ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРГЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ – КӘСІПОДАҚТЫҢ НАҚТЫ ҚОЛДАУЫ

20
0

Қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен дамуы мемлекеттік қызмет саласының тиімділігіне тікелей байланысты. Ал осы саланың тыныс-тіршілігі, қызметкерлердің құқықтық қорғалуы мен кәсіби қолдауы – кәсіподақ ұйымдарының басты назарындағы мәселе. Бұл бағытта «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының атқарып отырған жұмыстары аймақтағы еңбек ұжымдарымен жүйелі байланыс орнатып, нақты нәтижеге бағытталған іс-шаралармен ерекшеленіп отыр.

Осыған дәлел – жуырда өткен Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасындағы кездесу. Бұл жиын кәсіподақ пен мемлекеттік мекеме арасындағы әлеуметтік әріптестіктің айқын үлгісі болды. Кездесуге «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов, басқарма басшысы Нұрбол Жүнісбеков және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбдімәлік Балбаев қатысты. Басқосу барысында «Қызмет» салалық кәсіподағының XII-съезінде қабылданған шешімдер және 2025–2030 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасы таныстырылды. Съезд шешімдері – еңбек қатынастарының ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз етуге, қауіпсіз еңбек ортасын құруға және әлеуметтік әділдікке негізделген жаңа кезеңнің бастауы. Бұл құжат мемлекеттік қызметшілерге де тікелей қатысты. Себебі, кәсіби ортадағы мотивация, құқықтық сауаттылық, әлеуметтік қолдау – мемлекеттік қызметтің тұрақтылығы мен сапасының тірегі. Жиын соңында басқарма қызметкерлеріне кәсіподақтың арнайы наградалары табысталды. Бұл марапаттар – тек мадақтау емес, кәсіподақ тарапынан жасалған шынайы бағалау мен құрметтің белгісі. Марапаттарға келсек, «Еңбек озаты» төсбелгісі – басқарма басшысының орынбасары Төлебаев Көпжанға табысталды. Бұл марапат кәсіби біліктілік пен ұжымдағы көшбасшылық қасиетті танудың дәлелі. «Құрмет грамотасы» басқарманың әдіскері Тұрсынбекова Ұлжанға берілді. Бұл оның жауапкершілігі мен қызметіне деген адалдығының көрінісі. «Алғыс хатпен» басқарманың әдіскері Тұрғанбек Ақерке марапатталды. Ол – жас маман ретінде ұжымдағы белсенділігімен танылған қызметкер.

Кездесу соңында басқарма басшысы Нұрбол Жүнісбеков сөз алып, «Қызмет» салалық кәсіподағына алғыс білдіріп, ұйымның жүйелі жұмысына оң баға берді. Ол кәсіподақтың еңбек ұжымымен тығыз байланыс орнатып, нақты істерге негізделген бастамаларын қолдайтынын атап өтті. Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасында өткен бұл кездесу бірнеше маңызды үрдісті айқындап берді. Кәсіподақ пен мемлекеттік мекеме арасындағы серіктестік жаңа мазмұнға ие болуда. Бұл серіктестік – бір реттік іс-шара емес, тұрақты диалогқа, өзара түсіністікке негізделген байланыс жүйесі. Мемлекеттік қызметшілердің еңбегі лайықты бағаланып келеді. Кәсіподақ тарапынан көрсетілетін құрмет – қызметкерлердің кәсіби мотивациясын арттырады. Тұрғын үй басқармасындағы кездесу – кәсіподақ пен мемлекеттік мекеменің ортақ жауапкершілікпен жұмыс істей алатынын дәлелдеген мазмұнды іс-шара. Еңбек адамының мүддесін қорғап, кәсіби мерекеде құрмет көрсету – бұл кәсіподақтың қоғамдағы орны мен беделін арттыратын маңызды қадам. Мұндай кездесулер тек марапатпен шектелмей, келешекте де еңбек қатынастарын дамытатын, құқықтық мәдениетті арттыратын алаң ретінде жалғасын табуы қажет.