СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ЭКОНОМИКАСЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысының ең байырғы аудандарының бірі саналатын Созақ өңірі – табиғи ресурстары мол, стратегиялық маңызды аймақ. Алайда оның экономикасы ұзақ жылдар бойы уран өндірісіне тәуелді болып келді. Қазіргі экономикалық жағдай мен заманауи даму талаптары бұл даму тәсілін қайта қарауды қажет етуде. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың Созақ ауданына жасаған жұмыс сапары – тек бақылау іссапары емес, ауданның даму векторын қайта қалыптастыруға арналған стратегиялық кездесу болды.
Аудан активімен өткен мәжілісте облыс басшысы экономиканы әртараптандыру міндетін бірінші орынға қойды. Өз сөзінде «Ауданның экономикасы уран өндірісіне тікелей тәуелді. Бұл – тәуекел. Сондықтан аграрлық салаға инвестиция тарту, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту – міндет. Әр ауылдық округ бойынша нақты жобалар, нақты мерзімдер көрсетілген Жол картасы әзірленуі тиіс» деді Нұралхан Көшеров. Аталған тапсырмадан бірнеше маңызды месседж анық көрінеді. Тек ресурстық модельмен өмір сүру мүмкін емес. Уран саласы – шектеулі әрі сыртқы нарыққа тәуелді. Демек, ішкі нарық пен халыққа тікелей әсер ететін секторлар, әсіресе ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу салалары дамуы қажет. Ауыл әкімдері – нақты орындаушылар. Жол картасын ауыл әкімдері салалық басқармалармен бірге жасайды. Бұл әкімшілік вертикальдің тиімді жұмыс істеуі үшін маңызды. Жауапсыздық үшін жауапкершілік болады. Тапсырма орындалмаған жағдайда, әкімдердің тәртіптік жауапкершілігі қаралады. Бұл – жаңаша басқару мен қатаң бақылаудың белгісі.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтың есебі бойынша, ауданда соңғы 5 айда 15 млрд теңгеден астам салық түсімі жиналып, жоспар 3,4 млрд теңгеге артығымен орындалды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 380,7 млрд теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 130,3% өскен. Ауданға 81,5 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 156,4% болған. Бұл – сырт көзге айтарлықтай оң динамика. Алайда облыс басшысы бұл өсімнің негізі уран өнеркәсібімен байланысты екенін, яғни көрсеткіштердің құрылымдық тұрақтылығы әлсіз екенін ескертіп отыр.
Бұдан бөлек, ауданның инфрақұрылымдық және экологиялық жаңғыруына бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 27 500 түп ағаш отырғызылып, «Шолаққорған-су» МКК мен «Созақ сәулет» МКК-ға 27 техника сатып алынған. Аудан орталығы 5 секторға бөлініп, 144 көше нақты бақылауға алынған. Бұл шаралар экология, көгалдандыру және коммуналдық қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Облыс әкімі мұндай жұмыстар жүйелі әрі тұрақты болуы керек екенін атап өтті. Созақ географиялық тұрғыда қуаңшылық белдеуіне жатады. Осы орайда сексеуіл егу жұмыстары – тек көріктендіру емес, экологиялық және экономикалық қауіпсіздік мәселесі. Облыс әкімі «Созақ орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемесінің» сексеуіл алқабына арнайы барып, 2021 жылдан бастап отырғызылған 29,4 млн түп сексеуілдің жай-күйімен танысты. Бұл – 24700 гектар аумақты қамтыған, үлкен көлемдегі көгалдандыру жұмысы. Сексеуіл – жерді жел эрозиясынан қорғайды, топырақты ұстап қалады, экожүйе тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді.
Мәжілісте облыс әкімінің аппараты мен басқарма басшылары өз салалары бойынша инвестиция тарту мәселесі, ауыл әкімдерінің жұмыс сапасы, әлеуметтік саладағы олқылықтар, тұрғындармен байланыс деңгейі, құрылыс, сумен қамту, көлік инфрақұрылымы бойынша нақты мәліметтер беріп, тиісті тапсырмалар хаттамаға енгізілді. Облыс әкімі мемлекеттік тапсырмаларды орындауға салғырт қараған әкімдердің жеке жауапкершілігі қаралатынын тағы бір мәрте ескертті. Созақ ауданына жасалған бұл сапар – Түркістан облысының жаңа даму стратегиясындағы маңызды бетбұрыс. Экономикасы тек табиғи ресурстарға тәуелді аудан үшін диверсификация, жауапты басқару, инвестиция тарту, экожүйе қалыптастыру, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру – басты басымдық болып отыр. Облыс басшысының нақты мерзім, нақты тапсырма, жауапты тұлғалар арқылы жүргізіп отырған жұмысы жаңа басқару моделінің айқын көрінісі. Бұл тәсіл тек Созақ емес, жалпы Түркістан облысы үшін жүйелі даму форматына айналып келеді. Алда – нақты нәтиже, айқын бақылау, шынайы жауапкершілік кезеңі. Созақтың болашағы осы бүгінгі тапсырмалар мен шешімдердің қалай орындалуына тікелей байланысты болмақ.