ҚЫЗЫЛЖАР ШАҒЫНАУДАНЫНДАҒЫ АҒЫН СУ ЖҮЙЕСІ РЕТКЕ КЕЛТІРІЛДІ

36
0

Қазақстанда азаматтардың ұсыныс-тілектеріне жедел әрі нақты жауап беру — мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың басым бағыттарының біріне айналды. Бұл бағытта ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы нақты әрекеттер арқылы жүзеге асуда. Соның жарқын мысалдарының бірі — Шымкент қаласындағы Қызылжар шағынауданы, Шұбартау тұйығы көшесінде орын алды.

Қызылжар шағынауданы тұрғындары «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгініп, Шұбартау тұйығы көшесінің бойындағы ағын су жүйесі каналының тазаланбауына қатысты шағым түсірді. Тұрғындардың айтуынша, канал ішіндегі қоқыс, шөп пен тұнба судың табиғи ағысына кедергі келтіріп, санитарлық жағдайды нашарлатқан. Бұл әсіресе жауын-шашын маусымында лай мен сасық иістің пайда болуына, тіпті кей жағдайда су басу қаупіне алып келетін. Тұрғындардың өтінішін назарға алған «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы бұл мәселе бойынша Абай ауданы әкімдігіне хабар берілетінін айтып, мәселені бақылауға алды. Нәтижесінде, аудан әкімі аппаратының мамандары қысқа мерзім ішінде тиісті жұмыстарды ұйымдастырып, Шұбартау тұйығы көшесі бойындағы ағын су каналына тазалық жұмыстарын жүргізді. Канал ішіндегі қоқыс, жиналған қалдықтар арнадан шығарылып, табиғи ағыс қалпына келтірілді. Бұл жағдай — билік пен партияның бірлесе әрекет етуінің нақты нәтижесі. Тұрғындар шағымын естіп қана қоймай, оны жедел орындауға бағытталған жүйелі жұмыс — халық сенімінің негізі. Мұндай тәжірибе басқа шағынаудандар үшін де үлгі боларлық бастама. Сонымен қатар, бұл оқиға партиялық қоғамдық қабылдау бөлмелерінің халықпен байланыстың нақты арнасына айналғанын көрсетеді. Мұнда тек әлеуметтік немесе инфрақұрылым мәселелері ғана емес, экологиялық сипаттағы сұрақтар да өз шешімін тауып отыр.

Ағын су арналары – қалалық инфрақұрылымның маңызды бөлігі. Оның тазалығы мен жұмыс істеу қабілеті – тек санитарлық талап емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне де тікелей әсер ететін фактор. Егер мұндай жүйелер дер кезінде тазаланбаса, су тасқыны, саз-батпақ, түрлі жұқпалы аурулардың таралуы сияқты мәселелер туындауы мүмкін. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстардың дер кезінде қолға алынуы — әкімдік пен партияның жауапкершілікті сезініп, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын білдіреді. Қызылжар шағынауданындағы жағдай — тұрғындардың дауысы ескеріліп, нақты әрекетке ұласқанын көрсетеді. Партия мен әкімдік арасындағы өзара іс-қимыл, халықтың ұсынысына шынайы көңіл бөлу — «еститін Үкімет» қағидатының нақты іске асқан мысалы. Осындай нақты жұмыстардың арқасында халық билікке сенеді, ал билік өз жауапкершілігін терең сезінеді. Бұл – елдің тұрақты дамуына, әділетті қоғамның қалыптасуына алып келетін бірден-бір жол.