ДІН МӘСЕЛЕЛЕРІН ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

41
0

Шымкент қаласындағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов мекеменің кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізіп, еліміздің кәсіподақ жүйесіндегі маңызды жаңалықтармен бөлісті.

Бұл кездесу — Қазақстандағы еңбек қозғалысының жаңа бағытын талқылауға арналған маңызды диалог алаңы болды. Басқосу барысында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезінің, сондай-ақ «Қызмет» салалық кәсіподағының XII съезінің шешімдері кеңінен таныстырылды. Серік Елемесұлы өз сөзінде қазіргі таңда кәсіподақтар қызметі тек еңбек қатынастарын қорғаумен шектелмей, әлеуметтік әділеттілік, цифрландыру, қауіпсіз еңбек, жастар саясаты және гендерлік теңдік мәселелерін де қамтитынын атап өтті. 2025–2030 жылдарға арналған стратегиялық бағдарлама – осы бағыттағы нақты жоспарларды қамтитын кешенді құжат. Ол еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік әріптестікті нығайту, кәсіподақтардың институционалдық рөлін арттыру секілді міндеттерді көздейді. Кәсіподақтың даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын негізгі бағыттарға мыналар жатады — жұмыс орындарындағы әділетті еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, еңбекақының әділ жүйесін қолдау, жастар мен әйелдердің кәсіподақтағы белсенділігін арттыру, кәсіподақтардың цифрлық трансформациясын жүзеге асыру және әлеуметтік диалог пен қоғамдық бақылау жүйесін жетілдіру. Кездесу соңында ақпараттық түсіндіруді үйлестіру және діни талдау жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бексұлтан Жұмаханұлы Жұмаділлә кәсіподақ ұйымындағы белсенділігі мен өз саласына қосқан үлесі үшін «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат – тек жекелеген қызметкердің еңбегіне берілген баға ғана емес, ұжымдық еңбекке деген құрметтің белгісі. Сонымен қатар, мекеме ішіндегі кәсіподақ ұйымының белсенді қызметін айқындайтын маңызды көрсеткіш.

«Қызмет» салалық кәсіподағы бүгінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджет саласы мамандарының құқықтарын қорғап, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуде маңызды рөл атқарып келеді. Оның Шымкент қалалық филиалы да өңірдегі түрлі ұйымдарда кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін жүйелі қорғаумен қатар, еңбек адамының мәртебесін көтеру, ұжымішілік ынтымақтастықты арттыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. «Дін мәселелерін зерттеу орталығында» өткен бұл кездесу кәсіподақ қызметінің жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді. Еңбек қатынастары ғана емес, қоғамдық процестерге белсене араласатын, әділеттілік пен тұрақтылықтың тірегіне айналған кәсіподақ қозғалысының әлеуеті артып келеді. Осындай форматтағы кездесулер – мүшелермен тікелей пікір алмасудың, өзекті мәселелерді ортаға салудың және ортақ шешімдер қабылдаудың тиімді алаңы болып отыр. Ал «Қызмет» кәсіподағы – сол диалогтың сапалы әрі нәтижелі жүруінің кепілі.