КАНАЛ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

Қоғаммен ашық диалог орнату, азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді дер кезінде шешу – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта Қаратау ауданы әкімдігі мен «AMANAT» партиясының аудандық филиалы тығыз ынтымақта жұмыс жүргізіп келеді. Жуырда Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевтың жеке қоғамдық қабылдауы барысында Нұрсат шағын ауданының тұрғыны аудан әкімдігіне нақты мәселемен жүгінді. Ол Нұрсат шағын ауданы орталық аллеясындағы су жүретін каналдардың бұзылып, істен шыға бастағанын айтып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді сұраған болатын.
Азаматтың өтінішіне бейжай қарамаған аудан басшысы Алмас Емелтайұлы Абаев бұл мәселені дереу назарға алып, «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Кеңесұлымен ақылдасты. Қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – халықтың үніне құлақ асу екенін ескеріп, тұрғынның өтінішіне нақты әрекетпен жауап беру қажет деген шешімге келді. Мәселе көтерілген сәттен бастап жергілікті әкімдік тарапынан тиісті зерделеу жұмыстары жүргізіліп, каналдың қазіргі техникалық жағдайы толықтай тексерілді. Осы негізде қалпына келтіру жұмыстарының жоспары жасалып, қысқа мерзім ішінде іске асырылды. Көп ұзамай Нұрсат шағын ауданындағы орталық аллеяда орналасқан су жүретін каналға жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Каналдың құрылымы қайта қаралып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ететіндей күйге келтірілді. Бұл — тұрғынның өтініші негізінде қолға алынған нақты әрекеттің жемісі. Қазір канал қайтадан толыққанды жұмыс істеп тұр, бұл тек аула мен аллея көркін арттырып қана қоймай, аумақтағы санитарлық жағдайды жақсартуға да оң әсер етпек.
Бұл жағдай жергілікті билік пен партия филиалының бірлесе әрекет етуінің, халықпен ашық жұмыс жүргізуінің жарқын үлгісі саналады. Қарапайым азаматтың дауысы естіліп, шынайы нәтиже беріп жатқаны – мемлекет пен қоғам арасындағы сенім көпірінің берік екендігін дәлелдейді. Мұндай қоғамдық қабылдаулар – тұрғындар үшін өз пікірін білдіруге, нақты көмек сұрауға мүмкіндік беретін тиімді алаң. Әкімдік пен партия тарапынан мұндай сұхбат алаңдарын ұйымдастыру «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді. Нұрсат шағын ауданындағы орталық аллея каналдарының қалпына келтірілуі – бұл тек бір мә селенің шешімі ғана емес, билік пен халық арасындағы тиімді әрекеттестік пен сенімді диалогтың көрінісі. Қарапайым тұрғынның көтерген мәселесі ескеріліп, нақты шешім қабылдануы – жауапты мемлекеттік қызметтің шынайы үлгісі.