ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС БЕРІЛДІ

Қазіргі Қазақстан қоғамында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты мен мемлекеттік қолдауға қолжетімділігі – басты басымдықтардың бірі. Бұл бағыттағы нақты жұмыстардың қатарында халықпен тікелей байланысты нығайту, өтініштерді жедел қарау және шешім қабылдаудың ашық тетіктерін қалыптастыру маңызды рөл атқарады. Осы орайда «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында жүзеге асырылып жатқан «Құқықтық көмек» партиялық жобасы – азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік сұраныстарына нақты жауап беріп отырған тиімді алаң.
Кезекті қабылдау барысында Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева тұрғындардың жеке мәселелерін тыңдап, олардың өтініш-тілектеріне заң шеңберінде жауап берді. Қабылдау «AMANAT» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде өтті. Қабылдауға келген азаматтардың негізгі сұрақтары атаулы әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу, мүгедектік рәсімдеу және сауықтыру орындарына жолдама алу мәселелері төңірегінде болды. Бұл – тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін аса маңызды мәселелер. Мәселен, Қазына көшесінің тұрғыны, зейнеткер денсаулығына байланысты сауықтыру орнына жолдама алу жолдарын білуге келген. Басқарма басшысы Жанат Утебаева бұл бағытта зейнет жасындағы азаматтарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, әлеуметтік қолдау түрлері және жолдама беру тәртібі туралы кеңінен түсініктеме беріп, нақты жауап ұсынды. Қоғамдық қабылдау барысында жұмыс іздеп келген бірнеше азамат сол күні-ақ жұмысқа орналастырылды. Бұл – қабылдаудың тек кеңес берумен шектелмей, нақты нәтиже беретінін көрсетеді. Тиісті мамандар өтініш иелерімен тікелей байланысып, олардың мамандығы мен қабілетіне сай бос жұмыс орындарын ұсынып, жолдама берді. Мұндай тәсіл — мемлекеттік органдардың халыққа қолжетімді болуына, бюрократиялық кедергілерді азайтуға және әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам.
Жанат Утебаева қабылдауға келген әр азаматтың өтінішіне ерекше назар аударып, олардың жағдайын жекелей қарастырды. Заң талаптарына сәйкес берілген жауаптар мен ұсыныстар ашық әрі түсінікті түрде жеткізілді. Бұл – халықтың мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін арттырып, билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын маңызды фактор. «Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың мәселесіне бей-жай қарамай, олардың өтініш-тілектерін заң шеңберінде шешуге ықпал ету. Қолдау қажет жандарды назардан тыс қалдырмау – біздің ортақ міндетіміз» деді басқарма басшысы. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары қала тұрғындары үшін ашық диалог алаңына айналып отыр. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай қабылдаулар тұрақты түрде өткізіліп келеді және жоспарлы түрде алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бұл – халықпен кері байланыстың қалыптасқанын және оны партия өз қызметінің басым бағыты ретінде қарастырып отырғанын дәлелдейді. Шымкент қаласында өткен бұл қоғамдық қабылдау — мемлекет пен азамат арасындағы ашықтық пен жауапкершіліктің көрінісі. Әлеуметтік қолдау мен құқықтық көмек мәселелері бойынша партия мен мемлекеттік орган өкілдерінің бірлесіп жұмыс істеуі — жүйелі және нәтижелі жұмыстың үлгісі.