МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ – МӘРТЕБЕЛІ МІНДЕТ

«Қызмет» салалық кәсіподағының ел көлемінде жүргізіп отырған жүйелі жұмыстарының бірі – еңбек ұжымдарымен ашық сұхбат орнату, кәсіподақтың стратегиялық бағыттарын таныстыру және сала қызметкерлерінің еңбегін бағалау. Осы мақсатта «Шымкент қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде ерекше мазмұнға ие кездесу өтті.

Кездесуге «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов пен аппараттағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Асылан Жұмабайұлы Келімбетов қатысты. Іс-шара барысында кәсіподақ мүшелерімен маңызды сұхбат жүргізіліп, салалық кәсіподақтың стратегиялық бастамалары кеңінен талқыланды. Жиында Серік Әуесханов «Қызмет» салалық кәсіподағының XII-съезінде қабылданған шешімдермен егжей-тегжейлі таныстырып, ұйымның 2025–2030 жылдарға арналған даму бағдарламасы туралы баяндама жасады. Бағдарламада қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек ортасын қамтамасыз ету, әлеуметтік әріптестікті нығайту және салалық кәсіподақтың заманауи бағытта даму тетіктері нақты белгіленген. Кәсіподақ өкілі басқарма қызметкерлерін осы бағдарламаны бірлесе жүзеге асыруға шақырып, бастауыш ұйымдармен тікелей жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды. Жиын 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орайластырылып өткізілгендіктен, кездесу соңында аппараттың бірқатар қызметкерлері кәсіподақ наградаларымен марапатталды. Бұл марапаттар – адал еңбектің, жауапкершіліктің және қоғамдық белсенділіктің нақты бағасы. «Еңбек озаты» төсбелгілерімен марапатталғандар — қала әкімі аппаратының бас инспекторы Мустафа Ерлан Сайыпназарұлы, қала әкімі аппаратының бас инспекторы Тасполатова Динара Маратқызы. Бұдан бөлек, бірқатар мамандар Құрмет грамотасына ие болды. Бұл марапаттар мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы жауапты миссиясын абыроймен атқарып келе жатқанының дәлелі ретінде табысталды.

Жиын соңында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Асылан Жұмабайұлы Келімбетов сөз алып, кәсіподақ тарапынан көрсетілген құрметке ұжым атынан алғыс білдірді. Ол «Қызмет» салалық кәсіподағының атқарып отырған жүйелі жұмысын жоғары бағалап, алдағы кезеңде бірлесе атқарылатын жұмыстарға табыс тіледі. «Шымкент қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде өткен бұл кездесу – кәсіподақ пен мемлекеттік қызмет саласының ынтымақтастықта жұмыс істеуінің нақты көрінісі. Кәсіподақ тек еңбек құқығын қорғаушы ғана емес, сонымен қатар кәсіби мерекелерде қызметкердің еңбегін лайықты бағалайтын, ұжымдық рухты нығайтатын сенімді серіктес.