АШЫҚ КЕЗДЕСУ – ШЫНАЙЫ КЕРІ БАЙЛАНЫСТЫҢ АЛАҢЫ

Елімізде мемлекеттік басқарудың жаңа парадигмасына айналған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде жергілікті деңгейде де нақты жүзеге асып келеді. Бұл ұстанымның мәні — халықпен ашық сөйлесу, азаматтардың сұраныстары мен ұсыныстарына назар аудару арқылы тиімді шешім қабылдау. Шымкент қаласы, Абай ауданы әкімдігінің қолға алып отырған жүйелі жұмыстары – осы тұжырымдаманың айқын көрінісі.
Солардың бірі — Абай ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Ғаниұлының “AMANAT” партиясымен бірлесіп, Тәуелсіздікке – 20 жыл тұрғын алабында өткізген кездесуі. Аталған іс-шара аясында табиғи газбен қамту жұмыстарының барысы зерделеніп, тұрғындармен ашық сұхбат жүргізілді. Тәуелсіздікке – 20 жыл тұрғын алабы – қала шетінде орналасқан, даму үстіндегі аумақтардың бірі. Мұнда инженерлік инфрақұрылым жүйесін жүргізу кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Соның ішінде табиғи газ жүйесіне қосылу – тұрғындар үшін күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызды мәселе. Жылу маусымында көмір мен отынға тәуелділік, шығынның көптігі, экологиялық ахуал секілді мәселелер жергілікті жұртшылықты алаңдатуда. Мейіржан Ғаниұлы бастаған делегация табиғи газ тарту жұмыстарының нақты барысын тексеріп, құрылыс сапасы мен мерзімдік жоспарларға назар аударды. Жоба бойынша мердігер мекеменің жұмысы мен жауапты сала басшыларынан түсініктемелер алынды. Іс-шараның маңызды бөлігі — жергілікті тұрғындармен өткізілген кездесу болды. Кездесу барысында тұрғындар өз пікірлерін ашық айтып, бірқатар өзекті ұсыныстарын ортаға салды. Газ жүйесіне қосылудың техникалық шарттары, құжат рәсімдеу барысындағы қиындықтар, қосымша шығындар мен көмекке мұқтаж жандар үшін қолдау қажеттігі сияқты мәселелер көтерілді. Мейіржан Ғаниұлы әрбір сұрақты мұқият тыңдап, мәселелер назардан тыс қалмайтынын, ал туындаған түйткілдер бойынша нақты шаралар қабылданатынын айтты. Бұл — мемлекеттік органдардың халыққа жақын екенін, олардың өтініш-тілектерімен санасуға дайын екенін көрсетеді.
Кездесу жұмыстары «AMANAT» партиясының жергілікті филиалымен бірлесіп ұйымдастырылды. Партия өкілдерінің қатысуы – халықтың үні тек әкімдік емес, саяси ұйымдар деңгейінде де естіліп жатқанын білдіреді. Бұл – мемлекеттік және қоғамдық институттардың бірлесе әрекет етуінің нәтижелі үлгісі. «AMANAT» партиясы азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге тікелей атсалысуды көздейтінін, осындай кездесулер арқылы халықтың нақты сұранысы мен проблемаларын ескеруге мүмкіндік туатынын атап өтті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы тек теория жүзінде емес, нақты тәжірибеде іске асып жатқанын осы секілді кездесулер дәлелдейді. Абай ауданы әкімінің орынбасары мен жауапты сала мамандарының тұрғындармен тікелей кездесіп, проблемаларды орнында тыңдауы мен жедел жауап беруі – мемлекеттік қызметтің жаңа сапа деңгейіне шыққанын аңғартады. Тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жеңілдету, инфрақұрылыммен қамтуды кеңейту және халықпен ашық байланыс орнату – бүгінгі мемлекеттік басқарудың басты міндеті. Тәуелсіздікке – 20 жыл тұрғын алабында өткен кездесу – осы мақсаттарға бағытталған маңызды іс-шара болды. Мұндай шаралар тұрғындар мен билік арасындағы сенімді арттырып, мәселелерді бірлесе шешуге жол ашады. Ал бұл өз кезегінде тұрақты, әділетті және тиімді басқару жүйесінің қалыптасуына негіз қалайды.