КӘСІПОДАҚТЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ – ӘДІЛ ЕҢБЕК ПЕН ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАН

33
0

Шымкент қаласы бойынша Қазынашылық департаментінде «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы кәсіподақ мүшелерімен кезекті кездесуін өткізді. Кездесуге филиал төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов арнайы қатысып, кәсіподақ жұмысының жаңа кезеңдегі бағыттары мен мақсаттары туралы кеңінен баяндады.

Жиын барысында төраға Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезінің және «Қызмет» салалық кәсіподағының XII съезінің негізгі шешімдеріне тоқталып, 2025–2030 жылдарға арналған кәсіподақтардың даму бағдарламасын таныстырды. Серік Елемесұлы өз баяндамасында қазіргі заманғы кәсіподақтардың міндеті тек еңбек шарттарын қорғаумен шектелмейтінін, сонымен қатар әлеуметтік әділеттілік орнату, жұмыскерлердің әл-ауқатын арттыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді маңызды бағыттарды қамтитынын атап өтті. Кездесу соңында Қазынашылық департаментінің бірқатар қызметкерлері кәсіподақ тарапынан салалық марапаттармен марапатталды. Бұл – кәсіби міндетіне адал, жауапты әрі белсенді мамандарға көрсетілген лайықты құрмет. Тарқатсақ, операциялық бөлімнің бас маман-бас қазынашысы Мамыраева Дариха Ергешалиқызы «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды. Бұл белгі – ұзақ жылғы адал қызметі мен кәсіби біліктілігі үшін берілетін жоғары кәсіподақтық награда. Сонымен қатар сол бөлімнің бас маман-бас қазынашысы Нурметова Гүлзира Мұратәліқызы «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ал әкімшілік-құқықтық бөлімнің бас маманы Қали Аян Дүйсенұлы «Алғыс хатпен» марапатталды. Бұл марапаттар ұжым ішіндегі еңбек мәдениетін қалыптастыруға, қызметкерлердің ынтасын арттыруға және корпоративтік рухты нығайтуға зор үлес қосатыны сөзсіз.

Шымкент қаласы бойынша Қазынашылық департаментіндегі бұл кездесу кәсіподақ қозғалысының жаңа кезеңге аяқ басқанын, еңбек ұжымдарымен ашық диалог орнатып, нақты мәселелерді бірлесе шешуге дайын екенін көрсетті. «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы алдағы уақытта да қала мекемелеріндегі кәсіподақ ұйымдарымен тығыз жұмыс жүргізіп, еңбек адамын қорғау мен қолдаудың нақты тетіктерін іске асыруды жалғастырмақ.