ҚАЛАДА ЕКІ ЕМХАНАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

72
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов “Shymkent” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен №14 емдеу орталығының инвестициялық жобаларының жүзеге асырылуын тексерді. Алдымен Құрсай шағын ауданындағы тәулігіне 450 келушіге арналған емхана құрылысымен танысып, жұмыс барысын бақылады.
Мұнда қазір бригадалар жер қазу жұмыстарын жүргізуде. Заманауи талапқа сай жабдықталатын емханада жоспарға сәйкес цифрлық рентген, УДЗ аппараттары, аудиометр, ЛОР комбайн, электроэнцефалограф орнатылады. Мұнда 150 адам жұмыспен қамтылады. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Ынтымақ-2 шағын ауданында тәулігіне 350 келушіге арналған емхана бой көтеріп келеді. Мұрат Дүйсенбекұлы нысанда болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Жеті блоктан тұратын ғимаратта отбасылық денсаулық орталығы, стационарлық бөлімше, консультациялық-диагностикалық бөлімше қарастырылған. Соңғы үлгіде жабдықталатын емхана биыл қолданысқа беріледі. Емдеу орталықтары аталған аумақтардағы емханалардың жүктемесін жеңілдетіп, жергілікті тұрғындарға медициналық қызметтерді қолжетімді етеді. Құрылыс барысын көрген қала әкімі жауаптыларға ғимараттардың талапқа сай жабдықталуын қадағалап, жұмыстарды сапалы әрі өндірістік кестеге сай жүргізуді тапсырды.
Айта кету керек, соңғы уақытта медицина саласына қызығушы түлектер саны артқан. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты жоғары медицина колледжі – Қазақстандағы орта медициналық білімі бар кадрларды даярлау және қайта даярлау бойынша көне оқу орындардың бірі болып табылады. 2022-2023 оқу жылында 592 білім алушы мемлекеттік тапсырыс негізінде колледжге қабылданды. Бұл көрсеткіш 2021-2022 оқу жылымен салыстырғанда 424 білім алушыға артты. Оның 45 %-ы мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алушыларды құрайды. Аталған білім ордасында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алатын студенттердің жан басына мемлекет есебінен киім-кешекке жылына 199 700 теңге, бітіруші түлектерге 288 800 теңге, тамақтануға күніне 1 500 теңге қаралған. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алатын 20 бала күнделікті ыстық тамақпен және ай сайынғы 30% үстемесі бар шәкіртақымен қамтамасыз етілген.