді йод ерітіндісімен сүрту керек.
— қой қырқым немесе малдарға күтім жасаған кезде қолға қолғап, үстіңізге арнайы киім киген жөн.
— орман, тоғайда жүргенде, мал қораны тазалаған кезде үстеріңізді мұқият қарап жүріңіздер.
— өрістен келген малдардан, мал қорадан кенені көрсеңіз, оны қолғаппен теріп, отқа жағыңыз.
— еш уақытта қолмен кенені езбеңіз.

Ә. Қ. Төлебаев,
ҚР ДСМ МСЭҚК-нің ОҚО бойынша департаментінің Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы.